Тұңғыш рет Қазақстанның мәдени астанасы – Көкшетау қаласында қазақтың халық шығармашылығын, ән өнерін, көрнекті жерлестеріміз Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Біржан салдың шығармашылығын дәріптеу мақсатында арнайы жоба – «Аталар аманаты» кантатасы әзірленді, деп хабарлайды Ақмола облысы мәдениет басқармасының баспасөз қызметі.
Бұл ғасырлар бойы тәуелсіздікті аңсап тәуелсіздікке ұмтылған бабалар бейнесін, ұлы дала ұрпағына халқымыздың ғасырлар бойғы дәстүрлерінің рухани байлығын суреттейтін музыкалық шығарма, теңдесі жоқ қайталанбас туынды. Сарыарқаның халық ән мәдениетін жаңғырту, сақтау, дамыту және кеңінен насихаттау – музыкалық жобаның басты мақсаты.
Музыкасы Қазақстан Республикасының Композиторлар Одағының мүшесі Арман Жайымовтікі, ал либретто Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, жазушы, әдебиет пен өнер зерттеушісі, жыршы, еліміздегі жалғыз манасшы, белгілі жерлес ақын Баянғали Әлімжанұлынікі, қоюшы режиссері Фархадбек Қанафин, көркемдік жетекшісі және бас дирижері Жанат Рашит.
Орындайтын К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі, «Гәкку» би ансамблі және солистер.