Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
ЕҢБЕГІ  МОЛДЫҢ  ӨНБЕГІ  МОЛ - АРҚА АЖАРЫ

ЕҢБЕГІ  МОЛДЫҢ  ӨНБЕГІ  МОЛ

Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әмірді Ақмола, Көкше халқы, аралас болып жүрген мына біз тек өз ісінің майталманы, аса қабілетті ұйымдастырушы деп қана емес, адамгершілігі мол, ұлтымызға, тілімізге  деген сүйіспеншілігі сөз жүзінен гөрі іс жүзінде ерекше, сегіз қырлы, руханилығы мен ішкі мәдениеті өте жоғары азамат деп білеміз. Ішкі мәдениет дегендегі бір қырын айтар болсақ, бұл оның өзін ресми қызметінде болсын, жеке басының шаруаларында болсын белгілі бір тәртіпке бағындыра білуінде.

Досекең жұмыс бабымен республиканың төрт бұрышында да қызмет істеген адам. Және қай жерде болмасын, сол қызметтің қай дәрежесін атқармасын өзінің өмірлік принциптеріне, ұстанған қағидаттарына өте берік болып келеді. Өзіміз де қаламмен дос болған қазақтың бірі болғандықтан, ол кісінің аталмыш ұстанымдарының өтемаңызды бір бағытын атап өткен абзал дер едік: бұқаралық ақпарат құралдарын кеңінен пайдалану арқылы биліктің үш тармағының бірі – сот жүйесінің қыры мен сырын, тетіктерін бүге-шігесіне дейін насихаттау және тех насихаттап, көрсетіп қана қоймай, халықтың осынау күрделі саладағы сауаттылығын барынша ұштау, әділеттілік принциптеріне деген сенімін арттыра беру.Былтыр ғана тәуелсіздігіміздің мерейлі межесін атап өттік, міне, сол отыз жылдың бәрінде Досекең тікелей қызметін атқара жүріп, қолынан қаламын да тастамаған екен.Әріптестерімен жинақтаған тәжірибесімен бөлісуге, қалың оқырманға оларды алаңдататын мәселелерді жілікше шағып түсіндіруге, өз саласының жақсы-жайсаңдарының абзал бейнелерін ашып көрсетуге бейім болыпты. Ол кісінің материалдары жарық көрген газет-журналдардың ұзын-ырға тізімінің өзі бүкіл республика географиясын көз алдыңа келтіреді. Шынында да, еңбек – ширатады, өмір – үйретеді ғой.

Жаңағы БАҚ түрлерінің ішінде теміртаулық «Вечерняя газетадан» бастап, қызылжарлық «Солтүстік Қазақстан» және «Северный Казахстан» газеттері, «Заң газеті» және «Юридическая газета», «Маңғыстау» және «Огни Мангистау», «Әділ сот» журналы, «Дидар» және «Қазақ үні» газеттері, «Ақиқат арнасы» және Ақмола облысында шығатын барлық ресми һәм бейресми газеттер бар. Бұлардың арасында, әрине, еліміздің бас газеті, мемлекеттің ресми үні «Егемен Қазақстанды» айту керек. Өйткені бұл басылымның республикадағы таралымы ең жоғары екендігі өз алдына, онда жарық көретін әр мақаланың, кез келген материалдың ашатын тақырыбы да, көтерер жүгі де айрықша, оқырмандарға, барша халыққа бағыт-бағдар беретін сипаты бар, сондықтан да, оған екінің бірінің жазғаны басыла бермейді. Яғни, бұл жерде Бауыржан Момышұлы айтқандай, «Билік айту үшін біліп айту керек».

2012 жылдың 10 шілдесінде Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Досжан Сарманқұлұлы «ЕҚ»-ға сұхбат берген-ді. Әңгіменің төркіні Мемлекет басшысыныңсол жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында сот жұмысын одан әрі жетілдіруғе, яғни, соған орай, сот және құқық қорғау жүйелерін жаңғырту міндетін алға қоюында болатын. Енді судьялар сот төрелігін тек заң мен ар-ожданды басшылыққа ала отырып шығаруға тиіс делінген еді аталмыш құжатта. Досекең бұл ойды тарқата отырып, анық та нақты пікірімен бөліскен.

«Сот жүйесінің жаңа жаңғырту кезінде алға қойған мақсаты – халықты Жоғарғы Сотқа баруға әурелемей, жергілікті жерде даудың шешілуіне ықпал ету,– деп жазды Д.Әміров. – Соған орай, сот жүйесі апелляциялық және кассациялық өндірістің жаңа ережелеріне сәйкес жаңартылған процессуалдық заң бойынша жұмыс режіміне көшкен жағдайда, біріншіден, істерді қайтадан қарауға қайтару қажеттігі болмайды. Екіншіден, апелляциялық саты сот актілерін жариялаған сәттен бастап заңды күшіне енеді. Ең бастысы, азаматтардың құқықтары мен мүдделерінің қорғалуына толық мүмкіндіктер туғызады. Сондай-ақ, облыстық соттардың іс қарау әлеуеті толық пайдаланылады.Мына соңғы өзгерістер үшінші билік тармағы саласының ұтымды жұмыс істеуіне мол мүмкіндік туғызады. Себебі, барлық мәселе облыс көлемінде өзінің шешімін табуы тиіс. Ең бастысы, азаматтар өзінің құқығын толық пайдаланып, сот жұмысындағы қолжетімдікке мүмкіндік алады және ашықтыққа көздері жетеді. Соттарға сенім артады. Жаңа жаңғыртудың басты мақсаты да осы». Міне, автор тайға таңба басқандай қарапайым тілмен мәселенің басын ашып отыр. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады, олардың қайсы болмасын, сот жүйесіндегі түйткілді дүниелерді бұқара үшін бүге-шігесіне дейін ашып, қазақша айтқанда, «соқырға таяқ ұстатқандай» қылады.

Жоғарыдағы өзекті ойларды Досекең ҚР судьяларының VII съезінде жасаған баяндамасында да тереңдете түсті (сол кезде ол Шығыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы болатын). Сот жүйесінің ашықтығын, қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында іске қосылған «Сот кабинеті» электрондық сервисі іс жүргізуді анағұрлым жеңілдетті, деді ол. Кез келген азамат қажетті жағдайда ғаламтор желісі арқылы сотқа арыздар мен шағымдар беріп, сот құжаттарымен танысып, істің қаралу барысын біле алады. Ең бастысы,«Сот кабинетін» қолдану азаматтардың уақыты мен қаржысын үнемдеуге зор ықпал етіп отыр. Міне, өзі қызмет ететін саланы оған шынайы жанашырлық таныта отырып, барынша жетілдіру – Д.Әмірдің өмірлік кредосы десек, артық айтқандық емес.

«Кестешінің бізі – алтын, көрегеннің көзі – алтын, кемеңгердің сөзі – алтын», деуші еді қазақтың бір мәтелінде. Досжан Сарманқұлұлының тағылымды өмір жолына зер сала отырып, жасаған жұмысының һәм айтқан сөздерінің мәнділігі мен нәрлілігін пайымдай отырып, жаңағы тәмсілдің шындығына таң қаласың, кемеңгерліктің бір қырына көзің жетіп, тәнті боласың. Қазіргі жас заңгерлерге, осы саладағыізбасарларына мұның бәрі шынайы мектеп, оқулыққа бергісіз таптырмас құрал екенін бағамдайсың.

Облысымызда істеген төрт-бес жылдың ішінде біз Досекеңнің ана тілінің нағыз күрескері екендігіне ылғи куә болып жүрміз. Бұл туралы біздің баспасөзде де, жиналыс-отырыстарда да аз айтылып жүрген жоқ және өте реті бар. Бұған дейін талай саланың талай басшыларымен қызметтес болған едік, бірақ олар ренжімесін, дәл осы кісідей мемлекеттік тілді дамытуға, әсіресе, әбден консерваторлық сипаттағы сот жүйесінде аталмыш мәселені ешқашан күн тәртібінен түсірмеуге, табандылықпен, еш шегінбестен ілгерілетуге әрекет еткен азамат болмады деп батыл айта аламыз. Және бұл тек біздің облыстағы ахуалға ғана тән емес, Досекең қай өңірде болмасын, жоғарыда айтқанымыздай, осынау принциптік мәселеден бір мысқал ауытқыған емес. Сол үшін де халық, қандастарымыз оны өте қатты сыйлайды, үлгі тұтады, істерін насихаттауға тырысады. Өткірлігімен, нақты әрекетке шақыруымен, оның жолдарын көрсетуімен қалың оқырманның сүйіспеншілігіне бөленген мына мақалаларды бөле-жара айтудың реті бар сияқты: «Ресми тіл» деген тіл жоқ» («Заң»  газеті, 13 қазан 2010 жыл), «Ана тілі – бәріміздің анамыз, өйткені ол – ұлтымыздың анасы» («Заң» газеті,  9 қараша 2011 жыл), «Біздің елде мемлекеттік тілді білмейтіндердің емес, білетіндердің құқығы көп бұзылады» («Дидар», 2015 жыл), «Мемлекетік тіл ең әуелі сот жүйесінде қолданылуы керек» («Арқа ажары», 25 қараша 2017 жыл), «Мемлекеттік тілге немқұрайлы қараған елдің ертеңі бұлыңғыр» («Тіл» журналы, маусым  2019 жыл), «Тіл тәуелсіз болмай, шын тәуелсіз болмаймыз» («Егемен Қазақстан», 6 қараша 2020 жыл), «Ата заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі» («Ақиқат арнасы», 16 қараша2021 жыл). Бұл тізімді сағаттап жалғастыруға болады десем, артық айтқандық емес. Сонымен қатар, Досжан Сарманқұлұлының орыс тілінде жазғандарының өзі бір төбе. Және олар да өзекті мәселелерді мейлінше қаузайды, біздің орыс тілді ағайындарға тіл саясатының, сот жүйесінің қыры мен сырын ашып береді.Кейбіреуін ғана көрсетейік: «Суд присяжных: как это будет?» («Северный  Казахстан» газеті,  22  декабря  2006 года),«Услышать и понять друг друга» («Юридическая газета, 25 июня 2004 года), «Работает закон о суде присяжных» («Юридическая газета», 2 марта 2007 года), деп кете береді.

Тақырыптардың өзіне ғана назар аударсаңыз, көп нәрсенің астары айқындаларын байқайсыз. Ал, бұл дүниелерде айтылған асыл ойлар, салиқалы пайымдар, батыл тұжырымдар адамның жан дүниесін баурап алады, ұлттық рухты жани түседі, нақты іс-әрекетке жетелейді. Өйткені, Досекең ұдайы заманның тамыр бүлкілін тап басып, оқырманның дүниетанымын кеңейтетін әңгімеге барады, бұған оның алпыс жылдық ғұмырда түйгені де, бай өмірлік тәжірибесі де зор мүмкіндік береді. Қазақтың «Көп сөйлеген білімді емес, дөп сөйлеген білімді» дегені тұнып тұрған философия екен-ау.

Біздің республикалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, үлкен ғалым, профессор Өмірзақ Озғанбаевтың былай дегені бар-ды: «Досжан Сарманқұлұлы тек қана заң саласының маманы емес, қазақы тәрбиенің қайнарынан қуат алып, ұлтымыздың мәдениетін, тілін, ғұрпын дамытуға ерекше назар аударып жүрген атпал тұлғаның бірегейі… Жан тереңдігі мен ақыл-ой кемелдігі жігерін жанып, еңбегінен ләззат алып, парасаттылығымен ортаның шамшырағы болып жүрген Досжан осындай жан».

Әрине, айтса айтқандай. Сөз басында оның сот жүйесінің кәсіби шаруасын кеңінен насихаттап жүргеніне, озық та батыл пікірлерімен бөлісуге, сонымен қатар,өз саласының жақсы-жайсаңдарының абзал бейнелерін ашып көрсетуге тырысатынын жаздық. Мысалы, «Заң газетінде» 2015 жылдың10 шілдесіндешыққан «Ата Заң негізін қалаған даналар»,  «Егемен Қазақстанда» жарық көрген «Қазақ хандығының даналары» (13 тамыз 2015 жыл) мақалаларында арғы-бергі замандарда өмір сүрген билер мен бітімгерлердің қазақ қоғамы тарихында алған орны мен рөлі, далалықдемократияның айрықша қырлары жан-жақты баяндалады, осынау ұлы дәстүрдің бүгінге дейін жалғасын тауып келе жатқандығына назар аударылады.

Бұл орайда Досекеңнің әсіресе соңғы кезде жазған бір еңбегін атап өткен абзал. Үстіміздегі жылдың 9 ақпанында «Ақиқат арнасы» газетінде ол кісінің «Заңғар заңгер Зимановтың ғасырлық көш-ғұмыры» деген үлкен толғау материалы жарық көрді. Мақалада туғанына бір ғасыр болған ғұлама оқымыстының, Қазақстандағы заң ғылымының негізін қалаған абзал ағамыздың өмірдегі, ғылымдағы жолына экскурс жасалып, оның бүгінгі ұрпаққа үлгі боларлық қырларының маңыздылығы жөнінде терең тұжырымдарайтылған.

Автор мақаланың бір тұсында «С.З.Зимановтың тарих алдындағы үлкен еңбегі ретіндеоның ғылыми жетекшілігімен шыққан он томдық «Қазақтың ата заңдары» еңбегін атайтын болсақ, бұл жинақ ғасырлар бойы шаң басқан тарихты тірілтіп, оны шындық сатысына көтерген, көшпелі өркениет дәуіріндегі қазақтың құқықтық жүйесінің адамзат тарихындағы қайталанбас бет-бейнесі бар сүбелі мұра екенін паш еткен…Осы еңбек қазақтың ата заңдары адамның табиғи құқықтары мен еркіндігі негізінде жасалғандығын, олардың тұла бойы адами құндылықтарға тұнып тұрған өнеге екенін көрсетеді. Бұл да бір өткендегі империялық астамшыл пиғылға тойтарыс берген батыл тұжырым болды»,– десе, сөзін қорытындылай келе былай дейді: «Ол күнделіктеріне қазақтың ұлағатты, есті сөздерін, оқыс ойларды тіркеп отырған. Халық көп қолдана бермейтін, архаизмге, көнерген сөздерге айналып бара жатқан ескілікті сөздерді тіркеп отырған. Бір тұсында «көлеңкесіне көже пісірушілер», «лебізімен көл сапырушылар» деген сөз тіркестерін жазып қойған екен. Шынымен, қазір екінің бірі ұға бермейтін мағыналы тіркестер. Болмай жатып болып, толмай жатып толып жүрген жандарға бағытталып айтылғаны түсінікті. Осында да бір сыр жатқандай. Бұл болашақ ұлы заңгер академиктің өзіне-өзі сын көзбен қарап келгенін аңғартса керек. Жақсыға үйір болып, жаман әдеттерден ерте аулақ болғандай. Әрі оның халқына деген махаббатының, оның ана тіліне деген шексіз сүйіспеншілігінің куәсіндей. Қалайда, ол өз ұлтының қандай қырына да жайбарақат қарай алмаған, ғұмыр бойы оқып-ізденуден талмаған. Демек, Салық Зиманұлының ғұмыры – ұлтын, тілі мен ділін, салт-дәстүрін, тарихын сүюдің жарқын үлгісі». Тамаша айтылған, ғибратты сөз.

Мұндай нәрлі тіркестер, жарқ еткен найзағай пайымдар тек бұл мақалада ғана емес, оның қаламынан туындаған дүниелерде көптеп кездеседі. Сонысымен де Досекеңнің жазғандарыоқырмандар үшін, әсіресе, жастар үшін өте құнды дүние дер едік. Өйткені, олар үлкен өмірлік тәжірибенің жемісі, санадағы білім мен жүректегі жігердің көрінісі, ұлттық рухқа деген асқан сүйіспеншіліктің нәтижесі. «Төбеге шықсаң, көзің ашылады, тәлімдімен сөйлессең, көңілің ашылады», – деген екен қазақ атам. Ендеше, құрметті оқырман, Досжан Әмірдің ғибратты ғұмырынан тәлім ала отырып, оның өзіндік шығармашылығынансусындай отырып, Алаштың асыл әлеміне көңіліңіз ашылсын дегіміз келеді.

Ғосман ТӨЛЕҒҰЛ,

Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы,

жазушы-аудармашы, Ш.Уәлиханов атындағы

Көкшетау университетінің құрметті профессоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар