Киелі Көкшенің қайраткер Серігі

Бал күлкілі балалық шақ кір жуып, кіндік кескен Біржан елінде өткен. Алты жасқа толғанда қан майданда ерлікпен шайқасқан, кейінгі жылдары шахтада жан аямай еңбек еткен, соңында жол жөндеу шебері болып тынымсыз тіршілік кешкен қайран да қайран әке өмірден озды. Әлі оңы мен солын танымаған бала асқар тауының құлағанын ет жүрегімен сезінсе де, мынау жарық әлемде әкесіз күн кешудің ауыртпалығын түйсіне бермеген. Жалғыздық көрген жоқ, жетімдіктің ащы дәмін татқан жоқ. Абзал анасы Бәтен мен Зейніш, Күлжиян тәрізді апалары қамқорлығына алды. Табиғатынан зерек, жаратылысынан ыждаһатты, білім алуға деген талабы мен талпынысы зор Серік Аяғанов Степняк қаласындағы Абай атындағы қазақ орта мектебін үздік бітірді. Қарағанды медицина институтында білім  алды.

Жоғары оқу орнында білім нәрімен сусындады. Институттан кейін жолдамамен бұрынғы Көкшетау облысына қарасты Ленин ауданында еңбек жолын бастады. Жай ғана еңбек емес, тынымсыз еңбек. Күнді түнге, түнді күнге ұластырып, көз шырымын алмай, бел шешпей еткен еңбегі зая кеткен жоқ. Абыройлы еңбегі асқаралы биікке көтере берді. Ат тұяғы жететін жерге атағы жетті. Қолы жеңіл хирург ретінде. Емі зая кетпейтін дәрігер санатында. Бес жылдан соң жігер оты жайнаған, біліміне білігі сай, ет жүрегі елім деп соққан Серік Әкпенұлы бас дәрігер болып тағайындалды. Жүк бұрынғыдан да ауырлай түсті. Қияпат жұмыстан қажыған кезде ел алғысы қос қанатынан періштедей демеп, демеп, қисапсыз күш құятын. Тындырымды іс тұла бойға тың ұмтылыс сыйлайтындай. Осы өлкенің еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне дейін жаны жайсаң дәрігерді «біздің Серік» деп атайтын. Өзімсінген түрі, бауырларына тартқан ақ адал ниеті. Мақтаныш тұтқан, құрмет биігіне көтерген жан лүпілі, ізгі жүректің ізетті соғысы.

1987 жылы облыстық денсаулық сақтау басқармасына қызметке орналасты. Тынымсыз жұмыс еді. Өз міндетіне қоса шалғайдағы аудандарды аралайтын, ондағы әріптестеріне көмек көрсететін. 1992 жылы облыстық аурухананың бас дәрігері болып тағайындалды. Тасқайрақтай мықты, берік болмысын сынағысы келгендей тағдырдың тоғыстыруын қараңызшы. Ел ішін жоқшылық жайлаған уақыт. Басқасын былай қойғанда, дәрі-дәрмек жетімсіз. Дәрігерлердің жарытымсыз жалақысы айлап қолдарына тимейді. Міне, осы өтпелі кезеңнің өкпек желіне жалауын жығып алмай, аурухананы сақтап қалу керек болды. Төрт қабырға тұрар-ау, қадірі асқан кадрды қайтпек?! Әрі сол тұста шекарадағы темір тор ыдырап, кейбір білікті дәрігерлер тарихи Отандарына қоныс аудара бастаған, енді бірі отбасын асырайтын нәпақа іздеудің қамына көшкен. Сол сәтте айрықша күш жұмсап, бойындағы бар қажыр-қайратын сарқа сіңіріп еңбек етуге тура келді. Әупірімдеп жүріп  бұрыннан қалыптасқан берік дәстүрі бар ұжымды сақтап қалды. Шын мәнінде бұл үлкен жеңіс еді. Бүгінгі күні Көкшетаудың көнекөз қариялары Серік Әкпенұлының осы бір жампоздығын, жан самалын ерлікке балап айтатыны бар. Ақиқатпен астасқан, шындықпен көмкерілген дүние. Оған қоса, өз көзіміз көрген дүниені сәл ғана сыналап айта кетсек, сынық  сүйем артықтығы болмас. Ол тұста Солтүстік Қазақстан облыстық теледидарында қызмет етіп жүрген кезімізде қаны шығып тұрған мәселе туралы Серік Әкпенұлының қатысуымен хабар да жасағанбыз. Мәні мынада еді. Облыс жабылған соң Көкшетау қаласындағы облыстық деңгейдегі мекемелердің материалдық-техникалық базасы Петропавлға көшіріле бастаған. Облыстық ауруханадағы сол дәуірдегі бас дәрігердің өлшеусіз қажыр-қайратының арқасында алынған компьютерлік-томографиялық қондырғы солтүстік өңірде жоқ дүние еді. Жақсы жаңалықтың халықтың денсаулығына тигізіп тұрған пайдасы ұшан- теңіз. Күндердің бір күнінде осы қондырғы Петропавлға көшіріледі екен деген әңгіме де қаулап кетті. Сол сәтте бас дәрігер Серік Аяғанов өңірдегі аурулардың көптігін, олардың бәрі бірдей Қызылжарға барып қарала алмайтынын айтып әрі қондырғы көшірілуге жатпайды деген құжат алып, көздің қарашығындай қорғап, сақтап қалды. Жалғыз қондырғы ғана емес, өзге де ауруханадағы жаңа заманның талабына сай құрал-жабдықтар талан-таражға түспей, аман қалды.

1992-2005 жылдар аралығында облыстық аурухананың бас дәрігері болып абыройлы қызмет еткен шағында мекеменің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, жаңа заманның жедел қадамына ілесуге, кадр тәрбиелеуге, олардың білімін жетілдіруге айрықша көңіл бөлді. Бас дәрігердің бастамасымен хирургиялық жолмен бауырды емдеуде лапароскопиялық әдіс енгізіліп, бір ауысымда 150 адамға дейін қабылдау мүмкіндігі бар консультативтік-диагностикалық емхананы, көз микрохирургиясы және жүрек орталығын салғызды. Оған қоса, гемодиализ, инсульт бөлімшелері ашылды. Қияпат еңбекпен қатар, ғылыммен шұғылдану да үзбей жүргізілді. Соның барлығына уақыты, қажыр-қайраты қалай жетті десеңізші?! Тақырыбын түбегейлі зерттеп, докторлық диссертация қорғады, отызға жуық ғылыми еңбек жазды. Бір адамға аз жүк емес қой. Уақытпен санаспай істеген еңбегі денсаулық саласын жақсартуға арналды. 2005 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып сайланғаннан кейін Көкшетау, Степногорск қалаларымен бірге әлденеше елді мекендерді ауыз сумен жабдықтауға көп көңіл бөлді. Тағы бір басты еңбегі, медицинаға қатысты заң қабылдау. Сенат депутаттары арасында жалғыз дәрігер болғандықтан, бұл міндет Серік Әкпенұлына жүктелді. Зер салып, ой елегінен өткізсе, елімізде медицина саласын қамтитын 11 заңның кейбір баптары бір-біріне қарама-қайшы келеді екен. Ал, енді осының барлығын бір ізге түсіру қаншама азапты шаруа. Оның үстіне алыс-жақын шет елдердегі озық тәжірибені зерттеу керек. Көзге көрініп тұрған ілкімді тұстарын пайдаланған ләзім. Міне, сол уақыттан бері Серік Әкпенұлының білімі мен білігін сарқа жұмсаған заң кейбір өзгертулер мен толықтыруларға ұшырағанымен, әлі күнге дейін қолданылып келеді. Сол кезеңде кепілді медициналық көмек туралы бағдарлама қабылданғанымен, қаржы тапшы болатын. Он науқастың біреуі ғана мұндай көмекке қол жеткізе алар еді. Осы орайдағы кемшіліктерді жоюға аянбай ат салысты.

Шағын мақалада бар шаруаны толайым айтып шығу мүмкін емес. Әйтсе де, ең басты іске тоқталдық. Ел үшін еңбек еткен өз ерінің мерейі үстем болсын деп. Бәлкім бұл мақтау сөзге Серік Әкпенұлының өзі зәру де емес шығар. Біздің ниет желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақ аға буынның, оның ішінде ел дегенде ет жүрегі елжіреп еңбек ететін азаматтың абыройлы жолынан үлгі-өнеге алсын деген ниет те. Бүгінде Серік Әкпенұлы Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің медицина факультетінде жас ұрпаққа дәріс оқуда.

Сан жылғы өлшеусіз еңбек, қияпат қарекет зая кетпеген. Соның белгісіндей «Парасат», «Құрмет» ордендерімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл» тәрізді медальдармен марапатталған, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Серік Әкпенұлы Аяғанов Алашқа аты шыққан ұлт жанашыры Шәймерден Қосшығұлов тәрізді ел мүддесі, ұлт мұраты жолында талмай еңбек етіп келеді. Біз әншейінде адамның тегі, шыққан ортасы туралы көп айтамыз. Жалпы, сол көп сөздің ішінде масақ арасындағы бір дәндей шындық бар. Алпыс екі тамырды қуалап аққан қанмен ілкі дүниеден үзілмей келе жатқан қасиеттің даритындығы шындық шығар бәлкім. Олай болмаса, Кішкентайдан шыққан азамат осындай биікке көтерілер ме еді?!.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

БҰҰ-ның Бейбітшілік мінберінен сөз сөйлеген дәрігер

Мен Серік Әкпенұлын қызмет бабы бойынша 1984 жылдан білемін. Ол кісі сол тұста Көкшетау облысы Ленин аудандық ауруханасының бас дәрігері болатын. Ал, менің аудандық санэпидстанцияның бас дәрігері болып істеп жүрген кезім. Бір күні қыстың кешінде «келіп кетші» деп маған телефон соқты. Барсам, «Жаңауыл» совхозында бір малшыны жұмыс аты тістеп алыпты. Ол кісіде «құтырған мал емес пе?» деген күдік туып, осыны лабораториялық жолмен тексеруге тапсырма алдық. Сөйтсек, расында ол атты қарсақ тістеп, құтыру ауруы жұққан екен. Осылай тез арада шара қолданып, ат тістеген малшыны да, онымен қарым-қатынаста болған басқа он шақты адамды да аман алып қалдық. Тағы бірде Атбасар ауданындағы Ново-Мариновкада сегіз адамды электр тоғы соғып, Серік Әкпенұлы екеуіміз санитарлық авиациямен шұғыл Атбасар ауданына ұштық. Сол арада өміріне қауіп төнген адамдардың бәріне тиісті дәрігерлік көмек көрсетіліп, бір тобы Көкшетауға жеткізілді. Бұл арада менің айтайын дегенім, Секеңнің жоғары ұйымдастырушылық қабілеті, өз парызына асқан жауапкершілігі, жағдайды әріден ойлайтыны, салқынқандылы мен шұғыл шешім қабылдай алуы.

Серік ағамыздың сол Ленин ауданындағы жұмысының негізгі бағыты аудандық және ауылдық ауруханалар мен емханалардың материалдық-техникалық базасын нығайту болды. Горький ауылдық ауруханасына күрделі жөндеу жүргізілді, 5 совхозда физио-профилакторий ашылды, 5санитарлық автотранспорт, жылжымалы флюороқондырғы, фиброгастроскоп және тағы басқа медициналық жабдықтар алынды. Жоспарлы түрде күрделі операция жасай бастады.

1987 жылыоблыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен Көкшетау облысының бас хирургі болып тағайындалды. Бұл өте жауапты қызмет болатын.      Облыс хирургтарының білім деңгейін күн талабына сәйкес жетілдіру, аудандық ауруханаларды хирург мамандармен қамтамасыз ету, жаңа технологиялар енгізу, күрделі оталар жасау, санавиациямен тәулік бойы аудандарға барып көмек көрсету, тағы басқа міндеттер жүктелетін. Сол қызмет ойдағыдай атқарылды.

1992 жылы Көкшетау облыстық (1999 жылдан Ақмола облыстық) ауруханасына бас дәрігер қызметіне тағайындалғанында да 1 мыңға жуық медицина қызметкерлері бар, 600 төсек-орындық ең үлкен мекемеге басшы болу үлкен жауапкершілік жүктейтін. Сол тұста Кеңес үкіметі ыдырап, ұлты басқа мамандар өз елдеріне кетіп, әлеуметтік біраз проблемалар туындағаны белгілі. Сол уақыттың қиындығына қарамай, облыстық аурухана ұжымын және материалдық-техникалық базасын сақтап қалды.

1995 жылы ауруханада диагностикалық орталықтың құрылысы аяқталып, солтүстік аймақта алғашқы компьютерлік томография қондырғысы орнатылды.1997жылы Көкшетау облысы таратылып, Солтүстік Қазақстан облысына қосылды. Жаңа компьютерлік томография қондырғысын сол жаққа алып кетейін деп тұрғанда Көкшетау облыстық ауруханасынан сыртқа тот басқан шеге де берілмейді деген сөзді де айта алған, сөйтіп, қоғамдық пікірдің күшімен сол қымбат қондырғыны алып қалған даосы Серік ағамыз еді.

1996 жылы Мәскеуде хирургтардың конгресі өтіп, сол жиында Санкт-Петербург қаласының бас хирургі, клиника меңгерушісі, профессор Александр Евгеньевич Борисов Серік Әкпенұлына кандидаттық диссертация қорғауды ұсынып, тақырыбын айтады. Секең құп алып, үш жыл ішінде 500науқастың ауру тарихын зерттеп, 1999 жылы сол қалада кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғап шығады. Кейін қажымай-талмай докторлықты қорғайды.

2005 жылы 18 тамыз күнгі сайлауда жеңіске жетіп, Сенат депутаты болып сайланды. Сенатта жүргенде елге танымал тұлғалар Әбіш Кекілбаев, Өмірбек Бәйгелді, Оралбай Әбдікәрімов, Мұхтар Алтынбаев, Светлана Жалмағанбетова, Талғатбек Абайдильдин және тағы басқа азаматтармен қызметтес болғанын да білеміз.

2008 жылы Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен Серік Әкпенұлы жоғары палатаға келіп түскен Денсаулық сақтау Кодексі жобасын қабылдау жұмысына басшылық жасап, бұл Кодекс қыруар жеке күш-жігерімен 2009 жылы қыркүйек айында ойдағыдай қабылданды. Бүгінде ол Кодекс денсаулық сақтау саласындағы басты заң ретінде осы саланың бүкіл жұмысын ретке келтіріп отыр.

Біздің Секең туралы тағы бір білетініміз, 2009 жылы Қазақстаннан бір топ делегация мүшелері Біріккен Ұлттар Ұйымының(БҰҰ) ВИЧ-СПИД індетіне байланысты жоғары деңгейлі кездесуіне барады. Кездесу денсаулық сақтау проблемасына арналғандықтан, Серік Әкпенұлы делегация басшысы болып тағайындалады. Міне, осы кездесуде ағамыз БҰҰ-ның бас мінбері, яғни, Бейбітшілік мінберінен баяндама жасап, ВИЧ-СПИД індетінің Қазақстандағы таралу деңгейі, осы орайда, Үкімет тарапынан қандай жұмыс жүргізіліп жатқанын, бұл ретте, нендей проблемалар барын жете баяндап берді. Бұлай БҰҰ-ның «Бейбітшілік мінберінен» сөз сөйлеу екінің бірінің пешенесіне жазылмаған зор  мәртебе екені белгілі ғой.

Сенат депутаттығынан кейін Серік Әкпенұлы Ақмола облыстық ауруханасына бас дәрігер болып қайта оралды. Ол кезде Парламент те қызмет тауып беріп, астанада қалуына да болушы еді. Бірақ, елге келіп, көп жұмыстар атқарды. Соның ішінде Каунастан келген кардиохирургтардың көмегімен балалардың жүрегіне ота жасала бастағаны үлкен бір жетістік еді. Жалпы, осы жылдар ішінде жаңа бөлімшелер мен жүрек орталығының ашылып, заман талабына сай медициналық қондырғылардың сатып алынуын айтпағанда, аурухана төңірегінде жергілікті бюджет қаражатынан медициналық қызметкерлерге 18 пәтерліекі үй салынып, дәрігер мамандардың тұрақтануына қолайлы жағдай жасалды.

Міне, азамат еңбегі, азамат мерейі деген осы болса керек. Сондықтан, алдағы уақытта да абзал ағамызға осындай қажыр-қайрат пен зор абырой тілейміз!

Қасымжан ТӘШМЕТОВ,

«AQNIET» кәсіподағы Ақмола филиалының төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, МИПО кафедрасының профессоры, Ұлттық медицина қауымдастығы Ақмола филиалының президенті.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар