Тамылжыған ән кеші

Коронавирустың салдарынан көптен бері Көкшеге жолы түспеген Қайрат Нұртастың концертіне халық көп жиналды. Сүйікті өнерпаздарын сағына қарсы алған Көкше қаласындағы өнерсүйер қауымның қуанышында шек болмады.

Қайрат Нұртас 1989 жылы 25 ақпанда Түркістан қаласында дүниеге келген. 1996 жылы алғаш рет Алматы қаласындағы М.Мақатаев атындағы №140 мектеп-гимназиясының табалдырығын аттаған. «Махаббат мұңы» әнімен 8 жасында тұңғыш рет көгілдір экранға шықты. 2007 жылы Қайрат бұл күнде елге белгілі «Тәтті сезім», «Еркетай қарындасым», «Жаралдың кім үшін», «Аллаға шүкір» әндерін тыңдарманға ұсынды. 2008 жылы 25 ақпанда Алматы қаласындағы Республика сарайында «Тәтті сезім» атты алғашқы шығармашылық ән кешін өткізді. 2009-2010 жылдары белгілі хит әндері мен бейнебаяндары жарық көрді.

Осы уақыт ішінде тек Қазақстанда ғана емес, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, тағы басқа елдерде аты мәлім болып, бірнеше шығармашылық кештерін өткізді. 2010 жылы «Ауырмайды жүрек», «Мейлі» әндері жазылды. 2011 жылы «Қазақстан» ұлттық арнасы ұйымдастырған «Екі жұлдыз» байқауына қатысты. Айта берсек, Қайрат Нұртас 14 жыл бойы сахнада ән салып жүр. 2013 жылы оның қатысуымен «Өкініш» фильмінің премьерасы болып өтті. Осы фильмде Қайрат тек әншілік қырынан ғана көрініп қоймай, актерлік шеберлігі де бар екенін байқатты.

2014 жылы «Муззон ЕМА-2014» сыйлығында «Жылдың үздік әншісі» атанды. Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында Қазақстанда бұрын-соңды болмаған 3Д шоу концертін берді. 2015 жылы қазақ ұлт-аспаптар оркестрімен жанды дауыста «Қызыл гүлім-ай» ән кешіне қатысты. Тұңғыш рет Астана қаласында өткен «МузТВ» арнасының арнайы «Гравитация» сыйлығында халықтың дауыс беруі нәтижесінде Қазақстанның үздік әншісі атанды.

Көкшедегі ән кешін әнші «Мен сені күттім-ай» әнімен бастады. Әрі қарай Ерке Есмахан шырқайтын «Аэропорт» әнімен жалғастырды. Өзімен бірге келген жас әнші Әлішер Қонысбаев та өз өнерін ортаға салды. Арнау бауыры екеуі бірігіп, «Анашым», «Достар» әндерін шырқады. Тамылжыған ән кешінде өнерсүйер қауым Қайраттың «Сүйемін сені» тәрізді әндерін өте жылы қабылдады. Попурри әндерден «Қызыл гүлім-ай», «Көктемді сағындым ғой» шырқалды. Әрине, көпшілік сүйіп тыңдайтын «Алматының түндері-ай» әні де шет қалмады. «Қайда, қайда?» әніне залдағы жастар жағы қосылып, бірге шырқады. Сонымен, ән кеші «Жүрегімді ұстап тұрып», «Жүрегімнен бір орын бер» әндерімен аяқталды. Жылдар бойы ән салып жүрген Қайраттың әндерінен ешкім жалықпайтыны анық.

Қарлығаш ҚАРПЫҚБАЕВА.             

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар