Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мамандықты да ойланып барып таңдау керек - АРҚА АЖАРЫ

Мамандықты да ойланып барып таңдау керек

Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің бас оқу ғимаратында педагогикалық мамандықтарға арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті.

 

Елу жылдан бері білім беру жүйесінде еліміздің солтүстік өңіріндегі іргелі оқу орындарының бірі болып есептелетін университеттің бүгінгі өткізген шарасы шәкірттерінің оқу бітіре салып жұмысқа орналасуына барынша атсалысу үшін жасалды. Жәрмеңкеге облыстың бүкіл мектептерінің директорлары, мұғалімдері келіп өздеріне керекті мамандық иелерін іздеді. Аталмыш шараны Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің  ректоры Әбдімүтәліп Әбжаппаров құттықтау сөзімен ашып, студенттерге де, жұмыс беруші мектептерге де сәттілік тіледі.  Филология және педагогика факультетінің деканы Раушан Әміренова: «Мұндай жәрмеңке жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіледі. Бұл біздің түлектерге де, мектептерге де оң ықпалын тигізіп отыр. Біз осы жәрмеңке арқылы студенттерімізді жұмыс берушілермен кездестіріп, жас мамандардың  жұмысқа орналасуына көмектесеміз. Бүгін орыс тілі мен әдебиеті мамандығына 20 мектепте орын бары белгілі болды. Университетке осы мамандыққа түсушілер саны азайып кеткендіктен біз оларға маман таба алмай отырмыз. Керісінше қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері көп, оларға бүкіл облыста екі-ақ жерде орын бар екен. Сосын қазір көп мектептер үш тілді қатар меңгерген мамандарға сұраныс білдіруде. Біздің факультетте 4 тілді меңгеріп шыққан мамандар бар. Бізден диплом алған олар қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі және неміс тілі пәндерінен сабақ бере алады. Ол шәкірттеріміз сұранысқа ие», – дейді.
– Студенттер ауылдық жерге барғысы келе ме? – деген сұрағымызға Раушан Әміренова: «Олар еңбекақымызды 100 мың теңгеден төмен қылмаса, ауылға баруға қарсы емеспіз деп шарт қояды. Бүгінгі түлектеріміз ауыл десе ат тонын ала қашатын болды. Бірақ, біз ақылы бөлімде оқитын шәкірттерімізге ата-аналарың осы уақытқа дейін сендерді оқытып келді. Енді жұмысқа орналасып, олардың еңбегін өтеулерің керек, отбасыларына көмектесулерің қажет деп үнемі ақыл айтамыз, – деді.
Ал, Еңбекшілдер ауданының орталығы Степняк қаласындағы Абай атындағы №2 орта мектептің директоры Күлжиан Әбуова студенттер аудан орталығына да келгісі келмей тартыншақтап тұр дейді. Оған ағылшын тілі, физика және география пәндерінің мұғалімдері керек екен. Мектеп жанында мұғалімдерге арналған жатақхана бар екенін айтса да  ұмтылып тұрған студент көрмедім, тек бір-екеуі хабарласамыз деді, оның өзі сенімсіз, –  дейді ол.
Жалпы жастар мамандық таңдағанда қателеспегені жөн. Қазақ балаларының көбі мұғалімдікке, ән мен күйге, театр мен өнерге жақын екені белгілі. Ал, техника саласында көбіне өзге ұлт өкілдерінің жұмыс істейтінін көріп те, жазып та жүрміз. Жастардың өз тілі мен мәдениетін ұмытпай, ұлықтағаны жақсы, алайда, бүгінгі заманда шетел тілін де білу керек. Бүгінгі жәрмеңке соны айғақтағандай.

 

Мерген ТОҚСАНБАЙ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар