Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Кене шағудың 90 дерегі анықталған - АРҚА АЖАРЫ

Кене шағудың 90 дерегі анықталған

Ағымдағы жылғы эпидемиологиялық кезең басталғалы өңірде кене шағудың 90 дерегі анықталып үлгерсе, солардың 40-тан астамы 14 жасқа дейінгі балалар арасында тіркелген. Өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда кене шағу оқиғалары 1,8 есеге көбейіп, балалар арасында ол 2,9 есеге дейін артқан. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте облыстың бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина мәлімдеп, өңір тұрғындарын кене энцефалитінен қорғануға шақырды.  

Кене шағудың басым бөлігі, яғни 35 дерегі Көкшетау қаласында, 11-11-ден Бурабай және Зеренді аудандарында, 8-і Сандықтауда, 7-еуі Степногорск қаласында тіркеліпті. Кенелердің адамға жабысу факторлары табиғатқа шығу, скверлерде серуендеу, саяжайларда жұмыс істеу кезінде байқалыпты.

– Өңірде эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Облыстың санитарлық-эпидемиологиялық қызметі жұқпалы ауруларға тұрақты мониторинг жүргізуде. Әрбір тіркелген жағдай бойынша эпидемияға қарсы және профилактикалық іс-шаралар кешені ұйымдастырылады. Бұдан басқа, сыртқы орта факторларына мониторинг, бақылаудағы нысандарға санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау жүргізіледі, –деді Айнагүл Советқызы. Сонымен бірге, ол Ақмола облысында кене энцефалиті бойынша эндемикалық аудан Сандықтау ауданы болып табылатындығын атап өтті. Мәселен, соңғы екі жылда онда 7-5 жағдайдан анықталған. Сондықтан, жыл сайын ауданның 4 селолық округінің маңында көктем мен күзде аталмыш зиянкесті улау жұмыстары жүргізіледі екен. Биыл алғашқы улау жұмыстары сәуір айының 25-29-ы аралығында өткізілсе, күзгі өңдеу тамыз айының басына жоспарланған екен.

– Санитарлық қызмет көктемде және күзде кенелердің түрлік құрамына мониторинг жүргізеді. Ағымдағы эпидемиологиялық маусымда кене энцефалитіне кенелердің 1200 сынамасы зерттеліп, нәтижелері теріс шықты. Сондай-ақ, адамдардың үстінен алынған кенелердің 46 сынамасы да зерттеліп, олардың да нәтижесі теріс болды. Десе де, кене шаққаннан кейін медициналық көмекке жүгінген адамдарға алдын алу мақсатында зиянкеске қарсы иммуноглобулинмен ем жүргізіледі. Препаратты кене шағып алғаннан кейінгі 4-ші күннен кешіктірмей,  мүмкіндігінше ертерек егу керек. Сәуірден бастап кене шағудан зардап шеккен 90 адам медициналық көмекке жүгініп, олардың 67-і иммуноглобулинмен профилактикалық ем алды, 23-і әртүрлі себептерге байланысты бас тартты. Егер адамды шаққан кене жұқпалы ауруды тасымалдаушы болса, онда адам ауыр ауруларға шалдығуы мүмкін. Олардың бірі – кене энцефалиті. Ол адамға берілгеннен кейін оның бойында жылдам дамып, жүйке жүйесін зақымдайды және мидың қабынуына әкелуі мүмкін. Нәтижесінде адам мүгедек болып қалуы ықтимал немесе қайтыс болуы да мүмкін. Кене шағудан кейінгі негізгі белгілер бір аптадан кейін пайда бола бастайды, –дейді облыстың бас санитарлық дәрігері. Сондықтан, табиғат аясына демалуға шыққанда адамдар кенелерден қорғайтын киім киіп, арнайы құралдарды пайдаланулары тиіс.

Брифинг барысында облыстың бас санитарлық дәрігері КВИ-ге қарсы вакцинация мен ревакцинация, КВИ-ді анықтау бойынша ПЦР тапсыру мәселелерін де қозғады.

Ырысалды ШАМШИЕВА,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар