Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Атбасардағы электр зауыты - АРҚА АЖАРЫ

Атбасардағы электр зауыты

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 59-қадамында энергия үнемдеу саласында кешенді қызмет көрсету үшін жекеменшік энергия сервистік компанияларды дамытуды ынталандыру және іс жүзінде энергетикалық шығындарды үнемдеуден қаржылай пайда табу атап көрсетілген.

 

Жұртшылықтың сұранымына ие сапалы тауар шығаратын кәсіпкердің өнімін сатып алушылар қай жерден де табылады. Нарық талабына сай тауар ең алдымен адамдарға қажет, содан кейін сапалы, ақыр соңында бағасы қолжетімді болуы тиіс. Міне, осындай тауар қай жерде де өтімді.
Бәсекелестік белең алған нарық жағдайында өндірісті өрге бастырып, жақсы табыс табу үшін жоғарыда айтқанымыздай, жұртшылыққа қажет сапалы және бағасы қолжетімді өнім шығаруды жолға қою керек. Нарықтың осы талабын жақсы білетін облысымыздың біраз өңірлерінен өз құрылымдарын құрып, жақсы жұмыс істеп жатқан инвестор «ТНК агрофирмасы» серіктестігі осыдан екі жыл бұрын өздері сатып алған бұрынғы Атбасар жөндеу-механикалық зауытының аумағынан электр үнемдегіш лампаларын шығаратын кәсіпорынды іске қосқан еді.
«Қазтехникс» ЖШС-нің басшысы Данияр Уәлиев өнім шығару процесін бастан аяқ аралатып көрсетіп берді. Өндіріске қажетті материалдардың дені Қазақстанда шығарылады. Енді біразы Ресейден, сондай-ақ, алыс шет елдерден әкелінеді. Бұрынғы жөндеу-механикалық зауытының цехы жаңа кәсіпорынға лайықтап жарақталған. «Алғашында біз ескі құрылғылармен жұмыс істедік. Өткен жылы Оңтүстік Кореяның жаңа құрылғылары сатып алынды» – дейді жас басшы. Жылтыр металл тақталар Ресейден әкелінеді екен. Олар арнайы станок арқылы кесіліп, түрлі көлемде дайындалады. Болашақ лампаның бетін жабатын өрнекті пластикалық тақталар Канададан жеткізіледі. Бүгінде серіктестікте жиырмаға тарта адам еңбек етеді. Жұмысшы мамандар құрылғыларды орнатқан Санкт-Петербургтің компаниясы ұйымдастырған курста оқып, білімдерін жетілдірген.
Бахтияр Теңгешовтың жаңа кәсіпорында жұмыс істеп жатқанына бір жылдан асыпты. Құрастырушы желіде оператор болып істейтін ол Ресейде оқып, кәсіби білім алып келіпті. Лампаға қажетті алюмин плата жасайды. «Жұмысым өзіме ұнайды. Жалақысы да көңілімнен шығады. Ең бастысы, тұрақты жұмысым бар» дейді ол.
Бүгінде зауыт электр үнемдегіш лампалардың 24 түрін жасайды. Тәулігіне үлкен лампалардың 320-ын, кішігірім лампалардың  450-ін құрастырып шығарады. Алғашында тек тапсырыс бойынша жұмыс істеген зауыт кейінгі уақытта толық қуатына көшкен. Зауыт ішінде аумағы 3000 шаршы метрді құрайтын дайын өнімдерді сақтайтын қойма жабдықталған.
Зауыт басшысы шығарылған өнімді сату мәселесі оншалықты қиындық туғызып отырмағандығын айтып өтті. Астана, Алматы, Маңғыстауда бірқатар ірі компаниялар зауыт өніміне тапсырыс беріпті. Сондай-ақ, Жақсы, Есіл аудандары әкімдіктерімен шарт бойынша көшелерді жарықтандыратын лампаларды орнатып берген. Тапсырыс берушілердің өтініші болса, серіктестік лампаларды орнатып та береді екен. Оған әрине, қосымша ақы төлеу қажет болады. Бүгінде зауыт басшылығы Көкшетау қаласы әкімдігімен келіссөз жүргізіп жатқан көрінеді. Егер әкімдік тарапынан бұлардың өніміне тапсырыс берілер болса, қала көшелерін жарықтандыратын электр үнемдегіш лампалармен облыс орталығын қамтамасыз етпек.  
«Қазтехникс» ЖШС-і өз өнімдеріне үш жылдық кепілдік береді. Яғни, лампа үш жыл мүлтіксіз жұмыс жасауы тиіс. Олай болмаған жағдайда, не жаңасымен ауыстырады, болмаса тегін жөндеп береді. Жалпы, зауыт шығарған электр үнемдегіш лампалар 20 жыл жұмыс істейді деп жобаланған. Егер сіз зауыт шығарған лампаны сатып алсаңыз, жиырма жылға дейін жаңа лампа алу мәселесін шешкен болар едіңіз. Оның үстіне, электр үнемдегіш лампалардың жарығы басқалармен салыстырғанда мол және электр қуатын аз жұмсайды.
Нарық талабына сай халыққа қажетті сапалы және бағасы қолжетімді өнім шығаруды жолға қойған кәсіпорын әлемді шарпыған экономикалық дағдарысқа қарамай қалыпты жұмыс істеуде. Кәсіпорын басшысы қоштасарда алдағы уақытта өндіріс көлемін арттырып, жаңа өнім түрлерін игеру ниеттері бар екендігін айтып қалды.

 

Қалкөз ЖҮСІП

Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар