Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көпке үлгі болған көпбалалы отбасы - АРҚА АЖАРЫ

Көпке үлгі болған көпбалалы отбасы

Бақытты отбасы дегенде бірден асқар тау әке, қамқор ана,  жадыраған балалар  ойымызға оралатыны бар. Шынымен де солай. Бірін-бірі риясыз жақсы көретін, бір-біріне еш есепсіз жақсылық жасауға асық, тілеуіңді тілеп жүретін отбасыңның болғаны қандай ғажап! Қазақ халқы көпбалалы отбасына ежелден құрметпен қарайды. Себебі, ата-бабаларымыз баланы өлшеусіз бақытқа бағалаған. Жасырары жоқ, көпбалалы отбасында өскен балалар өте бауырмал, бір-біріне жанашыр болып өседі. Міне, осындай көпке өнегесімен үлгі болып жүрген отбасылардың бірі Көкшетау қаласында тұратын Камариденовтар әулеті.

Шаңырақ иесі Қуаныш Нұрланұлы Камариденов өңірімізге танымал, шипалы қолды дәрігер. Қазіргі таңда Көкшетау қалалық ауруханасында хирург болып жұмыс істейді. Ал, отанасы Анаргүл Мұхамедрахымованың негізгі мамандығы ағылшын тілінің мұғалімі. Алты  баланың анасы Анаргүл жоғары білімді мұғалім ғана емес, өзінің ыждаһаттылығы мен тынымсыз еңбекқорлығының арқасында бұл күнде облысымызға танымал кәсіпкерлердің бірі.

Балаларының алды он сегізде ал, кішкентайы бар-жоғы екі жаста екен. Солардың болашағы жолында жарғақ құлағы жастыққа тимей, адал еңбек сіңіріп жүрген Анаргүл Хайыржанқызының өмірге деген көзқарасы, мейірімді жүрегі, аппақ көңілі кім-кімге болсын үлгі екендігі анық.

Анаргүл ханым негізгі мамандығы бойынша 2000 жылдан 2009 жылға дейін бірнеше білім мекемелерінде қызмет атқарған. Ол кезде мұғалімдердің табысы аз болатын. Сол себепті де, педагогикалық қызметтен кәсіпкерлікке ауысыпты. 2009 жылы олар жұбайымен отбасылық бизнестерін ашуға бел буған. Ол кезде бұл шаңырақ иелері төртінші сәбилерінің дүниеге келуін күтіп жүрсе керек. «Әр бала өз несібесімен» деген бар емес пе?!. Сол жылы көп кешікпей «Әлемге жол» атты жарнама агенттігін ашқан екен. Міне, осы сәттен бастап, Анаргүл ханым кәсіпкерлік саласына ден қойып, жаңа бір қырынан көріне бастайды.

2019 жылдан бастап «Асыл Аналар» қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы болып жұмыс істеп, ал, биылғы жылдан осы қоғамдық бірлестікке жетекшілік етуде. Анаргүл қолынан келгенінше қайырымдылық жасауға тырысып жүреді. Көпбалалы отбасыларына әлеуметтік қолдау көрсетіп, дарынды балалардың өнерін өрістетуге барынша көмек қылуды өзінің адами парызы деп біледі.

Қазақ «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген.  Отбасындағы балалардың барлығы спортпен белсенді айналысады. Балалар мектепте жақсы оқиды, қаланың қоғамдық мәдени іс-шараларына белсенді ат салысып жүреді. Үлкен ұлы Мансұр Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің туризм факультетінің студенті. Топ белсендісі, футболшы. Қазіргі уақытта ол кең форматты принтерде басып шығару дағдыларын игеріп, отбасылық бизнеске өз септігін тигізіп, көмектесіп жүр. «Жас өспей ме» деген осы емес пе? Ата-ана үшін баласының қолғанат болғанын көрудің өзі бір бақыт қой. Екінші ұлы Қобыланды да спортшы, ол «Оқжетпес» командасының капитаны. Қызы Ақерке болса, «Шабыт» орталығының жанындағы графика  студиясында қабілет-қарымын жетілдіруде, ол моншақ өрумен айналысады. Оның өнімдері де сұранысқа ие. Қызы Аянат болса, көркем гимнастикамен айналысады, спорт шеберлігіне кандидат. Аянат  көркем гимнастиканың шебері ғана емес, көпті  мың бұралған биімен тәнті етіп жүрген биші қыз. Ал, бүлдіршін Айғаным да аға-әпкелері сияқты өнерлі, ол сабақтан тыс уақытта «Болашақ» сарайында жүзумен және вокалмен айналысады. Кішкентай Айсұлтан екі жаста, «Swim Feels Kids» орталығының тәрбиеленушісі. Бос уақытында барлық балалар жүзумен айналысады, яғни, оқумен спортты қатар алып жүруде.

Мінекей, үлгілі отбасы қандай болады деген сұраққа жауап іздесеңіздер, Камариденовтер әулеті көпке үлгілі көпбалалы  отбасы деуге әбден негіз бар.

  Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар