Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көпшілікті ән-биімен сүйсінткен - АРҚА АЖАРЫ

Көпшілікті ән-биімен сүйсінткен

Жыл сайын өнерсүйгіш қауым асыға күтетін «Ақмола жұлдыздары» байқауы мәреге жетуге жақын. Облыс аудандары мен қалаларында жүзден жүйрік шығып, топ жарғандардың есімдері де белгілі бола бастады.

 

«Достар» мәдениет сарайында Көкшетау қаласындағы жалпы білім беретін оқу орындары арасында ерекше өнер көрсеткен өнерпаздардан құралған гала концерт те өзінің айшықтылығымен көпшілікті бір серпілтіп
тастады. Жас таланттардың өнерін тамашалауға келгендер аз болмады. Концерт өткен
«Достар» мәдениет сарайының кең залы өнерсүйер қауымға  лық толды.
Гала концерт Өмір ағашының түбінде асық ойнап отырған балалардың ағашқа жіп байлап, өздерінің жүрекжарды арман-мақсаттарын тілеген сахналық көріністен басталды. Балалардың арман-тілектері еліміздің жарқын болашағы мен халықтың бірлігі,  тұрмыстың жақсылығы сияқты барша жұртты толғандыратын ой-арманмен
үндесіп жатты.
Тәуелсіз ел, қараймын да тамсанам.
Жылдарды осы ата-бабам аңсаған,
Көрген ұрпақ бірімін мен сондықтан,
Бақыттымын деп әлемге жар салам, –
деп басталған қазақ тіліндегі  сөзді орыс, онан әрі ағылшын тілінде іліп әкеткен жас жүргізушілердің сөзінің соңы күмбірлеген домбыра үнімен үндескен толғауға ұласты. Көкшетау қаласындағы бірнеше орта мектептердің оқушыларынан құралған 60 адамдық домбырашылар оркестрі Құрманғазының күйін төгілтті.
«Таңдау» мектеп гимназиясының оқушысы Кәмилә Мусинова солист болған «Қазақстаным, алға» әнін қаладағы бірнеше мектептің қарамы 100 бала болатын хоры нақышына келтіре шырқағанда көрермендер разылықпен қол соқты. Гала концертте таңдап алынған ән нөмірлерінің бәрі отансүйгіштік тақырыпта болғандығы көңіл қуантады. «Батырлар ұраны» әнін қолдарына еліміздің кішірейтілген үлгідегі көк байрағын ұстаған балалардың шабытпен жігерлене шырқауы жас ұрпақтың бойындағы отансүйгіштік сезімнің айқын көрінісі
іспетті.
Қазақ, татар, корей, орыс, украин, тәжік және еврей ұлттарының ұлттық билерін қамтыған «Достық» биі де көпшілік көңілінен шықты деп айтуға болады. Гала концерттің шымылдығын №14 мектептің оқушысы Жарқын Серікжан, №3 мектептің оқушысы Жандос Жанат, №21 мектептің оқушылары Ділназ Мағау мен Инара Мұқышева орындаған «Болашаққа сеніммен» әні жапты.
Биылғы «Ақмола жұлдыздары» байқауына Көкшетау қаласындағы 25 жалпы білім беретін мектептер мен 19 мектепке дейінгі мекемелердің жалпы ауқымы 6 мыңға тарта тәрбиеленушілері қатысыпты.  Гала концерт жас ұрпақтың арасында ертеңінен үлкен үміт күттіретін таланттардың аз еместігін анық көрсетіп бергендей.
Қорытынды концерттің соңында байқау барысында үздік өнер көрсеткен ұжымдар мен жеке орындаушыларға, ұстаздарға бағалы сыйлықтар мен мақтау грамоталары тапсырылды.  

 

Қалкөз ЖҮСІП

Суретті түсірген Берік Ескенов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар