Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Әлем.
ХХІ ғасыр» манифесіне арналған брифинг өтті. Оған Парламент Сенатының депутаттары Ақан Бижанов, Жабал Ерғалиев және Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің профессоры Қайрат Қадыржанов қатысты.
Брифингте бірінші кезекте сөз алған Ақан Бижанов еліміздің «Әлем. XXI ғасыр» манифесінде ұсынылған бағыттар бойынша нақты шаралар атқарып келе жатқанына назар аударды.
«Қазақстан «Әлем. XXI ғасыр» манифесінде ұсынылған қадамдардың тиімділігін сөзбен емес, нақты іспен дәлелдеп келе жатқаны белгілі. Мен еліміздің тарапынан ұсынылған манифестің негізгі тезистері БҰҰ-ның 2045 жылға дейінгі Ғаламдық стратегиялық бастамалар жоспарында көрініс табатынына сенемін», – деді сенатор. Оның сөзіне қарағанда, ХХІ ғасырдың басы мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың қатты ушығып, түрлі сын-қатерлердің белең алуымен танылып отыр. Осы жағдаяттар Мемлекет басшысының әлем жұртшылығына «Әлем. XXI ғасыр» манифесін ұсынуына түрткі болды және ол БҰҰ Бас Ассамблеясының ресми құжатына айналды.
Ал, Жабал Ерғалиев өз кезегінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесіне қатысты өз ойын білдіре келіп, ядролық отынды адамдар тек бейбіт өмір үшін қолдану маңызды мәселе екендігіне екпін берді әрі Семей полигонының жабылуы тарихи маңызға ие екенін атап өтті. «Қазақстан өз тарапынан ядросыз әлем құру туралы күллі міндеттемесін жүзеге асырды. Тоқсаныншы жылдары Семей полигонын жабуы-
мыз үлкен тарихи іс. Ядролық қаруды одан әрі таратпас үшін төмен байытылған ядролық отынды Қазақстанның жерінде сақтау жөнінде бастама көтерілді. Бұл көптеген елдер тарапынан қолдау тауып отыр. Мұның мақсаты – ядролық отынды бейбіт өмір үшін қолдану», – деді Сенат депутаты.
Өз кезегінде Қайрат Қадыржанов бүгінде лаңкестік ұйымдар әлемге қауіп төндіріп отырғанын, осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһан елдерін ортақ мақсат үшін күресуге шақыруы – әлем қауіпсіздігі үшін өте қажет екенін жеткізді.