Қазыбек Келдібекұлы — қазақ халқының XVII – XVIII ғасырлардағы ұлы үш биінің бірі, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері. Орта жүз арғын тайпасының қаракесек руына кіретін Болатқожа атасынан шыққан. Ол 1667 жылы Сыр бойында дүниеге келген. Арғы аталары Шаншар абыз, Бұлбұл, өз әкесі Келдібек есімдері елге белгілі әділ билер болған.
Қаз дауысты Қазыбектің оқыған жерлері, алған білімі туралы нақты деректер болмағанымен, ел аузындағы әңгіме, аңыздар мен биден жеткен шешендік сөздер оның өз заманында білімді де жетелі, халықтың ауыз әдебиеті мен салт-дәстүр, рәміздерін, ата жолы заңдарын мейлінше мол меңгерген, озық ойлы, әділ де көреген, батыл да батыр адам болғандығын айқын аңғартады. Әділдігі мен алғырлығы үшін Тәуке хан Қазыбекті Орта жүздің Бас биі еткен. Би Әз Тәукенің тұсында хан кеңесінің белді мүшелерінің бірі болса, Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай ел билеген кезеңдерде де мемлекет басқару ісіне жиі араласып, ішкі-сыртқы саясатта ақыл-кеңестер беріп отырған.
Қазыбек бидің жастық шағы мен бүкіл саналы өмірі қазақ елінің өз ішінде рулық-тайпалық алауыздықтар мен хандық билікке таластың неғұрлым өршіген, көрші мемлекеттердің көз тігуі жиілеп, Жоңғар шапқыншылығы үдей түскен кезеңге тап келді. Ел аузындағы аңыз-әңгімелерге қарағанда, ол Тәуке ханның белгілі би-батырлары бастаған елшілігіне ілесіп алғаш рет қалмақ қоңтайшысы Цэван Рабданға барғанында 14 жаста екен. Қылышынан қан тамған қаһарлы қалмақ ханының алдында қазақ билері жасқаншақтық танытып, күмілжіңкіреп қалған сәтте жасөспірім Қазыбек: «Дат, тақсыр!» деп жұлқынып алға шығады да:
«Қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.
Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзасына жылқының қылын таққан елміз.
Дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз.
Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзын ақтай білген елміз.
Бірақ асқақтаған хан болса – хан ордасын таптай білген елміз.
Атадан ұл туса – құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса – күң боламын деп тумайды, ұл мен қызын жатқа құл мен күң етіп отыра алмайтын елміз.
Сен темір болсаң, біз көмірміз – еріткелі келгенбіз, қазақ-қалмақ баласын теліткелі келгенбіз.
Танымайтын жат елге – танысқалы келгенбіз, танысуға көнбесең – шабысқалы келгенбіз.
Сен қабылан болсаң, мен арыстан – алысқалы келгенбіз, тұтқыр сары желіммен жабысқалы келгенбіз.
Бітім берсең – жөніңді айт, бермесең – тұрысатын жеріңді айт!” – депті.
Жас баланың бұл сөздерінен бас алыспақ батырлықты да, ынтымаққа шақырған ізгілікті де аңғарған қалмақ ханы әділдікке жығылып, өжеттігі мен шешендігіне риза болып: «Дауысың қаздың дауысындай екен, бұдан былай сенің есімің Қаз дауысты Қазыбек болсын», – деген екен. Соның арқасында елшілік жау қолындағы 90 тұтқынды шабылған мал, тоналған мүлігімен шашау шығармай қайтарып алып, елге олжалы оралған екен. Қазыбек бұдан кейін де жоңғарларға екі рет елшілікке барып, ел намысына дақ түсірмей, көздеген мақсатын орындап қайтқан.
Тәуке хан үйсін Төле, алшын Әйтеке, арғын Қазыбек билерге жаңа заң жобасын – «Жеті жарғыны» жасатып, Күлтөбенің басында бүкіл халық алдында қабылдатты. Сөйтіп, ұлы үш бидің көмегімен ел ішіндегі әдет-ғұрып нормалары, жер-су, қоныс иеліктерінің мөлшері, жесір дауы, құн төлеу, кек алу, ұрлық-қарлыққа тыйым салу, ағайын-туыс, ру арасындағы дау-дамайлар, ел бірлігі, мемлекет басқару, Отан қорғау, сыртқы жаулардың шабуылдарына тойтарыс беру, ұрпақ тәрбиесі, т.б. мәселелердің шешілу жүйесі жаңаша белгіленді.
Ел «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» нәубетіне ұшырап, қатты күйзеліске түскен кезеңде Қазыбек би өзге де билермен бірге Сәмеке, Әбілмәмбет хандардың, Барақ, Батыр, Абылай сұлтандардың арасын жарастыруға күш салды, оларды өзара ынтымаққа шақырды. Орыс патшасымен достық қарым-қатынас орнатуды жақтады. Абылай сұлтан тұтқынға түсіп қалғанда Қазыбек би Абылайды құтқару үшін қолдан келген барлық дипломаттық айла-әрекеттерін жасаған. Қазыбек би 1762 жылы Абылай сұлтанға Қытай боғдыханынан іргені аулақ салуға кеңес берген. Қазыбек мемлекет істерімен қатар руаралық, сұлтандар арасындағы кикілжің тартыстарға да әділ билігін айтып отырған. Орыс патшасының өктемдігіне қарсы 1740 жылғы башқұрттар көтерілісінің басшысы Қарасақалдың Қабанбай батырға бармас бұрын Қазыбек биге келіп паналағаны белгілі. Ал Барақ сұлтан қысастықпен 1748 ж. 24 тамызда Кіші жүз ханы Әбілқайырды өлтіргенде, мұны ел бірлігіне іріткі салатын қылмыс деп бағалаған.
Қазыбек би жайлы тағы бір әңгіме
Қазыбек би әйгілі боп тұрған шағында еліне жайлы қоныс іздеп Сарыарқаны шолып қайтуға кетеді. Соны сырттан есіткен қалмақ Қоңтажы дереу қалың қол аттандырып Қазыбекке қараған елді шаптырып алады. Ханның қолы малмен коса жүзге тарта ер балаларды да байлап әкетеді. Оның ішінде Қазыбектің өз баласы Қазымбет те кетеді. Өйткені, Қазыбектің тұқымынан біреуді қайтсе де байлап әкелу жөнінде ханның тікелей тапсырмасы болған екен. Сарыарқаны қоныстыққа ұнатып елге қайтқан Қазыбек шабылған елін көрген соң, өзі басшы болып қалмаққа екінші рет жол тартыпты.
Он төрт жасар бала күннің өзінде-ақ нелер тапқыр сөздер айтып бетін қайтарып тастаған Қазыбектен жасқанып Қоңтажы хан бітім жасауға көнеді. Әр түрлі балалардың ішінен өзіне керегін алып кету мақсатымен әртүрлі қулыққа салады. Сонда ханның көздегені Қазымбетті қайтармау екен. «Тірі емес» деп балаға құн төлеу ниетін білдіреді. Сонда Қазыбек тұрып Қоңтажыға:
– Жұмыр басы, екі аяқты бозымның өзін қайыр. Төрт аякты малымның көзін қайыр. Ерім үшін күн алмай өлісемін, бозымның көзі жоқ болса, екі есе құн аламын. Бұл айтқаным болмаса, тал түсте талап аламын – дегенде, Қоңтажы:
–Қазыбек би, ерің үшін құн алмай өлісемін дегеніңді жөн дедік. Ал бозымның төлеуін екі есе кып аламын дегеніңе жол болсын! – депті. Сонда Қазыбек:
– Бозымның төлеуі екі есе болатын себебі: белеңнен шыға келген қалың топтың ішінде онын жарык еткен айбыны Қонтайжыдай жанды сескендіреді. Төлеуі толық болса, ендігәрі есте жүреді, – дейді. Сонымен Қазыбек бұл жолы да шапқыншылыққа түскен балалармен коса малдың көзі барының көзін, көзі жоғының толық төлеуін алып қайтады.
Үшінші билігі: осы бітімнен қайтып келе сала Қазыбек елін Сарыарқаға көшіріп, бұл жерді ата мекендік қоныс етеді. Бірақ, әлі де ол қонысқа көшіп болмаған елдің соңғы бөлегін, сондай-ақ, Қазыбекке ниеттес кіші жүздің бір бөлегін Қоңтажы тағы шаптырып алады. Қазыбекке шабылған елден хабаршы келеді. Сонымен Қазыбек тағы да қалмаққа тартады. Би бұл жолы Қоңтажының алдына серт қойып, мұндай шабыншылықты ендігі әрі қайталамайтындай етуге немесе бір жола бітіспекке беттеп аттанады. Қоңтажының ордасына таяп келгенде, өткелде тұрған бір жастау қыз Қазыбектің қайда бара жатқан жөнін сұрапты. Қазыбек қызға Қоңтажы ханға елшілікпен бара жатқанын айтыпты. Қыз оған:
– Елші болсаң қазақтың Қазыбегі боларсың, есебің бітсе мені де еске аларсың, – депті. Қазыбек Қоңтажының ордасына түсіп:
– О хан, сен ел шабуды қоймадың, мен елшілікке келуден танбадым, – дейді. Қоңтажы бұған:
– Қазыбек би, дұрыс айтасың, сенің қаршадай 14 жасар күніңде айтқан сөздеріңді есітіп: «Шіркін-ай, мынадан бір тұқым алар ма еді», –деп ойладым. Содан барып Қазымбеттей ұлыңды алдырдым. Бірақ сен келіп «ерімнің өзі қайтпай тұрып бітім етпеймін» дедің. Не бізге тіліңді кесіп тастап кетпедің. Содан кейін менен іргеңді аулақ салып әрі көштің. Сені қайта бір келтіру үшін мен артта қалған еліңді шаптырып алдым. Ендігі сөздің турасы сенімен достасуға құмармын. «Даудың артын қыз бітейді, судың артын шым бітейді», – деуші еді. Сондыктан, не қыз ал, не қыз бер депті. Қазыбек ханға:
– Саған беретін қызым жоқ, қыз берсең алайын, – дейді. Хан Қазыбектен «ұлың нешеу еді» деп сұрайды. Қазыбек:
– Бір жарым ұлым бар, – деп жауап береді. Хан бұған таңданып:
– Бір жарымы қалай? Сенде дырдай бес ұл бар деп еститін едім дейді.
Қазыбек оған:
– Менің елге ие болатын ұлым біреу-ақ, аты – Бекболат, соны бүтінге есептедім. Қоңтажы өз қызын беріп, оны Бекболатқа қосуды өтініпті. Сонымен, қазақ пен қалмақтың шабыншылығы тоқталған екен деседі. Қазыбек осы сапарында хан ордасына бара жатқанда жолыққан жас қызды ала келіп: «Осыны тәрбиеле», – деп оны да Бекболаттың қолына тапсырыпты.
Қазыбек би 18-ғасырдың 40-жылдарының басында Сыр бойынан Арқаға қарай көшіп, Ұлытау, Қарқаралы өңірін қоныс қылып, Семізбұғы тауының беткейлерін жайлаған. Қазыбектен: Бекболат, Қазымбет, Базаргелді, Барқы, Сырымбет есімді бес ұл, Маңқан (Қамқа) деген бір қыз туған. Қазыбек ұрпақтары ата-баба жолын қуып, сөз ұстаған парасатты әділ қазылар атанған. Баласы Бекболат, одан кейінгі Тіленші, Алшынбайлар да дүйім жұртты аузына қаратқан әділ де тура билер болған. Белгілі әнші-композитор Мәди Бәпиұлы да Қазыбек бидің ұрпағы.
Қазыбек би 1764 жылы Семізбұғы тауының етегіндегі Теректі қыстағында 97 жасында дүниеден өткен. Денесін баласы Бекболат Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне апарып жерлеп, басына құлпытас орнатқан. Қазыбек бидің қайраткерлік қызметі мен шешендік өнері туралы Алексей Левшин, Шоқан Уәлиханов, Шаһабуддин Маржани, Балтабай Адамбаев, Нысанбек Төреқұлов, тағы басқалардың зерттеулері сақталған. Жазушы Софы Сматаевтың «Елім-ай» романында кемеңгер бидің келісімді тұлғасы жасалған. Қарағанды облысында бір ауданға, Алматы, Шымкент қалаларында көшелерге би есімі берілген, ел ордасы – Астанада ескерткіш орнатылған. Қазыбек бидің әдеби мұрасы әр жылдарда баспадан жарық көрген шешендік сөздер жинақтарына енгізілген.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.