Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2022 жылы 5 маусымда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу бойынша Президент Қазақстан халқы Ассамблеясының 31 сессиясында жалпыхалықтық референдум өткізуді ұсынды.
Соған байланысты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жабал Ерғалиев Абай Мырзахметов атындағы университетте студенттермен және университет ұжымымен референдум алдындағы түсіндіру жұмыстарын жүргізу жөнінде кездесу өткізді. Кездесуді оқу орнының ректоры Сағынтай Елубаев кіріспе сөзбен өзі бастап берді. Жабал Ерғалиев өз сөзінде аудандарда, оқу орындары мен кәсіпорындарда осындай түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келе жатқанын айтып, Конституцияға енгізілгелі отырған өзгертулердің бірқатарын тілге тиек етті. Атап айтқанда, суперпрезиденттік жүйенің енді орнамайтынын, өлім жазасының заңнан алынып тасталатынын, сот жүйесі бұған дейін конституциялық кеңес ретінде жұмыс істеп келсе, бұдан былай конституциялық сот болатынын мәлім етті. Бұрынғы сот жүйесінде азаматтар шағымдарын аудандық сотқа одан болмаса облыстық сотқа тіпті ол болмаса жоғарғы сотқа жөнелтетін. Әрі қарай еш жерге шағымдана алмайтын. Ендігі жүйеде азаматтар тек қана конституциялық сотқа шағымданады. Конституциялық сотың ерекшелігі, ол жоғарыдан берілген Президенттің Жарлығына дейін жоққа шығара алады.
–Біздің жаңа Қазақстан құру алдындағы үлкен серпілісіміздің бірі осы референдум. Біз конституцияға өзгерістер енгізер болсақ, оның нәтижесі күнделікті өмірімізде сөзсіз байқалатын болады. Сол себеппен біз қазір елдің келешегі үшін осы өткелі отырған референдумға бір адамдай қатысуымыз қажет, – деді Жабал Ерғалиев сөз соңында.
Абылайхан ӘШІМХАН.