Тарихтың ақтаңдақтары әлі де зерттеледі

31 мамыр – саяси қуғын-сүргінқұрбандарын еске алу күніне орай,  Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде «Солтүстік өңірдегі саяси қуғын-сүргін: жаңа деректер мен фактілер» тақырыбында республикалық конференция болып өтті. Жиынға Ақмола облысы әкімінің орынбасары Елдос Рамазанов, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ректоры Марат Сырлыбаев, ардагерлер, халық қалаулылары, басқарма басшылары, ғалымдар мен өңіріміздің зиялы қауым өкілдері, саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары, бұқаралық ақпарат өкілдері мен студент жастар қатысты. Жиынды тарих ғылымдарының кандидаты Аманай Сейтқасымов  жүргізіп отырды. Конференция отырысы басталмас бұрын  саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, рухтарына тағзым ету үшін бір минут үнсіздік жарияланды. Іс-шара аясында «Тарихқа тағзым – ұрпаққа тағылым» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

    – Қазақстанда 1997 жылдан бастап 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып аталып өтуде. Еліміз тәуелсіздік алған сәттен бастап,жазықсыз жапа шеккен жандардың абзал бейнесін мәңгі есте қалдыру бойынша мемлекеттік деңгейде  маңызды шаралар қолға алынды. Заңнамаға сәйкес   ашарлық пен қуғын-сүргін  құрбаны болған  340 мың адамның есімі  толықтай ақталған болатын.

2020 жылдың қараша айында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі арнайы мемлекеттік комиссия құрылды. Біздің өңірде де саяси қуғын-сүргін  құрбандарын зерттеу бойынша жұмыстар атқарылып келеді. Бұл мәселеде ғалымдарға, сарапшыларға зор міндет жүктеліп отыр. Сондықтан да, тарихи және мұрағаттық мәліметтерді зерттейтін жұмыс тобы Ш.Уәлиханов атындағы университеттің қабырғасында орналасқандығы ерекше мәнге ие. Тарихты зерделеп, осындай игі істің басы-қасында жүрген азаматтарға алғысым шексіз. Бұл жұмыс облыс аумағында бұдан былай да серпінді жалғасын табады деп сенемін. Мемлекеттік комиссия екі-үш жыл  ішінде өз жұмысының қортындылары туралы Президентке және Парламентке есеп беретін болады. Бұл жұмысқа өңірлік комиссия да өзінің елеулі үлесін қосатынына сенімім зор, – деді облыс әкімінің орынбасары Елдос Рамазанов жиында сөйлеген сөзінде.

Конференцияда Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ректоры Марат Сырлыбаев сөз сөйлеп, жылы лебізін білдірді.

– 31 мамыр күні тарихымыздың ХХ ғасырдағы  шерлі беттерінің бірі. Еліміз үшін бұл оқиғалар ең ауыр да қасіретті апат болып саналады. Ол бір ғана ұлттың емес, бүкіл мемлекеттің трагедиясына айналды, – дей келіп, университет ректоры зұлматты жылдары ұрпаққа өшпес ерліктің, бірліктің, қайсарлықтың үлгісін көрсеткен Алаш арыстарын бүгінгі ұрпақ ұмытпайтындығын баса айтты.

– Биыл біздің жерімізде жаппай ашаршылықтың болғанына 90 жыл, ал, саяси қуғын-сүргіннің басталғанына 85 жыл толып отыр. Тек 1937-1938 жылдары республикада 100 мыңнан астам адам заңсыз сотталып, олардың 25 мыңға жуығы ату жазасына тартылды. Қазақстан халқының бір жарым миллионнан астамы ашаршылық құрбаны болды. Ұлттың ар-ожданы, намысы болған  қазақ зиялыларының көрнекті өкілдері атап айтсақ,  Әлихан Бөкейханов, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Санжар Асфендияров, Міржақып Дулатов, Халел Досмұханбетов, Жаһаншы Досмұханбетов және басқа да Алаш қайраткерлері саясаттың құрбанына айналды. 600 мыңнан астам қазақ ашаршылық пен қуғын-сүргіннен қашып, тарихи Отанын тастап кетті. Сол бір ауыр жылдар қазақ халқы үшін ауыр нәубет пен қасіретті ғасыр болды. Ұлт зиялыларын, сол нәубет жылдардың құрбаны болған жандарды ешқашан ұмытпаймыз, тарихты зерделеу жұмысына ат салыса бермекпіз. Қазіргі таңда біздің университетте жобалық кеңсе зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Онда университетіміздің тарихшы-ғалымдары мен жергілікті өлкетанушы-зерттеушілері жұмыс атқарып жатыр.  Осы жұмыстарды атқарып жатқан тарихшы ғалымдардың елеулі еңбегін атап өтіп, алғысымызды білдіреміз. Сонымен қатар, осы тарихи жобаны іске асыруға қолдау көрсеткен облыс әкімі Ермек Боранбайұлы Маржықпаевқа ризашылық айтамыз.Жобалық кеңсенің басты мақсаты – кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санаттарына қатысты мәліметтерді анықтап, оларды ақтау бойынша зерттеу жұмыстарын ұйымдастыра отырып тарихи әділеттілікті орнату. Жалпы, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыстары жоспарлы түрде, кезең-кезеңмен іске асырылуда. Биылғы жылы да аталмыш зерттеу бағыттары өзінің жалғасын табады, – деді Марат Сырлыбаев өз сөзінде.

Конференция барысында Ақмола облысындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі комиссияның жұмысы туралы комиссия төрағасы  Аманай Сейітқасымов баяндама жасады.

– Өңірлік комиссия облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың қолдауымен құрылды. Бұл мақсатқа арнайы қаражат бөлініп, ауқымды жұмыстар өз нәтижесін беруде. Өңірлік комиссия негізгі жеті бағыт бойынша ауқымды істер атқарды. Бір жылғы жұмыс  ішінде көптеген тың жаңалықтар ашылды.  Бір ғана мысал, осы зерттеу жұмыстары барысында біз Ақмола облысында  150 дін өкілдерінің  репрессияға ұшырағанын анықтадық. Ақмола облысында саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі жұмыстың жүргізілгеніне  бір жылдан астам уақыт өтіп, алғашқы кезеңі аяқталды. Баспадан үш бірдей жинақ жарық көрді. Сонымен қатар, бірнеше жұмыстар баспаға беруге дайын тұр.Зұлмат жылдардың куәсі болған қариялар, көнекөз ақсақалдармен әңгімелесіп, олардың естеліктерін жарияладық.  Биылғы жылы өңірлік комиссияның бес отырысы болып өтті. Жұмыс тобының 11 жиыны өткізілді. Сонымен қатар, біздің ғалымдарымыз Алматы, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы тарихи ақпараттарды зерделеп, 2500-ге жуық архив құжаттарын алып келді. Біз қазір оларды өңдеу үстіндеміз. Ізденіс жұмыстарының сан алуан бағытын қамтамасыз ету  нәтижесінде біраз жетістіктерге қол жеткіздік деп айта аламыз. Ресми деректерге қарағанда 1920-1950-ші жылдары Ақмола облысында қуғын-сүргінге ұшырағандардың саны 6090 адам, соның ішінде ақталмағаны 429 адам екен. Сонымен қатар, жұмыс өкілдері бұған дейін беймәлім, белгісіз боп келген Ақмола облысының Зеренді ауданының аумағында 4 сталиндік лагерьдің орнын анықтап, онда қанша адам отырды, қашан ашылды, қандай контингент болды, немен айналысты міне, осындай үлкен ақпаратты жинадық. Біздің облысқа байланысты көптеген материалдар Ресейдің Омбы, Қорған, Челябі  және тағы басқа қалаларында бар. Алдағы уақытта осы қалаларға да іс сапармен барып, ел тарихын зерделеуге ниет танытып отырмыз, – деді Аманай Асылбайұлы жиында сөйлеген сөзінде.

Конференцияда университет ғалымдары сөз алып, тарихи  деректерге тоқталып, қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселесіндегі тың жаңалықтарды ортаға салды. Олардың қатарында тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Алмагүл Күшпаева, Ш.Уәлиханов университетінің РhD докторанты Ғалымтай Төлепбергенов, гуманитарлықғылымдар магистрі Ақан Шәріпов, Ш.Уәлиханов университетінің РhD докторанты Талапкер Уәлиев және тағы басқалары бар.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар