Әр тұрғын сұрағы аяқсыз қалмайды

Ақмола облысының әкімі, «Аманат» партиясы облыстық филиалының төрағасы Ермек Маржықпаев тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдап, олардың сұрақтарын тыңдап, мәселелерді шешу бойынша әр сала басқармалары басшыларына тапсырмалар берді.

Зейнеткер Тұяқ Есмағамбетов өзі тұратын Көкшетау қаласындағы Елемесов көшесіндегі 58-ші үйдің тұрғындары атынан келіпті. Алға тартқан мәселесі негізінен ауланы абаттандыру. Оның ішінде жарықтандыру, пәтерлерді  газгольдерге қосу, ауланы тарылтып тұрған темір гараждарды алып тастау, жақын жерден салынған екі бірдей 9 қабатты үйлердің қалдықтарын 58-ші үй жәшіктеріне тасып төгуі салдарынан туындаған қолайсыздықтар сияқты қордаланған жағдайлар. Өңір басшысы бұл мәселелерді  анықтап біліп, тұрғындармен ақылдаса отырып шешуді Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайсаға жүктеді.

–Бірақ, мұндай кінәраттар болмауы үшін шұғыл түрде ОСИ құруларыңыз керек. Тұрғындармен ақылдасып, осындай құрылым құрып алсаңыздар кез болған проблемаларыңызды өздеріңіз шешіп отыратын боласыздар, – деді Е.Маржықпаев.

Әкім қабылдауына келесі кірген И.Нұрмағамбетова, А.Садықова, Г.Қалдыбай, И.Назаренконың кейбірі көп балалы, енді бірі шиеттей баламен қорғансыз, отағасысыз. Талай жыл пәтер кезегінде тұрса да, баспанаға ие бола алмай келеді. Олар қазір тоқтап қалған арендалық пәтер салу жұмысының жалғасқанын қалайды. Индира Нұрмағамбетова бұрын өзіне ұсынылған жатаханада төрт баламен тұру қолайсыз болғандықтан, пәтер жалдап жеке тұруда. Енді «Отбасы банктен» жалданған пәтер үшін осыған дейін төленіп келген 50  пайыз төлемнің төленбейтіндігіне шағымданды. Балаларын отағаларысыз тәрбиелеп отырған аналардың барлық мәселелерін шешу үшін «Аманат» партясында жеке қабылдау болатыны айтылды. Сол жерде оларға көмектесу жолдары қарастырылмақ.

Онлайн режімінде Ақкөл ауданы, Жалғызқарағай ауылынан  байланысқа шыққан Жанаргүл Боранбайқызы отбасымен бірігіп 40 бас ірі қара, 10 жылқы ұстап отыр екен. Жеке шаруашылықтарын өрістетуге мал жайылымының тапшылығы қолбайлау болып отыр.          Бұл мәселені өңір басшысы аудан әкімі Ю.Курушинге тапсырып, аудандық жер қатынастары жөніндегі комиссияда айтылған шағымды қарап, дұрыс шешім қабылдауды жүктеді.

Целиноград ауданы Қажымұқан ауылынан сөз салған Азамат Кеңесұлы, өзінің ауыл белсендісі ретінде тұрғындар өтініш-пікірлерін билік өкілдеріне жеткізіп жүретіндігін айта келіп, бірқатар мәселелер көтерді. Мәселен, ауылда электр желілері салбырап, қауіп туғызып тұр. Ауыл ішіндегі жолдарға қиыршық тас қана төселген, жөндеу жалғаспай, тоқтап қалды. Табиғи газдың келуін, таза ауыз судың тартылуын да тұрғындар асыға күтуде. Ауылда коммуналдық шаруашылық құрылса, тұрмыстық қалдықтарды шығарып, тазалықпен айналысуға жол ашылар еді.

Ауыл белсендісінің сұрақтарына ауыл жолын жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттардың жасалғаны, енді мердігердің анықталып жатқандығы, жарықтандыру үшін де құжаттар даярланып, конкурс жарияланғандығы, тек Қажымұқан ауылы ғана емес, сол маңайдағы 19 ауылға су тарту жоспарланып, экологиялық зерттеу жүргізілуде екендігі, газ тартудың Нұр-Сұлтан қаласына байланысты болып тұрғандығы, жоспарлаудың жүріп жатқандығы, ал, ауылды тазалау үшін коммуналдық шаруашылық құрудың реті жоқ, алдағы уақытта 10 миллион қаражат бөлінетіндігі айтылды.

Целиноград ауданы Рахымжан Қошқарбаев ауылынан  хабарласқан Бақыт Қырғызбаева бұрыннан дабыл қағылып жүрген Нұра өзенінің мұсылман бейіті орналасқан жерді шайып кету қаупі туралы мәселені көтерді.

Облыс әкімі бұл мәселенің өте күрделі екенін айтып, аудан әкімі Б.Оспанбековке өзен арнасын бұрынғы ескі арнасына бұру мәселесін шұғыл қарастыруды, 2-3 күн ішінде ұсыныс айтуды тапсырды.

Шортанды ауданынан байланысқа шыққан Наталья Лазько  «Бектау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмыстары, олардың әрекеттеріне тұрғындардың наразылығын жеткізіп, даудың заңды түрде шешілуін сұрады. Ол жұрттың келісімінсіз жерлердің кепілдікке салынуы, арыз-шағымдарына жауап қайтарылмайтындығы, көптеген адамдардың серіктестіктен шыққысы келетіндігі, тағы басқа сыни пікірлер айтты. Өңір басшысы бұл мәселенің кем-кетігін толық анықтау үшін 15 маусымға дейін арнайы комиссия жіберілетіндігін жеткізді.

Әкім қабылдауына жазылған тұрғындардың арыз-шағымдары мен пікірлері толық тыңдалып, көтерілген мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берілді.

                                                               Серік Сапарұлы,

                                           «Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар