Балалар жылы аясында 1 маусымда Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев облыстың дарынды балаларымен кездесті.
Осы мерекеге орай 80-нен астам халықаралық, республикалық олимпиадалардың, конкурстар мен ғылыми жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері “Сұңқар” сауықтыру кешеніне жиналды.
Аймақ басшысының оқушылармен кездесуі “TED-х” форматында өтті.
Ермек Боранбайұлы футбол, бейнелеу өнері, сәндік-қолданбалы өнер, музыкалық, туристік-скаут бағыттары бойынша 5 тақырыптық алаңда болды.
Диалог алаңында жас ақмолалықтар өздерінің әртүрлі бағыттардағы жетістіктері туралы айтып, облыс әкіміне өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды.
Өзінің құттықтау сөзінде облыс әкімі балаларды Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтап, мемлекет дарынды жастарды қолдау үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатқанын атап өтті.
Кездесу барысында балалар алдында “Білім-инновация” лицей-интернатының табысты түлектері Кәкімбек Абай мен Әлібаев Сәбит сөз сөйледі.
Марапаттау рәсімінде 2-8 сынып оқушылары арасындағы халықаралық, республикалық конкурстар мен олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері облыс әкімінен “Сұңқар” сауықтыру кешеніне жолдама алды, ал 9-11 сыныптар арасындағы халықаралық ғылыми жобалар конкурстарының, республикалық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері 50 000 теңгеден 100 000 теңгеге дейін ақшалай сертификаттар алды.
Ермек Боранбайұлы “Білім-инновация” лицей-интернатына биология кабинетін сатып алуға 10 000 000 теңгелік сертификат, сондай-ақ республикалық пәндік олимпиада қорытындысы бойынша “100 үздік олимпиадалық мектеп” тізіміне енген №1 жалпы білім беретін мектеп-гимназиясына 5 000 000 теңгеге сертификат табыс етті.
Сонымен қатар, аймақ басшысы Ақмола облысының балаларына 1000 жолдама берді.
Кездесу соңында балалар облыс әкімімен естелік суретке түсті.