Өткен ғасырдың 30-ыншы жылдарының басында Қазақстанда адам айтқысыз ауыр трагедияның болғаны белгілі. Көкшетау қалалық ақпараттық кітапханалар жүйесі «Салтанат» сарайы жанындағы алаңда 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған «Өзекті өртер шындық» атты естелік лентасын ұйымдастырды.
Бұл шараның мақсаты – Кеңес заманында аштықтан қырылған отандастарымызды және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу, олардың өмір жолдарымен оқырманды тереңірек таныстыру, өткен тарихымыздан тағылым ала отырып, бүгінгі ұрпаққа кітап арқылы өнегелі тәрбие беру, оларды Отанын сүюге, елінің, жерінің адал патриоттары болуға баулу.
Қызыл империяның қолымен жасалған 1932-1933 жылдардағы алапат аштық қазақ халқын тарихта бұрын-соңды болмаған қырғынға ұшыратып, тең жартысына жуығын жалмады. Шараға қалалық мемлекеттік архив қызметкері Күләш Хасенова, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Сәбит Жәмбек, Көкшетау қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімінің сектор меңгерушісі Дархан Қанафин, «Көкше Айбын» клубының мүшелері және кітапхана қызметкерлері қатысып, өз ойларымен бөлісті.
Шараға байланысты ұйымдастырылған көрмеге кітапхана қорындағы саяси қуғын-сүргін құрбандары тақырыбына жарық көрген мерзімдік басылымдар, әдебиеттер қойылды. Қалалық мемлекеттік мұрағат тарапынан сол кезде саяси репрессияға ұшыраған көрнекті жерлестеріміз Зарап Темірбеков пен жазушы Ибрагим Салаховқа байланысты ұсынылған құжаттар, деректі материалдар халықтың басынан өткен зұлмат жылдардың трагедиясын барынша ашып көрсетеді.
Күнсұлу Исина,
Көкшетау қалалық орталық үлгілі кітапханасының кітапханашысы.