Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов Көкшетау қаласындағы «Достар» мәдениет үйінде өткен «Салааралық баланс негізінде Қазақстандағы өңіраралық кооперацияны дамыту» тақырыбындағы республикалық семинарға қатысып, сөз сөйледі.
«Мемлекеттік қала құрылысы кадастры» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының басшылары мен сарапшылары, бірқатар облыстағы мемлекеттік органдар мен ғылыми институттардың өкілдері қатысқан семинарда өңір басшысының орынбасары өңіраралық әріптестік мәселесін тереңірек қарау қажеттігін атап өтті.
– Біз алыс және жақын шет елдердегі әріптестерімізбен жиі кездесеміз. Әртүрлі компаниядағы кәсіпорындардың тұсаукесеріне қатысамыз. Бірақ, көбіне көрші облыстарда қандай жұмыстар атқарылып жатқанын біле бермейміз. Бүгінгі семинарда облысымызда не болып жатқанын айтқымыз келеді. Ақмола облысы аграрлық өңір болып саналады. Қазақстанда өндірілетін барлық астықтың ширегі біздің облыста өндіріледі. Ауыл шаруашылығы өнімдерімен қатар өнеркәсіп саласында ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктеріміз бар. Жаңа кәсіпорындар ашылуда. Алыс және жақын шетелдердің инвесторлары жұмыс істеуде. Осы орайда, көрші облыстардағы әріптестеріміздің жұмысы туралы білгіміз келеді. Кооперация қазақстандық және жергілікті өндірушілерді қолдауы тиіс. Әрине, біздің рынокқа алыс және жақын шетелдердің компаниялары өз өнімдерін ұсынуға құқылы. Көбіне олар өндірген өнімдердің сапасы біздің өнімдерден асып түспей жатады. Сондықтан, елімізде дамып келе жатқан отандық өндірушілер жөнінде ойлағанымыз жөн, – деді облыс басшысының орынбасары.
Бұдан кейін «Мемлекеттік қала құрылысы кадастры» кәсіпорнының бас директоры Тұрлыбек Мұсабаев сөз сөйлеп, өз кәсіпорнының өңірлік өкілдіктерінің қызметі жөнінде айтты. Бүгінгі таңда Көкшетау қаласында «Мемлекеттік қала құрылысы кадастры» кәсіпорнының Ақмола өкілдігі жұмыс істейді. Олар әкімдік бөлімшелері мен коммуналдық қызметтердің өзара жұмыс жасауы үшін қаланың интерактивтік кезекші жоспарын жүзеге асыру жұмыстарын атқаруда. Ақмола, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында өңірлік өкілдіктер тіркелді. Орал, Атырау, Павлодар қалалары бойынша берілетін мүліктің тізбесі анықталып, әкімдіктермен келісілуде. Интерактивтік кезекші жоспар – барлық қатысушылардың бірыңғай сервис арқылы инженерлік желілерге қосылудың техникалық шарттар үдерісімен келісуі. Әрбір қатысушы өз қабатында жұмыс істеумен қатар басқа ұйымдар мен коммуналдық қызметтердің жұмысын көре алады.
Макроөңірлердің өңіраралық сұлбасын әзірлеу шеңберінде облыстардың ағымдағы және нәтижелі өңіраралық байланыстарына талдау жүргізіледі. Бүгінгі күні әзірленген тетіктердің мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында еліміздің макроэкономикалық көрсеткіш деректерін декомпозициялау жолымен өңірлердің салааралық байланыстарын айқындау модулі қалыптасуда. Тетік Қазақстан Республикасы өңірлерінің салааралық балансы, өңіраралық байланыстар, әлеуетті өңіраралық байланыстарды үлгілеу және талдамалары ақпараттық блоктардан тұратын болады.
Семинар барысында тетікті дайындаушы, «Astana Project» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қала құрылысы компаниясының директоры Әсемгүл Әміркенова модельді, оның мүмкіндіктерін, облыстардың жұмыс істейтін және әлеуетті өңіраралық байланыстарын айқындау басымдықтарын айтып, кеңейту және енгізу мүмкіндігін көрсетті. Өңірдің салааралық балансын қалыптастыру үшін WEB-портал жобасы ұсынылды. Семинарда тетіктерді кеңейту мен енгізуді жүзеге асыруда өзара ынтымақтасу, өңіраралық кооперацияны жолға қою мақсатында ел өңірлерінде жұмыс істейтін және әлеуетті өңіраралық байланыстарды айқындау мүмкіндігі талқыланды.
Рамазан ТІЛЕУОВ