Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің 34-ші пленарлық отырысына қатысты - АРҚА АЖАРЫ

Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің 34-ші пленарлық отырысына қатысты

Бүгін Президенттің төрағалығымен Шетелдік инвесторлар кеңесінің 34-ші пленарлық отырысы өтті. Жиынға ірі трансұлттық компаниялардың, мемлекеттік органдардың басшылары мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Отырыстың күн тәртібінде экономиканы көміртегінен арылту ісін дамыту және көміртегін аз пайдалану технологияларын енгізу мәселелері қарастырылды.

Мемлекет басшысы бүгінгі отырыс халықаралық ахуалдың шиеленіскен жағдайында өтіп жатқанын атап өтті.

– Жаһандық логистика жүйесінің бұзылуы, сауда соғыстары, бұрын-соңды болмаған инфляциялық қысым – мұның бәрі бүгінгі күннің шынайы көрінісі. Мұндай жағдайда мемлекет пен бизнес жаңа ойын ережелеріне тез бейімделуі керек. Біз тек осылай ғана бәсекеге қабілеттілігімізді сақтай аламыз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіліп жатқан ауқымды демократиялық реформалар, жуырда өткен жалпыұлттық референдумның негізгі мақсат-міндеттері туралы айтты. Президенттің пайымынша, жүргізіліп жатқан саяси реформалар кешенді экономикалық жаңғырумен қатар жүруге тиіс.

– Дәл осындай тәсіл бізге орташа табыстың қыспағынан шығуға, дамудың келесі деңгейіне өтуге жол ашады. Сондықтан біз, шын мәнінде, еліміздің нарықтық, еркін әрі бәсекеге қабілетті экономика құруға бағытталған жаңа экономикалық саясатын жүзеге асырып жатырмыз. Осыған байланысты инвестициялық ахуалды жүйелі түрде жақсартуға да ерекше көңіл бөлеміз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент экономиканы көміртегінен арылту және көміртегін аз пайдалану технологиясын енгізудің өзектілігіне назар аударды. Атап айтқанда, климаттың өзгеруіне, бидай өнімінің азаю және су ресурстарының жеткіліксіз болу қатерлеріне байланысты проблемаларды шешу үшін шұғыл түрде жүйелі шаралар қабылдау мәселесіне тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы барлық парниктік газ қалдықтарының 80 пайызы қазба отындарын пайдалану арқылы энергия өндірумен байланысты және бұның еліміздің климатына кері әсер ететін негізгі фактор екенін атап өтті. Оның айтуынша, энергетика саласын жаңғыртудың айтарлықтай маңызы бар.

Қазақстан Президенті инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту және инвесторлардың заңды құқығын қорғау жүйесін жетілдіру мемлекетіміздің стратегиялық міндеті екенін атап өтті.

– Былтыр шетелдік серіктестер біздің экономикамызға шамамен 24 миллиард доллар инвестиция салды. Бұл оның алдындағы жылмен салыстырғанда 38 пайызға көп. Бір айта кетерлігі, шетелдік инвестицияның 60 пайыздан астамы қазірдің өзінде экономиканың шикізаттық емес секторына тиесілі. Біз бұл инвестицияларды жоғары бағалаймыз және шетелдік серіктестер алдындағы барлық міндеттемемізді мінсіз орындауға бар күшімізді саламыз. Қазақстан инвесторлар үшін ашық есік саясатын күшейте түседі, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік компаниялармен тікелей ықпалдастықты жолға қою, соның ішінде оларды елімізге көшіру немесе бірлескен кәсіпорындар ашу үшін барлық институционалдық жағдайларды жасауға дайын екенін мәлімдеді.

– Біздің мақсатымыз – инновацияларды дамыту және еліміздегі адам капиталының деңгейін арттыру. Шетелдік инвесторлар кеңесі бұл жерде, әсіресе, өзара тиімді шешімдерді табу және ынтымақтастықтың өзекті бағыттары жөнінде тәжірибе алмасу тұрғысынан өзіне тиісті рөлін атқаруы керек деп есептеймін. Үкімет осы кеңеспен бірлесе отырып, аталған мәселелерді шешудің нақты шараларын талдап, әзірлеуі қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі жүйелі жұмыс ауқымды реформалармен ұштасатынын айтты. Бұл жерде адал бәсекелестікті дамыту, сыбайлас жемқорлықты жою, тиімді мемлекеттік басқару, адам капиталының сапасын арттыру және сот жүйесін реформалау мәселелері сөз болды.

Мемлекет басшысы өз сөзінде 2060 жылға дейін көміртегінен бейтараптыққа қол жеткізу үшін күш жұмылдыру керек екеніне ерекше назар аударды. Сондай-ақ ауқымды экономикалық, технологиялық және әлеуметтік жаңғыруларды қамтитын тиісті стратегиялық жоба әзірленіп жатқанын жеткізді. Бұл жыл соңына дейін қабылдануға тиіс.

Президент Еуропа одағының 2030 жылға қарай парниктік газ қалдықтарын 55 пайызға азайтуға және 2050 жылға қарай көміртегінен бейтараптыққа қол жеткізуге ниетті екенін еске салды. Бұл ретте Мемлекет басшысы 2026 жылдан бастап қазақстандық экспорттаушылар Еуропа одағының бюджетіне шекаралық көміртегі салығын төлейтініне және бұл отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігіне әсер етуі мүмкін екеніне назар аударды.

Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасындағы көміртегін пайдалану көлемін төмендету және экономикалық шығындардың алдын алу үшін атқарылып жатқан шараларға егжей-тегжейлі тоқталды. Атап айтқанда, қалдықтарды саудалауға қатысты ұлттық жүйені еуропалық жүйеге жақындату жөнінде Үкіметтің атқарып жатқан жұмысы туралы мәлімдеді.

– Парниктік газ қалдықтарының үлестік коэффициенттерінің есептеу әдістемесін күшейту бағытында қайта қарауды жеделдету қажет. Есептеу тәсілі еуропалық әдіске сәйкес, яғни саладағы ең озық 10 өндіріс негізінде жасалуға тиіс. Осы ретте өндірістің негізгі ғана емес, қосалқы түрлерін де ескеру керек. Сондай-ақ Еуропа одағының қалдықтарды сату жүйесі сияқты экономика секторларын кеңінен қамту қажет. Кеңес мүшелері іс жүзінде көмек көрсетуге тиіс. Бұл жұмысты келесі жылы аяқтау қажет, – деді Президент.

Мемлекет басшысы экономиканың экспортқа бағытталған секторларына арналған квоталарды ақылы түрде бөлуге кезең-кезеңімен көшу қажет екенін атап өтті. Президенттің пікірінше, квота саудасының отандық жүйесі парниктік газ қалдықтарын өлшеу және тексеру бойынша сенімді деректерге негізделуі керек.

– Алайда, іс жүзінде, біз мүлде олай емес екенін көріп отырмыз. Парниктік газ қалдықтарын тексеру және анықтау жөніндегі органдар берілген есептерді қашықтан куәландырып, қондырғылар орнатылған операторлық учаскелерге бармайды. Осылайша, елдің әртүрлі аймағында олар бір уақытта жиырмаға жуық есепті тексере алады. Мұндай есептердің дұрыстығы күмән тудырады. Сондықтан Үкіметке парниктік газ қалдықтарын тексеру және анықтау жөніндегі органдардың жауапкершілігі мен құзыретін күшейту жөнінде пәрменді шаралар қабылдауды тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев үлкен энергетикалық тәсілге көшуге дайындық жұмыстарын біртіндеп ынталандыруға бағытталған жаңа Экологиялық кодекстің қабылданғаны жөнінде айтты. Құжат кәсіпорындарды экологиялық төлемдерден толығымен босату арқылы өндірісті жаңғыртуға мүмкіндік береді. Бұл ретте Президент ірі өнеркәсіп кәсіпорындарына 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап қалдықтарға мониторинг жасайтын автоматтандырылған жүйені орнату жөніндегі міндеттерін еске салды. Сондай-ақ Үкіметке осы талапты уақтылы және сапалы орындауды қамтамасыз етуді тапсырды.

Қазақстан басшысы атап өткен тағы бір маңызды міндет – аумақтарды көгалдандыру және жаңа алқаптарға ағаш отырғызу.

– Менің тапсырмаммен 2025 жылға дейін еліміз бойынша екі миллиард ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Өткен жылы 138 миллион, ал биыл 280 миллион ағаш егілді. Алайда бұл қарқын жеткіліксіз, оны жылдамдату қажет. Кеңес мүшелерін аталған бастаманы қолдап, осы іске елеулі үлес қосуға шақырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Президент елімізде газ тұтынуға сұраныстың артқанын атап өтіп, көмірді пайдалануды азайту ісінде газ саласының маңызды рөл атқаратынын айтты.

– Газ экспортына қарағанда ішкі қажеттіліктерді қамтамасыз ету маңызды екенін қадап айтқым келеді. Үкіметке Теңіз кен орнының акционерлерімен бірлесе отырып, экспортталатын екі миллиард текше метр газды ішкі нарыққа қайта бағыттауды тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт  Тоқаев.

Мемлекет басшысы жаңартылатын және баламалы энергия көзін дамыту әлеуетінің артып келе жатқанына тоқталды. 2030 жылға қарай еліміздің энергия теңгеріміндегі жаңартылатын энергия көзін кемінде 15 пайызға дейін арттыру міндеті қойылды.

Сонымен қатар Президент атом энергиясын пайдаланудың маңызды екенін атап өтті. Оның пікірінше, жаңартылатын энергияның тұрақсыз және газ тарату ісі шектеулі болған жағдайда «залалсыз» атом үздіксіз энергия берудің жалғыз көзі болады.

Қазақстан Президенті сөзін қорытындылай келе, Кеңес мүшелерін «жасыл» жобаларды жүзеге асыру, ESG инвестициясын тарту және орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жөніндегі іс-қимылдарды жандандыруға шақырды.

Жиын барысында Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассо, Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, «Шетелдік инвесторлардың қазақстандық кеңесі» Ассоциациясы басқармасының төрағасы Ерлан Досымбеков, Азия даму банкінің вице-президенті Ашок Лаваса, Chevron корпорациясының атқарушы вице-президенті Джеймс Джонсон, Еуропа, Таяу Шығыс және Африка елдеріндегі Citigroup компаниясының бас атқарушы директоры Дэвид Ливингстон, ERG Sarl директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич, Exxon Mobil корпорациясының аға вице-президенті Нил Чапман, Ресей мен ТМД елдеріндегі General Electric компаниясының президенті Бела Ференци, Шығыс Еуропа бойынша Philip Morris International компаниясының президенті Марко Мариотти, «Полиметалл УК» АҚ президенті Игорь Финогенов, Орталық және Шығыс Еуропа елдеріндегі PwC компаниясының басқарушы серіктесі Ник Кош, Veon Ltd тобының бас атқарушы директоры Каан Терзиоглу, Азия-Тынық мұхиты аймағы бойынша TotalEnergies компаниясының аға вице-президенті Жулиен Пуже баяндама жасады.

Дереккөз:  www.akorda.kz 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар