Ақмола облысында жұмыс сапарымен болған Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Руслан Баймишев «Altyntau Kokshetau» акционерлік қоғамында болып, өзімен бірге келген геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің жас қызметкерлерімен кен орнын аралап көрді.
Кездесу барысында компания директоры Игорь Когай табиғатты пайдалану құжаттарымен жұмыс істейтін, осы салада заңдарды шығарумен айналысатын және мемлекетті реттеудің басқа мәселелерімен шұғылданатын мемлекеттік құрылымдардың қызметкерлерінің бәрінің бірдей өндірісте жұмыс тәжірибесінің бола бермейтініне тоқталды. Ал, тәжірибелі өндірісшілер мемлекеттік қызметке жұмысқа сирек барады.
–Берілген есептердің астарында адамдар, проблемалар мен әртүрлі жағдайлар жататындығын мемлекеттік қызметшілер жақсы түсінулері керек. Осындай үлкен компанияларда болып көрмейінше, табиғатты пайдаланушылардың жұмысы туралы белгілі бір дұрыс пікірде болу қиын. Сондықтан да, министрлікпен және өндірістік кәсіпорындармен осындай іс-тәжірибелермен алмасудың болып тұруы өте дұрыс, – деді бұған Руслан Баймишев.
Компанияның бас директоры өз кәсіпорнын Қазақстандағы алтын өндіру бойынша жетекші орын алатын өндіріс орны деп атады. 2010 жылы қайта жаңартылған компания жылына 8 миллион тонна руда өңдеп, одан 12 тонна бағалы металл алып отырады. Комбинат жалғыз бұл жағынан ғана емес, сонымен бірге, жоғары технология, цифровизация, қауіпсіздік және әлеуметтік жауапкершілік тұрғысынан да атына заты сай.
–Біз барды месе тұтпай, ұдайы дамумен, жаңарумен келе жатырмыз. Бұл кез-келген кәсіпорынның табыс кілті, – деді одан әрі бас директор. Алтын айыру фабрикасында екі кен диірмені жұмыс істейді. Мұндай руда үгітетін үлкен қондырғылар әлемде он шақты ғана. Осы заманғы тау-кен техникасы, беспилотты бұрғылау құралдары бар. Жұмыс процестері толықтай дерлік автоматтандырылған. Барлық жұмыс алаңдарында бейнебақылау орнатылған. Бизнес процестерді, еңбекті қорғауды жаңа сапалы деңгейге көтерген ең озық басқару жүйелері іске қосылуда.
–Дегенмен, біздің ең басты міндетіміз адамдардың денсаулығын сақтау. Біздің мақсат өндірісте жарақат алуды нөлдік деңгейде ұстау, – деп атап өтті бас директоры.
Вице-министр кәсіпорынның келешегі туралы сұрады. Бас директор атап өткеніндей, табиғатты пайдалануға контракт 2025 жылға қарай аяқталады. Оған дейін ашық әдіспен алуға болатын шикізат қоры іс жүзінде қалмайды. Ал, жерасты жұмысы кәсіпорынның тағы он жыл алтын беруіне мүмкіндік туғызар еді. Бұл арада қиындық туғызатыны шахталар салу, оған қызметкерлерді оқыту. Мұның шығыны аз болмайтын түрі бар. Оның үстіне Салық кодексінде пайдалы қазбаларды игеруге салынатын салықтың өсетіні туралы әңгімелер бұл жұмыс әдісін мүлде тиімсіз ететін жағдай туындауда.
–Салық кодексіне өзгерістер әлі қабылданған жоқ. Жабық әдіспен жұмыс істейтін табиғатты пайдаланушыларға салықты азайту мәселесі қарастырылуда. Бірақ, бұл мәселенің қалай шешілері белгісіз. Сонда да, бізге шахталар көмегімен сіз басқаратын кәсіпорынның әлі он жыл жұмыс істей алатынын, сөйтіп, екі мыңнан астам жұмыс орнын сақтап, еліміздің ішкі жалпы өніміне айтарлықтай үлес қосатынын есту өте дұрыс болды, – деп атап өтті вице-министр. Вице-министрмен келген делегация мүшелері карерьде және алтын айыратын фабрикада болып, өндірістік және технологиялық процестермен танысты. Көпшілігі мұндай жұмыс сапарларының өндірістік мәселелерді біліп, түсіну тұрғысынан пайдалы екендігін айтып жатты…
«Арқа ажарының» өз ақпараты.