Құрметті ақмолалықтар!
Баршаңызды Ұлттық домбыра күнімен құттықтаймын! Ұлы даланы сан ғасырлар бойы мекендеп келе жатқан халқымызбен бірге жасасып келе жатқан қасиетті әрі көне мұраларымыздың бірі домбыраны әрқайсымыз кие тұтарымыз анық.
Қазіргі уақытта қазақстандық талантты өнерпаздар тамаша өнер шығармаларын домбырада орындап, біздің ұлттық аспабымызды әлемге танытып келеді. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды маусым айының 16-да Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың жиынында «Біз бүкіл ел болып Жаңа Қазақстанды құрамыз. Бұл – оңай шаруа емес. Жұртымыз жаңаша өмір сүруге бейімделуі қажет. Халқымыздың сана-сезімі, құндылықтары түбегейлі жаңаруы керек. Сонда ұлттың жаңа сапасы қалыптасады», – деп атап көрсеткен болатын. Осыған сәйкес ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруда біздің ұлттық өнеріміздің маңызы арта бермекші.
Қазір біздің облысымызда қазақтың талантты өнерпаздары қатарында домбыра тартып, күй ойнап, ән шырқайтын өзге ұлт өкілдері де көбейіп келеді. Өңірдің барлық мәдениет салаларында ұлт аспаптар оркестрлері жұмыс істейді. Өнерпаздар ұжымдарын домбырамен және өзге де ұлт аспаптарымен жабдықтау жақсарып келеді.
Ұлттық Домбыра күні құтты болып, өнеріміз өрлеп, Жаңа Қазақстанды құру жолындағы еңбектеріміз жанып, еліміздің бірлігі нығая берсін!
.