Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Дөңгілағаштың қайсар ұланы - АРҚА АЖАРЫ

Дөңгілағаштың қайсар ұланы

ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту ордендерінің иегері, партия-совет қызметінің ардагері, қоғам қайраткері Жұман Мұқымовтың бір ғасырлық ғибратты ғұмыры өскелең жастарға үлгі-өнеге болғандай

Көз алдымызға кәдімгі хиссалардағы жаужүрек батырларды елестететін қос майданның ардагері Жұман Мұқымов жерлестері мен ағайынның есінде қайсар мінезімен мәңгілікке қалары сөзсіз. Алдағы желтоқсан айында жүз жасқа толатын Дөңгілағаш ауылының тумасы, алдияр қария кешегі сұрапыл соғыста көзсіз ерлігімен, партия-совет қызметінде іскерлік қабілетімен әріптестерінің шынайы құрметіне бөленді. Ел ардақтысы Жұман Мұқымұлының рухына бағыштап, ағайындары 16 шілдеде, Дөңгілағаш ауылында ас бермекші екен.

Уәли ханның мәмілегер елшісі болған аузы дуалы Бекше би ұрпақтарының киелі атамекені Дөңгілағаш ауылында 1922 жылғы 1 желтоқсанда өмірге келген Жұман Мұқымов мәнді де, мағыналы ғұмыр кешті. Көпті көрген қазыналы қариялар Мұқым әкей мен Еркежан анасының қамқорлығына бөленген зерделі жігіт орта мектепті үздік бітіріп, 1940 жылы алғашқы еңбек қадамын аудандық прокуратурада хатшылық қызметтен бастап, Көкшетау ауданының №3 жылқы заводындағы құпия бөлімінің бастығы болды.

Асыл тұқымды және спорттық бағыттағы жылқы шаруашылығын өркендетудің құпия-сырын көпшілікке жария етпеу – тікелей оның міндеті болатын. Сонымен бірге, мұнда айрықша әскери құрамаларда істейтін білікті мамандар да даярланды. Осындай жауапты жұмысты жауапкершілікпен атқара жүріп, өзі де шыңдалды. Өмірді жаңа қырымен танып, білді.

Ата-анасына ауыртпашылық түсірмей, қаражат жинап, жоғары оқу орнына түсуге ниеттенген өршіл өреннің арманы мен үміті су сепкендей күрт үзілді. Соғыс өрті шалғайдағы Дөңгілағаш ауылын да шарпып, сүттей ұйып отырған елдің шырқын бұзды. Неміс-фашист басқыншыларымен шайқасқа аттанған 63 боздақтың тек 27-сі ғана елге аман оралды. 1941 жыл.

Айналасын қалың орман көмкерген Дөңгілағаш ауылында қара дауыл басылмай қойды. Елдің іске татыр азаматтары соғысқа аттанып, барлық ауыртпашылық кәрі-құртаң мен бала-шағаның мойнына жүктелген сындарлы сәттегі жан күйзелісі аздай, табиғаттың жойқын бұл құбылысы адамдарды мүлдем есеңгіретіп тастады. Болмашы қиындыққа мойымайтын, қайраты мол Мұқым әке басын көтерместен бүк түсіп жатып қалды. Осының алдында ғана қос ұлы Атымтай мен Жомартты майданға шығарып салғанда да мұндай күйзелмеген-ді. Он жылдықты жаңа ғана бітіріп, өмірді жаңа ғана тани бастағанда Жұманның әскерге шақырылуы қайсар қарияны әбден қажытты.

Алайда, жау жағадан алған сындарлы шақта Отан қорғау – ер жігіттің парызы болғандықтан Жұманды Дөңгілағаш ауылы біркісідей майданға шығарып салды. Ауылдан ұзап шықпағандығы былай тұрсын, қолына мылтық ұстап көрмеген өрен алдымен Москва облысының Вологодск қаласында кіші командирлер даярлайтын үш айлық курста оқиды.

Кейін бөлімше командирі, сержант Жұман Мұқымовтың 10 жауынгері Ефремово қаласы үшін болған шайқаста таңғажайып ерлік көрсетеді. Кеңес әскерінің тегеурінді шабуылына тойтарыс бере алмаған немістер шегінуге мәжбүр болды. Әрине, қашқан жауды баудай қырып тастау қиын емес. Күш-қайраты мол бөлімше командирі Жұман да бетпе-бет келген жаудан тайсалмай, бірнешеуін жайратып тастайды.

Соғыста жаудың ұрыс құпиясын білу үшін «тіл әкелу» өте маңызды. Взвод командирінен бұйрық алған Жұман бөлімше жауынгерлерін үш топқа бөліп, алдарына нақты міндет қояды. Үстеріне саперлердің ақ киімін киіп, немістердің окопына қарай жақындайды. Немістер қаннен-қаперсіз тыныс алып жатыр екен. Ал, олардың командирі қаруын тазалап отырғанда бөлімше жауынгерлері тұтқиылдан тарпа бас салып, оны қолға түсіреді. Осы операцияны сәтті орындағаны үшін бөлімшеге алғыс жарияланады.

Ұрыс даласында қаһармандығымен көзге түскен қазақ жігіті Жұман Мұқымов Мичуринскідегі училищеде оқып, 1942 жылы қазан айында Белорусь майданының 109-шы полкындағы төртінші ротаға командир болып тағайындалады. Брянск қаласы маңындағы шешуші шайқаста өжеттік танытқан аға лейтенант Ж.Мұқымовтың ротасы қатар орналасқан Иваново селоларын азат етеді.

Олар жаудың бес дүркін шабуылына тойтарыс береді. Жаудың самолеттері кеңес әскері орналасқан бекіністі бомбалағанымен нысанаға дөп тигізе алмады. Шығын шамалы болды. Әлгіндей болмай жаудың 9 танкісі Жұманның ротасына қарай беттеп келе жатты.

– Саспаңдар жігіттер, танкілерді өткізіп жіберейік те, сырттан шабуыл жасайық,–деді рота командирі Жұман Мұқымов. Ұрыс даласындағы айла-тәсілді еркін меңгерген ол осылай айласын асырып, әуелі немістердің жаяу әскерін қырып, сосын танкілерін жалын құштырды.

Ұрыс қызуымен өзінің ауыр жараланғанын да байқамайды. Дес бергенде оны байланысшы Денис байқап қалады да, дереу санбатқа жеткізеді. Төрт бірдей операция жасалады. Осы сәтте Дөңгілағаш ауылына белгісіз себеппен «Жұман өлді» деген қара қағаз да келеді. Алайда, селолық кеңес төрағасы бұл суыт хабарды ата-анасына айтпайды. Сонысы дұрыс болыпты. Артынан екі айдан соң ауылға Жұманның өзінен де хат келеді.

Бар-жоғы 22 жасар, тепсе темір үзер, алпамса жігіт бір аяғынан айырылып, 1944 жылдың қақаған қаңтарында елге оралады. Өршіл өреннің ендігі тағдыры не болар екен-ау деп күдіктенгендер де көп болды. Алайда, қайсар мінезді жас жігіт тағдырдың тәлкегіне жасымады. Өйткені, сол сәтте өзінен басқа оның жан дүниесін түсінетін ешкім болмады. Ауыл тіршілігімен біте қайнасып, жастарға ұйытқы бола білді.

Білімді, алғыр жігітті билік басындағылар да назардан тыс қалдырмады. 1944 жылдың қаңтарында аудандық тұтынушылар одағы сауда бөлімінің меңгерушілігіне қызметке алынады. Қысқа мерзім ішінде бұрын істемеген беймәлім кәсіптің қыры-сырын тез меңгеріп, Көкшетау аудандық атқару комитетінің сауда бөлімінің басшысы қызметіне жоғарылатылады.

Қоғамдық жұмыста белсенділік танытып, беделге ие болудың арқасында ол 1946 жылы партия қатарына алынып, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады. Жаңалыққа жаны құмар алғыр жігіт ауыл-село жастарының өндірістегі белсенділігін арттырумен бірге, оларды бұқаралық спортқа, көркемөнерпаздыққа баулиды. Әсіресе, соғыста шәйіт болғандардың отбастарын шынайы қамқорлыққа алады.

Майданнан оралғандарды жұмысқа орналастыру, пәтермен қамтамасыз ету де бірінші хатшының назарынан тыс қалмайды. Комсомолдардың жалынды жетекшісі Жұмандай алғыр жігіттердің арқасында ауыл өмірінде жаңалықтың нышандары байқала бастайды. Дегенмен де, қол жеткен жетістікке дер кезінде қолдау көрсетіп, тың бастамаларға ұйытқы бола білетін білікті мамандар ауадай қажет болды. Бұл орайда оған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы екі жылдық партия мектебінде оқуының пайдасы көп тиді.

Әр қызметтің өзіндік ерекшелігі, өзіндік жауапкершілігі болады ғой. Мәселен, Чкалов аудандық партия комитетінің Каровенский машина-трактор станциясы бойынша хатшысы болып істегенде ауыл шаруашылығы өндірісімен, әлеуметтік мәселелермен мықтап айналысуына тура келді. Еңбек ұжымдарында жиі болып, қарапайым жұмысшылардың ұсыныс-пікірлеріне ерекше ден қойды. Көпті көрген көнекөз қариялардың отбасылық құндылықтар мен салт-дәстүрлер жайлы айтқан әңгімелерін зердесіне тоқи білді.

Тың және тыңайған жерлерді игеру жылдары құрылған Ленинград ауданы Жұман ақсақалдың өмірінде айрықша із қалдырды. 1958-1969 жылдар аралығында ол аудандық партия комитетінің хатшысы, кейінгі жеті жылдай аудандық атқару комитетінің төрағасы болып істегенде қоғам қайраткеріне тән іскерлік қабілетімен танылды.

Бұл кезеңде аудан 4,6 мың шаршы километр аумақты алып жатты, оның ішінде егіс көлемі 218 мың гектарды құрап, 28 елді мекенде 21 мыңдай адам тұрды. Ал, шаруашылықтардың «Киевский», «Менжинский», «Ленинградский», «Куйбышевский», «Кузбас» деген атауларынан ондағы тұрғындарынан тың игеру жылдары Кеңес Одағының қай өңірлерінен келгендігін аңғару қиын емес-ті.

Уақыт көші ілгері қадам басқан сайын басшыларға жүктелер жауапкершіліктің де салмағы арта түсті. Таптаурынды жұмыс әдістерінен тез арылып, жаңашылдыққа шұғыл бетбұрыс жасайтын кез келді. Мәселен, ауыл шаруашылығы өндірісінде ауыспалы егіс жүйесін енгізу, топырақтың картасын жасап, тыңайтқыштарды тиімді пайдалану, мал тұқымын асылдандыру, бір сөзбен айтқанда, ғылым жетістіктері мен озық тәжірибені кәдеге жарату міндеті жүктелді. Тұрғын үй және жол құрылысын да күн тәртібінен түсірген емес.

Алайда, ұрыс даласында тапқан «олжасы» ағаш аяқпен күн-түн демей өндіріс және әлеуметтік нысандарды аарлау оған оңайға түскен жоқ. Жылына бір рет курортқа барғанына ғана мәз болып, ауруханада жатып емделмепті де. Жаңға батқан сырқаты жалғыз өзіне аян болғанымен, оны сыртқа жайғысы келмеді. Намысшыл азамат қызметіне де қылау түсірмеді.

Алайда, шыдамның да шегі бар ғой. Бәлкім осы жағдайды ескерген болуы керек, облыс басшылығы оған баспасөздегі мемлекеттік құпияны сақтайтын облыстық басқарманы басқару қызметін ұсынады. Табиғатынан бірбеткей мінезді Жұман Мұқымов бұл жұмысты да зейнеткерлікке шыққанша арына дақ түсірмей абыройлы атқарып шықты.

Оның тосын оқиғаларға толы мінез-құлқы мен іс-қарекетінен әрдайымда ізгіліктің ізі байқалып тұратын. Сол себепті ол ағайыннан, дос-жарандарынан ойын жасырмай ашық айтатын. Бұған 1983 жылғы 9 маусымда ел азаматтарына, асыл жары Қазимаға арнап жазған аманат хаты дәлел болса керек.

Онда былай делінген: «Ойда жүрген армандар, алға қойған мақсаттар қаншама еді. Қас-қағым сәттей болып өте шыққан алпыс жылдық ғұмыр ішінде не тындырдым, не бітірдім деген сауал мазалайды. Осы ғұмырда кімді ренжіттім, кімге орынсыз тілім тиді деген ой жаныма тыныш берер емес.

Отанға, қырық жылдан мүше болып келген коммунистік партияға арнаған еңбегім өздеріне мәлім. 18-ге толар толмас шағымда қолға қару алып, майдан даласында болдым. Бір аяқтан айырылып мүгедек болып қалсам да ел үшін еңбек етсем деген бір сезім қол қусырып қарап отырғызбады. Тың игеру жылдарындағы қар жамылып, мұз жастанған кездер де естен кетер емес. Қайда болсам, қайда жүрсем де аяулы азаматтарым менің сенімді тірегім, берік сүйенішім бола білдіңдер.

Ренжітсем кешіріңдер, артық кетсем ғайыптамаңдар, орталарыңда өзімді еркін, ерке сенуші едім. Бауыр етім балаларым, өздеріңмен мәңгілік қоштасу мен үшін неткен ауыр, неткен қиямет еді. Қырық жылдай отасқан аяулы Қазима-Әзікешім, жаным! Тағдыр қатал екен, басымнан кешкен бар қайғы-қуанышымды тең бөлісе білген жан серігім, бақұл бол. Мен жеткізе алмай кеткен жолды өзің жалғастырарсың, жастай қалып бара жатқан боталарымнын бар қызығын өзің көр, көп жаса».

Иә, осы аманат хаттағы жүрек қылын шертер әр сөз, әр сөйлем Ұлы Отан соғысының қайсар жауынгері, асыл жар, ардақты әкенің өмірге деген шынайы көзқарасын, қоғам алдындағы азаматтық парызына адалдығын паш ете түскендей. Бұған оның омырауын нұрландырып тұрған ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы, екі бірдей Еңбек Қызыл Ту ордендері мен 13 медаль айқын дәлел болғандай. Елін, халқын шын сүйген Жұман Мұқымовтай асыл ерлердің аты мәңгі өшпейді. Рухына тағзым етіп, ғибратты ғұмырын өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге ету – біздің де азаматтық парызымыз.

Шияп ӘЛИЕВ,
Зеренді ауданының құрметті азаматы,
қоғам қайраткері.

Балталы СӘРСЕНБАЕВ,
Ақпарат саласының үздігі, журналистика ардагері.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар