Ақмола облысы әкімінің орынбасары Елдос Рамазанов Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Герои Социалистического Труда Кокшетауской области» кітабының тусаукесеріне қатысып, өңір басшысы Ермек Маржықпаевтың атынан өлке тарихы мен адамдары жайлы құнды еңбек жазғаны үшін Александр Татарский мен Дәулетжан Ахметжановқа шынайы ризашылығын білдірді және облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.
Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиевтің жетекшілігімен болып өткен шараға бұрынғы Көкшетау облысының аудандары ардагерлер кеңестерінің төрағалары, зиялы қауым мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылды.
«Мир печати» баспасынан орыс тілінде шыққан «Герои Социалистического Труда Кокшетауской области» кітабын «Өлке даңқын асырғандар» – «Гордость и слава земли Кокшетау» кітабының дәстүрлі жалғасы деуге болады. 2020 жылы жарық көрген алғашқы кітаптың кейіпкерлері ел ардақтысы Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің әріптестері, шәкірттері болса, екінші жинақ – Көкше өңірінің өркендеуіне сүбелі үлес қосып, Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған 84 тұлғаның еңбек жолына арналған. Ел тарихынан сыр шертетін бұл кітап еңбектің құдіретті күш екендігіне көзімізді тағы бір жеткізді.
Кітаптың бірінші тарауы облыстар мен аудандардың басшыларына, екіншісі – совхоз директорлары мен колхоз төрағаларына, ведомостволардың жетекшілеріне, үшіншісі – халық шаруашылығының барлық саласының жұмысшыларына арналған. Іскерлік қабілетімен көкшетаулықтардың ілтипатына бөленген ел ардақтылары Е.Әуелбеков, Б.Әшімов, Б.Жанғалов, А.Иванов, О.Қуанышев, М.Кущ, Н.Нижников, А.Никулин, В.Окунев, П.Синельников, Ә.Өмішевті қалайша мақтан етпеске. Шаруашылық басшылары И.Алибеков, М. Беляев, А. Вагин, С.Ефимов, Н.Золин, С.Колбаскин, Н. Козинец, А. Левандовский, А. Михедько, Қ.Мүсіпов, Ұ.Нұрсейітов, В.Пышмынцев, И.Руденко, Д.Скрипкин, И.Щегловатых, Б.Яворскийдің ұйымдастырушылық шеберлігіне ерекше тәнтіміз.
Егінжайда алтын дән өсіріп, жайлауды төрт түлік малға толтырып, өндірісте еңбек көрігін қыздырған қайсар жандармен алқалы жиындарда жиі кездесіп, сұхбаттасудың да сәті түсті. Мәселен, щучьелік атақты жүргізуші Жәмшит Қожантаевтың астық тасымалындағы комбитрейлі озық әдісі жайлы Мәскеудің Орталық телевизиясы арнайы хабар түсірсе, біз жергілікті газеттерде осы тәжірибені кеңінен тараттық. Ел мерейін өсірген қос санлақ, қос диқан червонныйлық Сүйіндік Есмағанбетов пен қызылтулық Есілбай Қадыралин қазір Көкшетау қаласында тұрады. Екеуі де аталған іс-шараның құрметті мейманы болды.
Кітап авторы комсомол органдарының ардагері, өлкетанушы Александр Татарский мен құрастырушы әрі редакторы Ақпарат саласының үздігі, журналистика ардагері Дәулетжан Ахметжанов – көкшелік оқырманға жақсы таныс қаламгерлер. Олар осы жолы да егінжай мен жайлауды, құрылыс алаңы мен өндірісті еңбек әуеніне бөлеген атақты жерлестеріміздің образын суреттеуде шығармашылық ізденіс таныта білген. Ал, полиграфиялық тұрғыдан әсем безендірілген кітаптың беташары Ақмола облысының әкімі Ермек Боранбайұлы Маржықпаевтың мақаласымен ашылуын барша көкшетаулық Еңбек Ерлеріне, ардагерлер қауымына көрсетілген құрмет деп білеміз.
Тұсаукесер шарасының модераторы Шияп Әлиевтің сөзімен айтқанда, Көкшетау-Ақмола өңірінің қоғамдық-саяси өмірінде айтулы екі оқиға күтіп тұр: атап айтсақ 2024 жылы Көкшетау қаласының іргетасы қаланғанына 200 жыл, Көкшетау облысының құрылғанына 80 жыл толады. Ал, 2025 жыл – Ұлы Жеңістің 80 жылдығы. Міне, ел еңсесін көтеретін осындай атаулы мерекелерді жоғары деңгейде өткізу алдымен зиялы қауымның, жергілікті биліктің басты міндеті. Ендеше, ұрпақ сабақтастығын жалғастыру үшін осы бастан арнайы комиссия құрып, жоспар жасап, дайындыққа кірісу керек.
Алғашқы болып құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Елдос Мұратұлы аталған кітаптың өскелең ұрпақты еңбекке баулып, отаншылдық сезімін оятатынын ерекше атап көрсетті. Келешекте осы үрдістен танбай мектептер мен орта оқу орындары арасында тығыз ынтымақтастық орнатып, қазақ балаларын жұмысшы мамандығына көбірек тарту жағын ойластырған жөн.
Кітап кейіпкерлерімен біте қайнасып, қайнаған қызу еңбектің куәгерлері болған қазыналы қариялар Болат Жанәділов, Тельман Мұқышев, Армия Әбілқайыров, Ақмола облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Ермек Нұғыманов, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің лектор-докторанты Ғалымтай Төлепбергенов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл, ел ағасы Хабиболла Ғазизов Еңбек Ерлеріне арналған аллея жасау, олардың еңбектерін мектептерде, жастар арасында кеңінен насихаттау жөнінде де тұшымды пікір білдірді. Сондай-ақ, Көкшетау, Ақмола өңірінің танымал тұлғалары жайлы көлемді еңбектер жазғаны үшін Александр Татарскийді Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне ұсыну жөнінде де ұсыныс айтылды.
Жазушы, қоғам қайраткері Жабал Ерғалиевтің аталған кітап жайлы облыстық «Арқа ажары» және «Акмолинская правда» газеттерінің 5 шілдедегі нөмірлерінде жарияланған «Ерлері Көкшетаудың еңселі еді» публицистикалық мақаласы бойынша шығарылған буклет салтанатты шараға қатысушыларға таратылды. Ал, «Герои Социалистического Труда Кокшетауской области» кітабы Көкшетау қаласындағы кітапханаларға табысталып, шығарма кейіпкерлерінің отбастарына үлестірілді.
Байсалды пікір алмасу жағдайында өткен тұсаукесер рәсімінде айтылған ұсыныстарды назардан тыс қалдырмау үшін осы бастан нақтылы жұмыс жоспарларын жасап, жергілікті атқарушы және өкілетті органдар орта және жоғары оқу орындарымен бірлесе отырып, жұмысшы кадрларын даярлау жөнінде ынтымақтастық меморандумын қабылдағаны жөн. Ал, ардагерлер ұйымдары жалғыз тұсаукесер рәсімімен шектелмей, осы тақылеттес шараларды жастар арасында да жиірек өткізуін қалаймыз. Біз осылай ғана қазақ жастарының кәсіби біліктілігін жетілдіріп, жұмыссыздықты жоюға ықпал ете аламыз.
Балталы СӘРСЕНБАЕВ,
журналистика ардагер.