немесе жақсының жалғасы
Айтыс өнерінде Көкен Шәкеевтің есімін білмейтін адам кем де кем шығар. «Көкшенің көк нөсері Көкен ақын» деп дәріптеген Қазақстанның халық ақыны, Қазақстанның ақын-жыршылар қоғамының президенті, көптеген республикалық айтыстардың жүлдегері, екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Көкен Шәкеев артына өшпес із қалдырып, қаншама шәкірт өсіріп, суырып салма ақындықтың мектебін ашып, ұлттық құндылығымыздың жауһарын шашып кеткен тұлға.
Бір өзіне жетер атақ-абыройы бар Көкен Шәкеевтің арғы атасы Үрпек батыр Абылай хан мен Кенесары хандардың тұсында батырлығымен тарихта қалған. Одан бергі атасы Шәкей өз өңірінде ерекше қабілеттерімен танымал болған кісі. Ақан сері Құлагерінен, аяулы қыраны Көкжендеттен, сүйген жары Ұрқиядан айырылып, құса болып жүргенде, қайғысын ұмытсын деген ниетте Шәкей ата өзінің Шоқпыт атты бүркітін ұсынған екен.
Көкен Шәкеев анасы Ажардың шығармашылық және тамаша вокалдық қабілеттерге ие болғанын, ақындық қабілетін анасы арқылы керей нағашыларынан алғанын айтады.
Әкесімен замандас әрі жолдас болған сол кездің Қазақстанға танымал суырып салма ақыны Шәкен Отызбаев Көкен Шәкейұлының талантын ерте танып, ақ батасын берген екен.
Бір бала атасына жете туады, бір бала атасынан өте туады демекші, Көкен Шәкеевтің өз балалары да өнерлі, талантты болып туған. Солардың ішінде Еркеш Шәкеевтің өнері ерекше. Еркеш Шәкеев – бард әндері мен эстрадалық хиттерден неоклассикалық музыкаға өткен қазақстандық танымал композитор әрі әнші.
Ол 1962 жылы 5 мамырда бұрынғы Көкшетау облысы Рузаевка ауылында дүниеге келген. 1999 жылы Австралияда өткен «Тынық мұхиты» халықаралық ән байқауының 3-ші жүлдегері, Британ композиторлар мен ән жазушылар академиясының арнайы сыйлығының иегері, «Еуропалық үздік шығарма» байқауы бойынша «Тарлан» Платина сыйлығының иегері, әр жылдары Бүкілодақтық «Жыл әні» телефестивалінің лауреаты.
Еркеш Шәкеев 1987 жылы «Жастар дауысы» республикалық жас таланттар байқауында жеңімпаз атанғаннан кейін кәсіби музыкамен айналыса бастады. Осы жеңісінен кейін ол арнайы шақырумен Тасқын Оқаповтың жетекшілігімен «Арай» ансамбліне ән жазушы болып жұмысқа орналасады.
Еркеш Шәкеевтің A’Studio, Батырхан Шүкенов, Ани Лорак, Анита Цой, «Musicola» дуэті, «Дуэт «Л», «Восток» тобы, Нағима Есқалиева, Рахат Лукум тобы, Парвиз Назаров, Рахат Тұрлыханов, Толқын Забирова, Бауыржан Исаев, Динара Сұлтан, 101 тобы, тағы басқа жұлдыздардың орындауында ондаған альбомдары шықты.
200-ден астамөлең жазып, әлемдік деңгейде музыка жазғаны оның тума талант, ерекше дарын иесі екенін аңғартады. Өнер көкжиегінің ауқымы кең Еркеш Шәкеев ешқашан әкесінің атын жамылмаған, қаншама қиындықтар, кедергілер болса да, ол әрдайым өзінің табандылығымен, еңбегімен шоу бизнестегі өз жолын тапты. Ал, осынау бәрі оның алғаш Көкшетау облысының атынан 1985 жылы сол кездегі шығармашыл жастардың республикалық «Жігер», қазіргі халықаралық «Шабыт» фестиваліне қатысып, бағын сынауынан басталған еді.
–Мен ес білгелі музыка жазып келемін. Маған әуен ғарыштан келеді, мен тек сол музыканы ойнаймын. Алғашында гитараға арналған бард әндер жаздым, одан кейін попса жанрына арналған әндермен айналыстым. Ал қазір міне, неоклассика жанрында музыка жазып жүрмін. Яғни, менің шығармашылығымды эволюция деуге болады. Мен тіпті өзімнің жазып жүрген әуендерімнің неоклассика екенін де білмеппін. Енді міне, Марат Бисенғалиевтің арқасында шығармашылығым жаңа белеске көтерілді. Марат тек ғажап скрипкашы, орындаушы ғана емес, әлемдік мәдениетте, музыкада үлкен беделге ие тұлға, іскер продюсер – дейді өз сөзінде Еркеш Көкенұлы.
Еркеш Шәкеев пен Марат Бисенғалиев бірігіп, Лондонның корольдік симфониялық оркестрімен альбом жазып жарыққа шығарды.
Осылайша әлемдік деңгейге қадам басқан табиғи талант иесі Еркеш Көкенұлының жақында тағы бір жағымды жаңалығын Tengrinews.kz
хабарлады 2019 жылдың мамыр айында Еркеш Шәкеев Алматыда қайырымдылық концертін өткізген болатын. Сол кезде оның музыкасын британдық пианист Оливер Пол ойнап берген еді. Лондон фестивалінің ұйымдастырушылары осыдан кейін жерлесіміздің шығармаларын Ұлыбританиядағы International Composers Festival Халықаралық фестивалінің бағдарламасына енгізу туралы шешім қабылдады. Фестивальге арналған музыка бүкіл әлемнің жүздеген шығармаларынан таңдалған.
Шәкеевтің туындыларының бірі – Zingarella-ресми ашылуында шырқалды, сонымен қатар, концерттер бағдарламасына My Princess вальсі енгізілді. Партитуралар оркестрді басқаратын әйгілі дирижер, американдық Даниэль Бутқа жіберілген. 2022 жылдың 20-22 мамырында Ұлыбританияда өтетін халықаралық композиторлар фестивалі – қазіргі заманның 40-тан астам көрнекті авторларының шығармалары шырқалған жаңа және қызықты бірегей музыканың үш күндік мерекесі. Әлемге танымал композиторлардың қатарында Еркеш Шәкеевтің музыкасын танымал музыканттар мен оркестрлер орындағаны ірі жетістік.
Жоғарыда айтылған қайырымдылық концертіне пианист Oliver Poole, Mezzo тобы, Марат Бисенғалиев, A’Studio, Карина Абдуллина, Толқын Забирова, «Евровидения» қатысушысы Bianca Nicholas, тағы басқалары қатысты. Осы концертте Еркеш Көкенұлы тағы бір қырынан танылды. Ол қайырымдылық концертінен жиналған қаражатқа жертөледе пәтер жалдап жүрген бес қыздың анасы Айнұр Махымоваға төрт бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті. Әлеуметтік желілерден көріп, көмекке мұқтаж отбасына көмек қолын созуды жөн санаған композитордың үлкен жүрек иесі екендігін айтып жатудың өзі артық.
Жерлесіміз Еркеш Шәкеевтің биыл 60 жасқа толуына орай, М.Жұмабаев атындағы облыстық кітапханада ақпараттық сағат өткізілді. Өңіріміздің мақтанышы болған Еркеш Көкенұлының өмірі мен өнер жолы жас оқырмандарға таныстырылып, насихатталды.
Бостангүл ЕРМАНОВА,
М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының өнер бөлімінің меңгерушісі.