Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қазақша білмесек қысылайық, білуге ұмтылайық - АРҚА АЖАРЫ

Қазақша білмесек қысылайық, білуге ұмтылайық

Қазіргі кезде қазақ жері ұлттар мен ұлыстарды ұйыстырған ұлы мекенге айналды. Қазақтың ұлы даласы, оның тілі – барша қазаққа және осы жерді атамекенім дескен рухы биік, жүрегі «қазақ» деп соғатын азаматқа ортақ. Ата-бабаларымыздың бұрыннан аңсап, армандаған тәуелсіздігіне қол жеткізгенімізге 31 жыл толғалы отыр. Осындай аз ғана уақытта әлемге өзін паш ете білген Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілі.

Мен – қазақпын! Бойымда азаттық жолында төгілген батыр бабаларымның қаны бар. Менің қазақтығымның басты нышаны – ана тілім. «Ана тілі» ұғымы мен үшін қасиетті де қастерлі, өйткені ана тілі – бұл атамның, анамның тілі, халқымның тілі.

Өз басым, қазақ тілі – ана тілім екенін мақтанышпен айта аламын! Қалайша мақтан тұтпасқа!.. Біздің дәуірімізден мыңдаған жыл бұрын әлемдегі ең алғашқы жазуларды ойлап тауып, күйдірілген саз балшықтарға жазып кітап қалдырған шумерлер біздің бабаларымыз емес пе?! Сол кітаптардағы ең көп өзгермей, сақталған сөздердің қазақ тілінен табылғаны да керемет емес пе? Қазақ тілі – дүниезжүзі бойынша қолданыстағы алты мыңға жуық тілдердің ішіндегі қолдану өрісі жағынан жетпісінші болса, сөз байлығы мен көркемдігі, тіл оралымдығы жағынан алғашқы ондықтар қатарындағы тіл. Ол әлемдегі ауызша және жазбаша тіл мәдениеті қалыптасқан алты жүз тілдің және мемлекеттік ұлы мәртебеге ие екі жүз тілдің қатарында нық орын алып тұр.

Мәңгілік Ел – халқымыздың сан мың жылдан бергі аңсаған асыл арманы. Міне, егеменді даму жолының отыз жылында тәуелсіз елдің іргетасы қаланып, оның басты құндылықтары мен бағыттары айқындалды. Осы мақсатта еліміздің президенті жыл сайын халыққа өз Жолдаулары арқылы бағдар беруде. Соның ішінде ана тілімізде мемлекеттің барлық жүйесінде қолданылуы үшін, қоғамда өзекті болуы үшін біз өзімізден бастап, атсаласуымыз қажет.

Шынымен, ойлап отырсақ, бізге не жетіспейді? Мемлекет тарапынан тілді дамыту үшін біршама жағдай жасалып жатыр. Қазір телеарнада берілетін жаңалық болсын, газет-журналдардағы мақалалар болсын екі тілде шығарылады, кез-келген оқу орнында қазақ тілі сабақтары жүреді. Менің біраз таныстарым қазақ тілінің қосымша курстарына қатысып, дәріс алуда. Бұл да керек шығар, себебі Кеңес заманында мүлдем жойылып кетуіне сәл ғана қалған қазақ тілінің «өз аяғына тік тұрып кетуі үшін» барлық жағдай жасалғаны, әрине, дұрыс шешім.

Қазақ тілі – біздің рухани тірегіміз. Оның бұлай болуы – тәуелсіз ел үшін заңды. Мемлекеттік тіл – әр қазақстандық үшін мақтаныш та, парыз да. Ел келешегі жолында жасалған кез келген ісіміз тіл игілігі үшін де жасалуы тиіс. Ел де, жер де – қазақтікі, олай болса, ел болудың ұяты мен жүгі де қазақтың мойнында. Қазақ тілі алдымен, қазаққа керек. Соны жан-тәнімізбен сезінуге тиістіміз. Егер ел иесі, тіл иесі ретінде біз биік болсақ, өзгелерге де сыйлы да құрметті боламыз. Санасын оята алмай жүрген қандастарыма айтарым: мемлекеттік тіл өзінің шын мәніндегі Ата заңдық мәртебесіне жете алмай жүргеніне отаршылдық дәуірді, басқа біреуді кінәлағанды қою керек, ендігі кезеңде қазақ тілінің тағдыры біздің, а қазақтың ұятында екенін түсінейік! «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!» – дегенді ескермесек, ұяттау болар.

Менің өз басым, тілді мұңды мәселеге айналдыра беруге қарсымын. Онсыз да біздің басымызға үлкен бақ қонды ғой. Ол – Тәуелсіздік! Сол азаттықтың басты жемісі – қайта оралған тіліміз, қазақтығымыз бен жалпы рухани құндылықтарымыз. Жоқ болудың алдында тұрған қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алып, тәуелсіздікпен бірге қайта түлеп келеді. Осы мерзімде қазақ тілінде білім беретін мектептер де, балабақшалар да  ашылды. 2050 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгерген халықтың үлесін 95 пайызға жеткіземіз деген ұлы мақсат та бар. Бұл міндетті орындау жолындағы алғашқы қадамдардың нәтижесі де жаман емес. Олай дейтінім: қазір «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім іл» деген қанатты сөздердің үдесінен шығып жүрген басқа ұлт азаматтарының саны артуда. Ондай оқушылар менің білім алған лицейімде де көп. Еліміз көпұлтты мемлекет болғандықтан, басқа ұлт өкілдерінің қазақ тілін жетік меңгеріп, еркін сөйлеуі – азаматтық парызын түсінуі, осы жерде бұрыннан тұрып жатқан қазақ халқына құрмет көрсетуі деп білемін.

Менің достарымның арасында әр ұлттың өкілдері бар. «Жүзіміз басқа болса да, жүрегіміз бір, тіліміз басқа болса да, тілегіміз бір, атамыз басқа болса да, Отанымыз ортақ» біз – Қазақстанның жарқын болашағымыз. Ата-бабамыз тірі болу үшін бір болса, біз әрдайым ірі болу үшін бір болуға тиістіміз. Біздің ортақ ниетіміз бар – ол еліміздің іргесін нығайту. Ал, ол іргенің мықты болуының басты бір қағидаты – қазақ тілінің мықты болуында.

​Мен Көкшетау қаласындағы мектеп-интернатында оқып жүріп, қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілдерін меңгердім, білім алдым. Әр тілдің өз айырмашылығы, әсемдігі бар. Тілді білудің және қолданудың пайдасы шексіз. Тіл үйрену арқылы адамның бойында биік рух қалыптасады, тіл адамды адамгершілікке тәрбиелейді. Әрі үш тілді жетік меңгерген, көзі ашық, білікті азамат – заманауи жас Қазақстан азаматының жарқын келбеті.

Олай болса, өз ойымды былай деп қорытындылағым келеді. Қазақстан – әлемдік аренада мойындалған, өзіндік бет-бейнесі бар мемлекет. Сондықтан еліміз бәсекеге қабілетті болу үшін қазақ тілі де сондай деңгейде дамуы – әрбіріміз үшін үлкен міндет. Мемлекет тарапынан тілдің мерейін үстем ету мақсатында біраз іс-шаралар атқарылуда. «Көп түкірсе көл» демекші, әрқайсымыз тілімізді мәңгілік ету жолында тамшыдай болса да, өз үлесімізді қосуымыз тиіс. Сонда ғана қазақ тілі өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналған шын мәніндегі бәсекеге қабілетті тіл болады.

Болашақта ұрпағы өз тілін жете меңгерген, ұлт болатынымызға  кәміл сенемін. Ұлттықтың нышаны  – ана тілі.

Ендеше, өмір өзеніндегі өр толқындарға қарсы жүзер өр кеме қазақ тілі болып, ал, оның жолаушылары тек қазақ тілді халық болсын. Егемен еліміздің іргесі мықты, тілі тұғырлы болсын, өйткені, тіл тағдыры – ел тағдыры!

Нұржан МАРАТОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар