Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жақсы көрші туысыңдай, қолға қонған ырысыңдай - АРҚА АЖАРЫ

Жақсы көрші туысыңдай, қолға қонған ырысыңдай

Көрші туралы сөз бастамас бұрын «көрші ақысы – тәңір ақысы» деген сөздің мағынасына мән беріп көрсек, осы екі-ақ ауыз сөзде қаншама ғибрат жатқанын байқауға болады. Түптеп қарасаң, осы мәтел сөздің шариғаттан алынғаны аңғарылады. Яғни, көршімен қарым-қатынасың – екі дүниеде жауап беретін иманыңның өзегі. «Көрші ақысы – тәңір ақысы» дегенде о дүниеге барғанда сұралатын алғашқы сұрақтардың бірі осы «көршіңмен қалай тұрдың, қандай қарым-қатынаста болдың» деген сөз. Яғни, көршіңмен жақсы қарым-қатынаста болсаң, дәрежең көтеріліп, иманың артады, жаман қарым-қатынаста болсаң, сұрағың ауырлай береді дегенді білдіреді. Шариғатта көршімен қатар, жетімнің де ақысы сұралатыны баяндалады. Онда қиямет қайымда «зәбір көрген жетімдердің оларды ренжіткен залымдардан ақысы алынады»- делінген.

Көрші туралы айтатын болсақ, көршілердің де әр түрлісі болады, біреулері маңайына тынышсыз болып, түртпектеп, болмашы нәрсеге ренжісіп, қырғи-қабақ болып өтсе, енді біреулері тонның ішкі бауындай араласып, туыстай болып жүреді. «Отты түрте берсең өшеді, көршіні түрте берсең көшеді» дегендей, маңайындағы көршілері көшіп кетіп, жұртта отырғандай жалғыз үй қалғандарды да көріп жүрміз. Көрші дегеннен шығады, бала күнімізде анамыз салма пісірсе де, нан жапса да жалғыз өзіміз ішіп-жемей, «бар шақырып кел, ауыз тисін» деп көршілерге жүгіртіп жіберетін.

Көктемде бие байлағанда алғашқы қымызға ағайын-туыс пен көршілерді шақыру кішігірім мейрамнан кем болмайтын. Иісін бұрқыратып, сары мейіздей сақталып қыстан қалған соғымның сүрін асып, қаймақ қайнатып, бауырсақ пісіріп, дәл бір құда келердей дайындалатын. Шіркін, сол кездегі адамдардың пейілі қандай кең еді, жайланып отырып, ескіден қалған әңгімелерді айтып, арасында қалжыңдасып бір марқайып қалатын. Көршілер де қарап қалмай, сыйға-сый, сыраға бал дегендей шақырысып жататын, күніне бірнеше мәрте бір-біріне бармаса, араласпаса отыра алмайтын. Қыс басталғанда жұрттың бір-біріне соғымға қонаққа барудан қолы босамаушы еді, алда-жалда соғым сойған үй сол күні шақыра алмай қалса, «бүктеп қойып қалай шыдап отыр екен » деп те сөгетін.

Қазір ауыл да, адамдар да өзгерген, дегенмен, «жақсы көрші жұлдызыңды жандырар» дегендей, көршілік хақысын сақтап, араласып отыратындар да аз емес. Солардың бірі – құдайы көршіміз Юмашевтар туралы айтсам деп едім. Юмашевтар отбасы біздің жаққа менің бала кезімде ортаңғы көшеден көшіп келді. Рауфтың әкесі Рүстем совхозда ДТ-75 тракторында механизатор болды. Әйелі Тәслия үй шаруашылығын дөңгелетіп ұстады, өзінің емшілік қасиеті бар еді, дәлірек айтқанда, сынықшы болды. Ол кісіге орыс, қазағы бар қол-аяғы шыққандар мен сынғандар күн-түн демей, үзілмей келіп жататын. Өзі қатты дауыс шығарып сөйлемейтін, биязы, мейірімді жан еді, келгендерді жылы қабақпен қарсы алып, ем-домын жасап, сыпайы шығарып салатын.

Рүстем ағайды бәрі өз халқының  салтымен Аби деп атайтын. Өмір бойы совхозда автомобильде жүргізуші болған әкем кезінде тағдырдың жазуымен Татарстан мен Башқұртстаннан келгендерді Макинск станциясындағы теміржолдан ауылға машинамен өзім әкеліп едім деп отыратын. (Ол енді бөлек әңгіме). Абидың жасы  әкеммен қатарлас болды, әрі екеуі өмірлерінің соңына дейін қатты сыйласып өтті. Абидың қолы епті, әрі балтасы қайраулы, арасы егеулі дегендей, құрал-саймандары сайлы болатын. Әкем қора салып жатса құрал-саймандарын алып келіп, мынаны бұлай істеу керек дегендей, ақылын қосып, көмектесе кететін.

Жетпістен асқан шағында әкем сал ауруына шалдығып, төсекке таңылып жатып қалғанда Абидың көмегі зор болды. Мен жұмыста болғанда күніне неше мәрте жүгіріп келіп, төсегіне көтеріп отырғызып тамағын берісетін, менімен бірге шомылдырысатын.  Ол кезде институтта сырттай оқимын, мен сессияға кеткенде әкемнің көтеріп отырғызу, жуындыру, тамағын беру сияқты міндеті анаммен қатар, Абидың мойнында болды. Әкем жеті жарым жыл ауырып жатқанда, Абидың әкеме келмеген күні болған жоқ, бірақ, соны міндетсініп қабағын бір шытып көрген емес. Әкем маған «сен Аби сияқты отырғыза алмайсың, ол менің ыңғайымды жақсы біледі» деп риза болып отыратын. Әкемнің ризашылығын алған Абидың жаны жәннатта болғай, ол кісілерді дұғамнан тастап көрген жоқпын.

Сонымен қатар, ауыл ақсақалдары Мағыпар, Зейнолла, Мүтіш,  Дүйсенбай жиналып келіп, әкемді шомылдыратын. Алдымен,  Дүйсенбай ақсақал селебе сияқты өткір ұстарасын ала келіп, беліндегі қайыс белбеуіне, не болмаса аяғындағы мәсісіне жанып жіберіп, әкемнің шашын тақырлап алатын, шомылдырып жүріп, «Есеке-ай, ауырып қалдың-ау» деп жанашырлықтарын да білдіріп жататын. Сосын шәй үстінде өткен кеткендерін айтып бір марқаятын, әкемнің де бетіне қызыл шырай жүріп, көңілі көтеріліп қалушы еді. Міне, алдымыздағы үлкендерден бізге осындай ғибрат қалды, қандай адамгершілік пен сыйластық десеңізші?!

«Әке көрген оқ жонар» дегендей, Рүстем Абидың ұлы Рауф те әкесінің жасына келді, ауылға бара қалсақ керек-жарақты сол үйден аламыз. Рахила апай да немерелерің Айзере, Райана жесін деп қаймақ, сүт, айранын беріп, бәйек болып дымы қалмайды. Мәселе алған, бергенде емес, мейірімділік пен сыйластықта, «жақсы көрші туысыңнан кем емес» деген сөз осындайда айтылса керек.

Қазіргі мына қым-қуыт заманда қымбатшылық пен індет бір жағынан, ауылдың күнкөрісі болып отырған іргедегі мал жайылымы тарылып екінші жағынан қысып келе жатса да, бір-бірімізге деген пейіліміз түзу болса екен дегім келеді.

Амантай БЕЙСЕКЕЕВ.

Біржан сал ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар