Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Президентінің Іс Басқармасы Медициналық oрталығының ауруханасына барып, жаңа нысандары – Ядролық медицина орталығы мен емдік-диагностикалық блокпен танысты.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа циклотронды-өндірістік кешен мен диагностикалық блоктан тұратын бірегей Ядролық медицина орталығының басқа да мүмкіндіктері туралы баяндалды. Атап айтқанда циклотронды кешен арқылы 9 радиофармпрепарат өндірісіне жол ашылмақ. Қазақстанда бұл препараттардың сегізі бұрын өндірілмеген.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы жаңа емдеу-диагностикалық блокты аралап көрді. Бұл жерде күрделі ауруларға шалдыққан науқастарды емдеу мен оңалтудың тәсілдері арқылы 7 терапиялық бөлімше жұмыс істейді.
Президент дәрігерлермен және ғалымдармен пікірлесіп, Ядролық медицина орталығының қызметі бүкіл еліміз үшін айтулы оқиға болатынын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев орталық қызметі азаматтардың денсаулығын жақсартуға және қазақстандықтар үшін заманауи медициналық технологиялардың қолжетімділігін арттыруға қызмет ететініне сенетінін жеткізді.
Дереккөз: www.akorda.kz