Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бәрі – балаларды жұқпалы дерттен сақтандырудың амалы - АРҚА АЖАРЫ

Бәрі – балаларды жұқпалы дерттен сақтандырудың амалы

Облыстық мәслихаттың жұмыс тобы туберкулез ауруының алдын алу  және емдеу шараларының барысымен танысу мақсатында  Бурабай және Бұланды аудандарында болды.

Іссапардың мақсаты туберкулезбен ауыратын және ауыру қаупі жоғары аймақтардағы балалар мен ересектерді емдеп, аурудың алдын алу шараларын жасап жатқан шипажайлардың жұмысымен танысу, орын алып отырған түйткілді мәселелерді шешу еді.  
 Жұмыс тобында облыстық мәслихаттың депутаты, мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының директоры Әлібек Баймағамбетов, облыстық  мәслихаттың депутаты Павел Безвербный, облыстық мәслихаттың баспасөз хатшысы Гүлдерай Кәкенова, Ақмола облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері бас дәрігерінің орынбасары Айман Темірханова, тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бөлім басшысы Зәуреш Ермековалар болды.  
Жұмыс тобы алдымен Бурабай ауданындағы Зеленый бор селосында орналасқан шипажай типіндегі «Жұлдыз» мектеп-интернатына ат басын тіреді. Мектеп-интернатта тұрмысы нашар, әлеуметтік жағдайы төмен балалар мен туберкулез ауруын жұқтырған отбасында өскен балалар тұрады. Олардың бәрі әзірге аурудан аман, бірақ туберкулез ошақтарында болғандықтан, дертті жұқтыру қаупі бар. Аурудың алдын алу үшін оларды осы шипажайға орналастырған. Бұл жерде балалар сабағын оқып қана қоймай, түрлі үйірмелерге де қатысады. Балалардың денсаулығын нығайтып, жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған. Күнделікті 5 уақыт тамағын беріп, киім-кешегін жуып, сабағын оқытып отырған мектеп-интернат бүгінгі таңда 150 оқушыны қабылдай алады. Мекемені басқарып отырған Евгений Гурскийдің айтуынша, тәуелсіздік алған жылдардың басында мекемені сақтап қалу қиынға түскен. Бірақ, мемлекет тарапынан көмек көрсетіліп, соның нәтижесінде оның  үш ғимараты да сақталып қалған. Мектеп пен жатақхананы қоспағанда, біздің өз емханамыз бар. Емхана жаңа заманғы құрылғылармен жабдықталған. Ол жерде екі тіс дәрігері, екі массажға арналған, физиотерапевт, нервопатолог пен педиатрдың, гинекологтың кабинеттері бар. Мектепте 16 оқу кабинеті жұмыс істеп тұр. Биология мен лингофон кабинеттері интерактивті тақтамен жабдықталған. Физика кабинетінің зертханасы мен компьютер сыныбы және үлкен кітапхана бар. Кітапханамыздағы кітап қоры – 27220. Соның ішінде 6276 кітап мемлекеттік тілде болса,  14047-сі оқулықтар. Мектептен бөлек 325 орындық мәдениет үйіміз де бар. Бұл жерде вокал, би және жас суретші үйірмелері жұмыс істейді. Ал, спорт кешеніне келетін болсақ, үлкен және кіші бассейн, екі спорт залы оқушылардың салауатты өмір салтын ұстану үшін оңтайлы ойластырылған. Оған қоса, балалардың спортқа деген қызығушылығына қарай футбол, волейбол, баскетбол, теннис және жүзу үйірмелері жұмыс істеп тұр, – дейді интернат басшысы. Алайда, шешілуі тиіс түйткілді мәселелер де жоқ емес. Интернаттың жиһаздары әбден ескірген.  Әлібек Баймағамбетов мәселенің шешілуіне көмектесетінін айтты. Ал, Евгений Гурский балаларға жасалатын аурудың алдын алу шаралары кейде оң нәтиже бермей жататынын жасырмады. Себебі, оқу процесі біткен соң олар қайтадан туберкулез ошақтарына оралады. Келесі тоқсан басталысымен, емдеу шараларын басынан бастауға тура келеді. Сол үшін тоқсанаралық демалыс уақыттарында да балаларды осы жерде ұстаудың жолдарын қарастыру керек деп санайды ол.   
Щучинск қаласындағы аймақтық туберкулезге қарсы шипажай 125 адам қабылдай алады. Бүгінде онда 70 адам емделіп жатыр. Ол да жаңа заманғы құрал-жабдықтармен жабдықталған. Емделушілердің сауығып кетуіне барлық жағдай жасалған. Ем-шипа қабылдау мерзімі 8 айдан  кем емес. Облыс орталығынан барған жұмыс тобын күтіп алған шипажайдың бас дәрігері Жұмабек Махашев бұл жерде қиындық тудырып тұрған ештеңе жоқтығын, жұмысының  жоспарлы түрде жүріп жатқанын, науқастар үшін мемлекет тарапынан тегін дәрі-дәрмектің жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілетінін айтты. Бірақ, Макинск қаласында орналасқан «Арай» балалар шипажайында шешілмей жатқан түйткілді мәселелері бар екенін алға тартты.
Жұмыс тобы Макинскідегі «Арай» балалар шипажайын да аралап көрді. Шипажайдың ғимараты бұрын аудандық жұқпалы аурулар ауруханасы болған. Аурухана жабылып, ғимараты қараусыз қаңырап қалған. Алайда, облыс әкімдігіне 2011 жылы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы ұсыныс жасап, оны туберкулезге қарсы балалар мен жасөспірімдер шипажайына айналдырмақ ойда екенін жеткізеді. Облыс бюджетінің қаржыландыруымен оған жүргізген күрделі жөндеу жұмысы 2014 жылы аяқталды. Содан бері осы жерде 30 орындық «Арай» шипажайы жұмыс істеп тұр. Бұл жерге әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары орналастырылған. Олардың ас-суы, киім-кешегі, сабағы мен тәртібіне арнайы мамандар көңіл бөлуде. Балаларға тоғызыншы сыныпқа дейін білім беру мүмкіндігі бар. Балалардың ауруды алдын алу шараларын қабылдау мерзімі үш ай.  
Шипажайдың өз жұмысын әрі қарай жалғастыруына кедергі келтіріп отырған жай – орналасқан жерінің елді мекенге жақын болуы. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің талаптары бойынша туберкулезбен
ауыратын науқастарды емдейтін мекеме халық қоныстанған аймақтан кем дегенде 1000 метр қашықтықта орналасуы тиіс. Шипажай сол талапқа сай болмай тұр. Бірақ, шипажайда туберкулезбен
ауыратындар емес, жұқтыруы ықтимал балалар орналастырылған. Және шипажай аурудан емдейтін емес, аурудың алдын алу шараларын жасайтын мекеме. Сондықтан, бұл мәселе де алдағы уақытта оң шешімін табады деген үміт бар.

 

Мерген ТОҚСАНБАЙ

Бурабай, Бұланды аудандары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар