Антибиотиктерді көп қолдану зиянды болып отыр

Тұтынушылар құқығын қорғау бүгінде әлемдік маңызы бар өзекті мәселе. Өйткені, қазіргі нарық жағдайында ақша үшін сапасыз, адам денсаулығына, тіпті, өміріне қатер төндіретін азық-түлік және өнеркәсіп өнімдерін саудаға шығаратын тауар өндірушілер қатары көбейіп кетті.

Қалыптасқан дәстүр бойынша Тұтынушылар ұйымының халықаралық федерациясы (CI) жыл сайын Дүниежүзілік тұтынушылардың құқығын қорғау күнінің тақырыбын белгілейді. 2016 жылы ұйым  Дүниежүзілік тұтынушылардың құқығын қорғау  күнін «Антибиотик мәзірден алынып тасталсын» («Campaign to get antibiotics off the menu») ұранымен өткізуге шақырды.
Жер шары тұрғындарының антибиотикке деген тәуелділігі  әлем бойынша жоғары қауіпті деңгейге дейін жетіп отыр. Осы орайда, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мынаны ескертеді: егер шұғыл шара қолданылмаса, антибиотиктердің дәуірі аяқталып, дәрі-дәрмектің тиімді әсері жойылады. Осыған байланысты ендігі уақытта  қарапайым инфекциялар мен жәй жарақаттар адамның өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төндіріп,  тіпті, өлімге әкеп соқтыратын жайлар көбеймек. Аурулардың антибиотиктерге төзімділігінің артуына оларды  тым көп пайдалану себеп болуда. Баршаға мәлім, әлемде өндірілетін антибиотиктердің жартысына жуығы ауыл шаруашылығы саласында мал өнімділігін арттыру мақсатында пайдаланылады.  Сонымен қатар, антибиотиктер  аурулардың алдын алу мақсатында да қолданылады.  
Антибиотикті тым көп пайдаланудың залалды екендігі белгілі болса да, оны тұтыну көлемін кеміту емес, арттыру жалғасуда. 2030 жылға қарай ол екі есеге дейін артады деп күтілуде, атап айтқанда: 2010 жылғы  өндірілген 63200 тоннадан 2030 жылы  105600 тоннаға дейін артатын болады.
Осыған байланысты Тұтынушылардың құқығын қорғау халықаралық ұйымы (CI) осы ұйымға мүше елдермен бірлесе отырып,  кәсіпорындардың дәрі-дәрмек жасауға қажетті  және мал өнімдерін арттыру үшін қолданылатын  антибиотикті өндіруден, пайдаланудан бас тартуға шақыратын іс-шараларды жүргізуді жос-парлауда.  Тұтынушылардың құқығын қорғау халықаралық ұйымының (CI)  сайтында орналастырылған инфографика антибиотикті қолдану кейбір қатерлі ауруларды дәрі арқылы емдеуге мүмкіндік бермейтінін, яғни, антибиотик қолданған жағдайда ауру қоздырғыштардың дәріге қарсы тұру қабілетінің артатынын көрсетіп отыр.
Халықтың денсаулығына қауіп төндірудің алдын алу мақсатында Тұтынушылардың құқығын қорғау халықаралық ұйымы (CI) азық-түлік компанияларын антибиотиктерді пайдалануға қатысты  саясатты өзгертуге шақырады. Халықтың денсаулығына қатысты бұл маңызды мәселені шешуде азаматтардың белсенділігі үлкен рөл атқаратын болады.

Асқар ӘКЕЖАНОВ,
Ақмола  облыстық тұтынушылардың  
құқықтарын  қорғау  департаментінің бөлім басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар