ҚАЙРАТКЕР ҚАМЗАБЕКҰЛЫ

Өмір белесіндегі азаматтық толысуы, кәсіби мамандық таңдауы Қазақстан тәуелсіздігінің жарияланып, ата-бабамыздың ұлы арманы орындалған тарихи дәуірмен тұспа-тұс келген ұрпаққа жаңа дәуір тың міндеттер жүктеді. Тоталитаризмнің күйреуі ұлттың ар-ожданы болған Алаш арыстарының өмірі мен шығармашылығын зерттеуге, сан салалы мұрасын ғылыми және рухани айналымға түсіруге түбегейлі жол ашты.

 

Кеңестік идеологияның имансыз саясаты қысымынан үзілуге шақ қалған ұрпақтар сабақтастығын, оның жұлын өзегі – елшілдік ұстанымдарды ұлтымыздың рухани әлеміне сіңіруге өткен ғасырдың 60-жылдарындағы «алпыскерлер» атты толқын жойқын бұлқыныстарымен қуатты күш дарытқан болатын. «Жылымық» кезеңдегі ұлттық жаңарудағы ілкі қасиеттерді сол жылдары дүние есігін ашқан жаңа буын тарихи сабақтастық арнасымен түбегейлі жаңғыртты. Олар қазақ рухани кеңістігіне тау суындай тасқындаған жаңа толқын, «толқын емес-ау, «цунамидің» атойлап келгенін» (Әлібек Асқаров) кемел істерімен дәлелдеуге ұмтылды.
Мемлекетшілдік ұстанымдағы әрбір арлы азамат халқына ақадал еңбек етуді басты өмірлік парызым деп білсе, кешегі тарих толқынының небір қилы тезінен өткен арда еліміздің бүгінгі азаттықтың сара жолымен дамуы барынша кемелдене түсері хақ. Қазіргі жаһандану дәуірінің алмағайып кезеңінде ұлттық бірегейлікті сақтауда әлеумет ісі сенім артылған ерлер Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның «Жұрт ісін түс көрмей, ояу жүріп іздену мақсат» деген ұлағатына адалдығын жадынан шығармағаны абзал.
Міне, қазақ топырағында қайта түлеген ұлттану мен Алаштану ілімінің жаңаруы мен жаңғыруына ел бағына біткен ҚазМУ мен ҚазПИ бастаған отандық іргелі жоғары оқу орындарының көксерек түлектері білек сыбана кірісті. Осы бағдарда Мәмбет Қойгелді мен Талас Омарбек, Ғарифолла Әнес пен Аманқос Мектептегі, Мақсат Тәжімұрат пен Марат Әбсемет Алаш тарихынан Алаш тұлғаларына дейінгі ақиқатты зерттеуді бастады. Отаршылдыққа қарсы елдік туын көтеріп, қазақ қайғысын жырлаған «зар заман» әдебиетін жаңаша танымда саралауды Бауыржан Омарұлы, Сұлтанбек Қожанұлы мұрасын қарастыруды Амантай Шәріп, Смағұл Сәдуақасұлы тағылымын байыптауды Дихан Қамзабекұлы, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның тарихи қызметін зерттеп зерделеуді Сұлтанхан Аққұлыұлы, Алаш басылымдарын екшеуді Қайрат Сақ, Мағжан ақындығын талдауды Ербол Тілешов арқау етіп алды.
Өркениет биігіне құлаш ұрған елдің саналы азаматтары қатардағы қарапайым басшы болып қана қоймай, қайраткерлік болмысындағы отаншылдық рухымен қоғамға қуат дарытып, ұйымдастырушылық қабілетімен барша әлеуметке үлгі-өнеге көрсетсе, сол елдің намыс байрағы заңғарлы, болашағы асқарлы болмақ. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «жұрт керегін білетіндер – көп, істейтіндер – аз» деп қынжылғаны да, Жүсіпбек Аймауытұлының «мойнымызда халықтың зор борышы, ауыр жүгі жатыр» деп қайрағаны да ақиқат. Иә, кемел ел болу мұратында тынымсыз еңбектеніп, жұрт ісін тереңнен толғап жүрген азаматтармен замандас болудың өзі де биік мәртебе. Сондай ұстаздық, ғалымдық, қайраткерлік сынды ілкі Азаматтық қасиеттерімен ел құрметіне бөленіп жүрген тұлғалардың бірі – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы.  
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында, Қазақ Ұлттық музыка академиясында түрлі қызметтерде болған санаткер бүгіндері Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жемісті еңбек етуде. «Алаш зиялылары – елшілдік пен Отанға адал қызмет етудің рәмізі. Олар барды көбейтуші, үзілгенді жалғастырушы, жоқты жасаушы» деп білген әдебиетші зерттеулерінің ғылыми маңызы әрі жаңашылдық сипаты Мәскеу, Петербор, Уфа, Қазан, Орынбор, Омбы, Ташкент қалалары мұрағаттарынан тынымсыз ізденістерімен тапқан әдеби-тарихи құндылығы зор, тың материалдар арқылы даралана түседі. «Смағұл Сәдуақасұлы», «Руханият», «Алаш және әдебиет», «Ағартушылық және әдебиет», «Пайым», «Алаштың рухани тұғыры», «Түркістан алқасы» зерттеулері – отандық алаштану ілімін жаңа биікке көтерген іргелі еңбектер.
Ғалым Алаш ағартушылығын, қазақ жәдитшілдігін және Смағұл Сәдуақасұлы, Қошке Кемеңгерұлы, Хайретдин Болғанбай, Сәдуақас Ғылмани сынды Алаш арыстарының өмірі мен шығармашылығын зерттеумен қатар, олардың академиялық мұрасын жариялап, рухани және ғылыми айналымға енгізді. «Алаш қозғалысы» анықтамалығын (Е.Тілешов, И.Нұрахметпен бірге), «Алаш қозғалысы» энциклопедиялық анықтамалығын (Е.Тілешовпен бірге) жарыққа шығарды.
Қазақ тарихы мен руханиятындағы тарихи шындықтарды қалпына келтірудегі азаматтық ұстанымынан бір табан шегініс жасамаған ғалым отандық әдебиетшілер мен тарихшылар назарынан тыс қалып келе жатқан түйінді мәселелерге қоғам назарын аудартып келеді. Біріншіден, Қазақ ұлттық мемлекеттік театрының шымылдығы 1926 жылы 13 қаңтарда Қошке Кемеңгерұлының «Алтын сақина» пьесасымен ашылғанын, екіншіден, қазақтың алғашқы жоғары мектебі 1920 жылы Орынбор қаласында ашылған Қырғыз (қазақ) халық-ағарту институты (КИНО) екенін, үшіншіден, Қызылжарда шыққан «Жас азамат» газетін іздеп тауып, қазақ жастар баспасөзінің тарихы 1918 жылдан басталатынын мұрағат құжаттары негізінде дәлелдеп берді. Сондай-ақ, Алаш ақын-жазушыларының «Алқа» ұйымы бағдарламасын  Ұлттық қауіпсіздік комитеті мұрағатынан, ақын Мағжан, ғалым Мұхаметжан, жазушы Мұхтар атсалысқан «Талап» ұйымының ережесі мен құжатын Ташкент мұрағатынан тауып, тұңғыш рет ғылыми айналымға енгізуі айрықша олжа еді. Осылай «жоғалдыға» саналған «Бірлік туы» газетін жарыққа шығарған да, 1990 жылға дейін отандық зерттеулерде бірде-бір рет айтылмаған Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінің (1924 жыл, 12-17 маусым) тарихы мен тағылымын ұлт оқырманына алғаш жеткізген де – Дихан Қамзабекұлы.
Елдік мұраттарға қалтқысыз қызмет ету қайраткер Қамзабекұлының қанына сіңісті басты қасиет. Алаштың аяу-лы ұлы Смағұл Сәдуақасұлының сүйегінің күлін елге жеткізудегі қажыр-қайратына сүйсінбеген жан кемде-кем десек, асыра айтқандық емес. Ол дегдар жанның жүрегі мен санасынан берік орын алған Алаш мұратына деген адалдық қашанда асқақ екенін жаңа қырынан танытты. «2011 жылы Смағұл Сәдуақасұлының сүйегінің күлін Мәскеудегі Дон зиратынан Астанаға әкеліп жерледік. Мұсылманшылықпен қарасақ, топырақтан жаралған жан иесі топыраққа жерленуі керек. 1991 жылы көтерілген мәселе араға 20 жыл салып өз мақсатына жетті. Экс-сенатор Сабыр Қасымов ағамыз Мәскеу қаласы үкіметімен келісуінің нәтижесінде Алаш қайраткері сүйегін Ресей астанасынан әкеліп, алғаш елордадағы «қарамолаға» жерледік. Қазақта «қарамола» деп уақытша жерлеуді айтады. Кейіннен барып Астана қаласындағы Жастар шағын ауданындағы Кенесары сарбаздары жерленген молаға жерлеп, шамамыз келгенше басына белгі орнаттық. Ірі азаматымызға құрметімізді осылайша көрсеттік. Әрине, бәрі оп-оңай бітті дей алмаймыз» деген елшіл тұлғаның риясыз толғамынан осынау кемел істерді атқарудағы парыз бен қарыз ұғымына ар биігінен келген азаматтығын танимыз.
Ұстаздық ұлағатымен, қоғамдық жұмыстарды атқарудағы парасатты болмысымен жарқырай көрінген ғалым отандық гуманитарлық ғылым саласын жаңа сапалық биікке көтеруде қажырлы еңбек етуде. Қайраткер Д.Қамзабекұлының өзі ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанына «Алаш» мәдениет рухани даму институтының негізін қалап, ғылыми-зерттеушілік, әдеби-рухани бағыттағы игі қадамдарын айқындаудың бастауында тұруы да кездейсоқтық болмаса керек. 2006 жылы ашылған аталмыш институтта басшылық еткен жылдары да ұлт руханияты үшін жемісті болды. Мәтін даярлау, мәтінге сараптама жүргізу және Алаш зиялыларының еңбегін бүгінгі тәжірибеге енгізу сынды басты үш бағытта кешенді жұмыстар атқарылды. Дін қайраткері Сәдуақас Ғылманидың 1931-1934 жылдар аралығында жазылған поэзиялық қолжазба мұрасы бір томдық болып шығарылды.
Қошке Кемеңгерұлы мен Смағұл Сәдуақасұлының үш томдығын, Хайретдин Болғанбайдың бір томдығын ыждаһатпен құрастырып жариялады. Институт тарапынан «Алаш және жәдитшілдік», «Еуразиялық мәдениет сөздігі», «Тарих: түсіндірме сөздігі» және Алашты арқау еткен ағылшын, неміс, француз аудиториясына арналған оқулық сипатындағы еңбектер дайындалды. Халифа Алтай, Ақжан Машани, Таңжарық Жолдыұлы сынды ұлттық руханияттың айтулы тұлғаларының мұрасын, өнегелі ғұмырын жан-жақты насихаттау мақсатында тағылымы мол ғылыми конференциялар ұйымдастырылып, өткізілді.  
«Адамдық диқаншысы» деп еш боямасы жоқ табиғи шынайылықпен бағаланып, ел құрметіне бөленіп жүрген ақ жүрек азаматтың қамқорлығын көрмеген, шапағатын сезінбеген әріптестері мен үзеңгілестері некен-саяқ десе де болады. Ана бір жылдары қадірменді ұстазымыз, рухани әкеміз Тұрсынбек Кәкішұлының «Мына қарағандылық шәкірттеріме шапағатыңды төгіп, қарайласа жүрерсің» деген ағалық өтінішіне көшелі інілік ілтипат танытты. Сол шапағат нұрын қашанда сезінеміз,
сезініп те келеміз.
Профессор Д.Қамзабекұлының аға толқын ғылыми шәкірттерінің арасында елге танымал Жарылқап Бейсенбайұлы, Баян Бораш, Гүлбану Шәріповалар бар екенін мақтанышпен айтамыз. Ал, кейінгі шәкірттері Айгүл Үсенова, Қайырбек Кемеңгер, Омар Жәлелұлы, Қарлығаш Әубәкірова, Айдын Жалмырза, Жанар Әбдібек ғылыми-рухани ортада еңбегімен танылып жүргені жұртшылыққа аян. Ғалымның бес қаруы сай  шәкірт ерткен ұстаздық ұлағаты, Алаштың асыл тұлғаларын зерттеп, рухани және ғылыми айналымға енгізудегі әдебиетшілік қарымы, ақ жүрек ерлердің кемел қоғамдық ісін жалғастырудағы қайраткерлік тұғыры замандастарымызға үлгі демекпіз.

Сағымбай ЖҰМАҒҰЛ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры,  филология ғылымдарының докторы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар