Ұстаздар тәжірибе алмасты

«Достар» мәдениет сарайында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» филиалы – Ақмола облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының ұйымдастыруымен VІ халықаралық педагогикалық инновациялар жәрмеңкесі болып өтті.

 

Педагогикалық қызметкерлердің кәсіби шеберліктерін арттыру мақсатында өткен ауқымды шараға  Ресей Федерациясының Самара және облыстың түкпір-түкпірінен мыңнан астам педагогтар қатысты.Институттың 65 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырған жиынның ашылу салтанатының шымылдығы жәрмеңкенің әнұранымен түріліп, аталмыш институттың директоры Еркін Исімбаев құттықтау сөз сөйлеп, белсенді және шығармашыл ұстаздардың жас ұрпақ тәрбиесіндегі елеулі еңбегін атап өтті.
– Білім беру жүйесінде ұстаздар қауымының  алар орны ерекше. Әр педагог өмір бойы ізденіс пен үздіксіз оқу үстінде болады. Өйткені, қай уақытта болмасын жаңашылдық пен білуге деген құмарлық біздің бойымыздан әркез табылатын қасиет. Ендеше, білім беру жүйесінде әріптестермен өзара байланысқа түсіп, тәжірибе алмасып тұрғанымыз жөн, – деді Еркін Тұрашұлы.
Содан соң  жиналғандардың назарына Ресей Федерациясы Самара облысының Отрадненск білім және ғылым басқармасының басшысы Владимир Гусаровтың бейне құттықтауы ұсынылды. Ол білім беру саласындағы инновациялар жәрмеңкесінің айрықша рөлін атап өтіп, педагогтардың тәжірибе алмасуына үлкен мүмкіндік туғызатын ынтымақтастықтың таптырмас алаңы екенін сөз етті. Халықаралық педагогикалық инновациялар жәрмеңкесі барысында  негізгі мәселелер бойынша 10  бөлім жұмыс істеп, орта білім берудегі жаңарған мазмұн талқыға түсті.  Оған қоса, облысымыздағы барлық білім ошағы ұжымдарының түрлі шығармашылық жұмыстарының көрмесі ұйымдастырылды. Бір Атбасар ауданы өзінен  өз авторлық жобаларын жиырма төрт мектептің ұстазы ұсынды.  Мәселен,  облыс орталығындағы №1 құрылыс-техникалық колледжінің инклюзивті тобының оқушысы Арман Тілеуханов «Ұлттық ою-өрнектің маңызы» тақырыбында ағаштан қашалып, ою-өрнек салынған бұйымдарын ұсынған. Ол қазақ халқының дәстүрлі оюларының шығу тарихын зерттеп, оны үндестікке қолдану заңдылықтарын анықтапты. Ал, Көкшетау медициналық колледжінің біздің өңірімізде өсетін жемістерден табиғи бояғыш заттар алу құрылғысы көпшіліктің ықыласын аударды. Сондай-ақ, ұстаздар қауымы  баспа үйлері ұйымдастырған көрмедегі оқу-әдістемелік құралдарға қызығушылық танытып, өздеріне қажетті әдебиетті сатып алды. Тағы бір айта кетерлігі, жәрмеңкеге 1400-ден астам авторлық жұмыстар келіп түсті. Халықаралық қазылар  алқасы  тақырып бойынша үздік жобаларды анықтап, кәсіби білігі мен шеберлігі ұштасатын педагогтарды марапаттады.  Сонымен бірге, бірнеше жылдар қатарынан жәрмеңкеге қатысқан білім ошақтарына «Табыс нышаны» белгісі тапсырылды. Олардың қатарында, Зеренді, Бурабай, Ақкөл білім бөлімдері мен дарынды балаларға арналған № 3  облыстық мамандандырылған мектеп-интернаты, ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған №1 облыстық арнайы түзету мектеп-интернаты және Краснояр селосындағы №1 орта мектеп бар. Оған қоса, екі жүзге тарта мұғалім «Білім беру саласын дамытқаны үшін», «Шығармашылық қабілеттерін дамытқаны үшін», «Білім беру үрдісінің әдістерін дамытқаны үшін» және «Жеке тұлғаны әлеуметтендірудегі жетістігі үшін»
аталымдары бойынша марапатталды.
Жиында  ән-жырдан шашу шашып, өз өнерлерін ортаға салған бүлдіршіндер ұстаздар мерейін көтеріп, қызық- қуанышқа кенелтті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар