Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Сәдуақасова «Туляремия және оның алдын алу шаралары, өнімдердің, атмосфералық ауаның қауіпсіздігін қадағалау мәселелері бойынша облыстағы эпидемиологиялық жағдай туралы» хабарлама жасады.
Табиғатта серуендеп, жидектер мен саңырауқұлақтар теріп, таңертеңгі балық аулау жалғасуда. Таза ауамен тыныс алу өте жақсы!Бірақ табиғатқа шыға отырып, біз жағымды жайлармен бірге түрлі жұқпалы ауруларға да тап боламыз. Олардың бірі – туляремия.
2021 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін республикада ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының, халықты вакцинациялаудың арқасында туляремия ауруы тіркелмеген. Ағымдағы жылы өңірімізде туляремия бойынша эпизоотиялық-эпидемиологиялық жағдайды бақылау кезінде зерттелген кенелердің үлгілерінде туляремияның белгілері анықталған. Ақмола облысы аумағындағы және оның маңындағы туляремияның эпизоотологиялық жағдайына зоологиялық-паразитологиялық бақылаулар мен зертханалық зерттеулердің нәтижелері бойынша берілген баға қанағаттанарлық және өткен жылғы деңгейден аспаған.
Облыста жыл басынан бері жалпы саны 180-нен астам адам кене шағуына шағымданып, медициналық ұйымдарға жүгінген. Сондықтан, хабарламашы тұрғындардың назарын тағы бір рет «туляремия» дегеніміз не және ол неліктен қауіпті? деген мәселеге аударады.
Ауру лимфа түйіндерінің зақымдалуымен, дене қызуының жоғарылауымен және интоксикациямен сипатталады. Инфекцияның қоздырғышы адам ағзасына зақымдалған тері немесе шырышты қабаттар арқылы енеді.
Туляремиямен ауыратын адамдардан жұқтырудың алдын алу үшін, ең алдымен, қансорғыш жәндіктер мен кенелерден қорғаныс құралдарын пайдалану керек. Бөлмеде кеміргіштер пайда болған кезде оларды жою шараларын қарастырған жөн.Аулалар мен бау-бақша учаскелеріндегі тазалықты қатаң қадағалап, тағамды кеміргіштерден, суды жабық ыдыста сақтау керек. Бұл ауру қояндарды аулаумен, ондатра, балық аулаумен, қансорғыш жәндіктердің шағуымен байланысты болып келеді. Табиғатқа шыққанда абай болып, денсаулығыңыз өз қолыңызда екенін ұмытпағаныңыз жөн. Міне, осы жөнінде айтылған брифингте өнімдер мен атмосфералық ауаның қауіпсіздігі туралы да мәліметтер келтірілді.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.