– «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағына жыл сайын 65 гектар алқапқа ағаш отырғызылады. Бұл жайында парк орманшысы Қайырбай Балтабаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Негізінде ағаштарды өрттен кейінгі аумаққа, ауру ағаштарды отаған жерлерге отырғызамыз. Яғни, орманды қалпына келтіреміз. Жыл сайын табиғи парк аумағындағы 65 гектар алқапқа қарағай, қайың егеміз. Ормандарды жайластыру материалдарына сай жұмыс жүргіземіз. Он жылға арналған жоспарымыз бар. Онда қандай алқапқа ағаштың қай түрін және нешеуін егу қажеттігі анық көрсетілген», — деді Қайырбай Балтабаев парктің өртке қарсы іс-шараларымен танысу үшін келген БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Орманшының дерегінше, егілген ағаштардың 70 пайызы жерсініп, жайқалып өседі.
«Қазіргі уақытта күзгі түгендеу жүргізіліп жатыр. Көктемде отырғызылған ағаштардың нешеуі жерсінгені есептеледі. Содан кейін келесі жылы тағы қанша ағашты қосымша отырғызу қажеттігі анықталады. Жоспарымызға сәйкес, бір гектар жерге 8 мың түп ағаш отырғызылады», -деді ол.
Сонымен қатар Қайырбай Балтабаев қарағайдан тұқым мен көшет алу процесінің технологиясын түсіндіріп өтті.
«Технологияға сәйкес, алдымен қарағай бүршігін жинаймыз. Одан кейін оны өңдеуге жіберіп, тұқым аламыз. Сол тұқымды өзіміздің тәлімбақта екі жыл өсіріп, көктемде парк аумағындағы алдын ала белгіленген жерге отырғызамыз», — деді орманшы.
Айта кетейік, ҚР Президенті Іс басқармасына қарайтын «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи парк аумағы 129 мың гектардан астам жерді алып жатыр.