Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгін (21 қыркүйек 2022) жариялаған Үндеуі Жаңа Қазақстан құрудың нақтылы әрі үмітті бағдарламасы есебінде қабылдануы керек!
Жаңа Қазақстан әуелі конституциялық реформа жасаудан басталып жатқаны анық! Биылғы 5 маусымда Бүкілхалықтық референдум өткізіліп, Ата Заңға Президент ұсынған өзгерістерді халықтың басым көпшілігі қолдаған болатын.Сол өзгерістер Заң жүзінде бекітілді! Енді біз жаңа да жауапты кезеңге шығып отырмыз!
Мемлекет басшысы өз Үндеуінде еліміздің саяси жүйесіне біраз өзгерістер енгізіліп, “Биылғы жыл жан-жақты реформалар мен нақты өзгерістер жылына айналды.
Маусым айында өткен референдумның нәтижесінде билік тармақтары арасында тиімді тепе-теңдік орнады.
Мемлекет «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасын берік ұстанады.”-, деп атап көрсетті.
Алдағы уақытта мәжіліс пен мәслихаттар жаңа аралас жүйе бойынша жасақталуы,депутаттардың бір бөлігі партиялық тізіммен, қалғаны бір мандатты округтен сайланатындығы қазақстандық қоғамның демократиялық үрдістерді тереңдете түсуге ықпал етері сөзсіз.
Конституциялық сот құрылып, алдағы қаңтар айынан жұмыс істей бастайды.
Ал енді адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтының конституциялық мәртебеге ие болуы әрқайсымыздың конституциялық құқмыздың сақталуына, қорғалуына кепілдіктің күшейе түскені. Бұл мәселені Қасым-Жомарт Тоқаев жеке өз ынтасымен Ата Заңға енгізіп отырғанын атап көрсету керек.
Ұзақ жылдардан бері билікті бір қолға шоғырландырмау мәселесі айтылып та келгені бар. Осы орайда Мемлекет басшысы “Биліктің бірқатар өкілеттігі қайта бөлініп, кейбір құзыреттер Президенттен Парламентке берілді.Енді өңірлердің әкімдері баламалы жолмен таңдалады”-, деп халықтың көкейіндегі ойдың жүзеге асырылатындығын өз Үндеуінде мәлімдеп отыр.
Бұл өте маңызды қадам. Ендігі арада әкімді таңдау халықтың өзінде! Бұл екі тараптың да жауапкешілігін қажет етер. Елге қызмет ете білер және де іскерлігі мен адами қасиеті жоғары абыройлы адам таңдау бәрінен де жоғары тұрғаны жөн, Ағайыншылық пен рушылдық және жершілдік опа бермесіне көз жетті ғой!
Биылғы референдумда Конституцияға жер және оның қойнауы халыққа тиесілі деген бап енгізілген болатын. Жердің астының да үстінің байлығы енді өзіміздікі!
Өз Үндеуінде Президентіміз “Мен осы ережені жүзеге асыру үшін «Ұлттық қор – балаларға» деген мүлде жаңа бағдарлама ұсындым.”-деп отыр.
Бәрекелді! Жердің сол асты мен үстіндегі байлығының игілігін енді ұрпақтарымыз қайырымен көрсін деп қуандық. Және де ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан жеріміздің игілігін көруге толық хақымыз бар емес пе еді?!
“Конституциялық реформа – мен Мемлекет басшысы болып сайланғаннан бері жүзеге асырып жатқан ауқымды саяси жаңғыру бағдарламасының ажырамас бөлігі”,- деп Мемлекет басшысы осы игілікті және халықтық істердің бастауында тұрғандығын айтады.
Президент айтып отырғанындай , соңғы үш жылда жасалған өзгерістер мен конституциялық реформа мемлекеттік-саяси құрылымның жаңа үлгісін қалыптастыра бастағаны анық.
Алда- сайлау! Бұл жолғы президент сайлауы біздің жаңаруымыз бен жаңғыруымыздың бастау көзі!
Тарих бізге жаңа таңдау ұсынып отыр! Жаңылыспайық, бірлігімізді нығайтып президенттікке дауысқа түсемін деп отырған Тоқаевтың қазақ қоғамын біртіндеп жаңартатын ойына ниеттес әрі тілектес болайық!
Жабал Ерғалиев,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Сенаторлар кеңесінің мүшесі.