Бурабайда туризм майталмандары марапатталды

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Дүниежүзілік туризм күніне орай, Щучинск-Бурабай курорттық аймағының аумағында өткен  «Aqmola Tourism Awards» өңірлік конкурсының жеңімпаздарын марапаттау салтанатына қатысып,  өңір туризмінің дамуына үлес қосып жүрген бір топ ақмолалықтарға «Туризм саласына сіңірген еңбегі үшін», «Туризм саласының үздігі» төс белгілері мен Алғыс хаттар табыс етті.

Салтанатты жиынға өңіріміздегі туристік саланың көшбасшылары, қоғам қайраткерлері, туризм саласындағы мемлекеттік және жеке ұйымдардың басшылары мен аудан жұртшылығы қатысты. Сонымен қатар, өңір басшысы аудандағы бірқатар әлеуметтік-экономикалық нысандарды аралап, олардың ахуалымен танысты. Алдымен жиналған қауым назарына «Wyndham Garden Burabay» қонақ үйінің алаңында  өткен «Altyn fest Burabay» күзгі жәрмеңке-фестивалі  ұсынылды. Жиналған ақмолалықтар жергілікті шеберлер мен қолөнершілердің, суретшілердің шығармашылығымен танысуға зор мүмкіндік алды. Бұдан соң, салтанатты шара бастау алып, фестивальде өңір басшысы құттықтау сөз сөйлеп, жылы лебізін білдірді.

– Құрметті туризм саласының қызметкерлері! Сіздерді Дүниежүзілік туризм күнімен құттықтаймын! Ақмола облысында туризм саласы жыл сайын дамып келеді, бұған Бурабай курорттық аймағына келіп, дем аламын дейтін жандардың саны жыл сайын артып жатқандығы айқын дәлел бола алады. Біздің өңірде туризмнің барлық мүмкін бағыттарын толық көлемде жүзеге асыруға зор мүмкіндік бар. Серпінді салаға мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетілуде.  Қазіргі таңда алға қойған міндеттердің бірі Біржан сал, Зеренді және Бурабай аудандарының туристік әлеуетін дамыту болып табылады. Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамыту жоспарының үшінші кезеңі орындалуда. Осы уақыт ішінде 49 шақырым жол салынып, 260 шақырым сумен жабдықтау желілері жөнделді. Тағы бір республикалық маңызы бар ірі жоба –туристік нысандар тізіміне енген Зеренді ауданын өркендету мәселесі де ұдайы назарда. Бұл игі істі алға ілгерілету жолында майталман мамандардың көмегі аса қажет.  Осы орайда, өңір туризмін дамытуға бар саналы ғұмырын арнап, еселі еңбек етіп жүрген жандарға алғысымыз шексіз, – деді облыс әкімі.

Облыс әкімі өз сөзінде биылғы жылы «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі ЮНЕСКО биосфералық резерваттарының жаһандық желісіне қосылғанын атап өтті, бұл өңіріміздегі туризм саласының бұдан да серпінді дами түсетін зор ықпал болатындығын атап өтті. Ақмола облысы Қазақстанның туристік аймақтары көшбасшыларының бестігіне кіреді. Өңірдің туристік кластеріне туризм саласында 600-ден астам кәсіпорын  бар.

Ермек Маржықпаев Бурабай ауданына жұмыс сапары аясында Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамыту жолында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстармен жақынырақ танысу мақсатында балық, туризм және табиғатты қорғау салаларына бағытталған  ірі кәсіпорындарды аралады. Солардың бірі – Ақылбай ауылындағы форель өсірумен айналысатын «Bishere-fish» серіктестігі. Облыс әкімі жобаны құру және іске асыру үдерістерімен танысты.

– Алдымен істі неден, қалай бастаймыз деген оймен осы жұмыстың қыр-сырына бойлау мақсатында арнайы курстардан өтіп, білімімізді жетілдірдік. Кәсіпорын осы жылдың мамыр айында жұмыс істей бастады. Шілде айында алғашқы рет форель балығын бассейнге жіберіп көрдік.  Бір бассейнде салмағы 25-30 гр болатын 3500 ұсақ шабақ  бар. Форельдің нарықта сатылғанға дейінгі өсу уақыты шамамен алты айға созылады, салмағы 350-400 граммды құрайды, – дейді шаруашылық жетекшісі Руслан Қуатов.  – Форельге бірден-бір керегі таза су. Шабақтарды ұстау үшін жақсартылған сүзу жүйесі орнатылды, бассейндерге су алу өз ұңғымасынан жүзеге асырылады, сондықтан, бұл қызметті қоршаған ортаға зиян келтірмейтін экологиялық таза деп санауға болады. Балықты ұстауға арналған температура режимі +12 градусқа жетуі керек. Жобаның жалпы құны 200 миллион теңгені құрады. Атап өтерлігі, біз еш жерден несие алған жоқпыз, барлығы өз қаражатымыздың есебінен, – деді Руслан Николаевич.

Өз кезегінде Ермек Боранбайұлы шаруашылықтың жұмысына оң баға беріп, мемлекет тарапынан бизнесті қолдауға зор  көңіл бөлініп жатқандығын баса айтты. Шаруашылық басшылығы облыс әкімінен мүмкіндігінше, жол жамылғысы бойынша жұмысты соңына дейін жеткізуге жәрдем сұрады. Облыс әкімі жергілікті атқарушы органдардың басшыларына осы мәселені оң шешуді тапсырды.

Бұдан кейін өңір басшысы «Бурабай» мемлекеттік ұлттық паркінің ұжымымен кездесті.  Кездесу барысында облыс әкімі көршілес Қостанай облысында болған қайғылы оқиға сияқты апатты жағдайлардың алдын алу үшін «Smart National Park Burabay» жүйесі арқылы орман және дала өрттерін бақылау мониторингін күшейту керектігін баса айтты. Айта кету керек, «Бурабай» ұлттық паркі – еліміздегі қоршаған ортаны, ерекше қорғалатын аумақтарды сақтау үшін цифрлық мониторинг жүйесін табысты қолданатын жалғыз елді мекен. Оның аумағы 129 мың гектарды құрайды.

– Смарт жүйесінің жұмыс істеу принципі медициналық томографқа ұқсайды. Камера шеңбер бойымен қозғалады және әр айналымда көптеген фотосуреттер түсіреді, содан кейін қауіпті жерлерді (түтін аймағы) қызыл контурмен белгілеп және жедел басқару орталығының пультіне сигнал жібереді. Ошақты нақтылау бойынша одан әрі жұмысты орталық операторы жүргізеді, яғни, кадрды жақындатады, қауіптілік дәрежесін талдайды, нақты координаттарды анықтайды және кейінгі іс-қимылдар туралы шешім қабылдайды. Егер суретте жану расталса, Smart-жүйемен дәл көрсетілген орынға ұлттық парктің өрт сөндіру бригадасы шығады», – дейді «Бурабай» МҰТП директоры Сергей Быков.

Ермек Маржықпаев өз сөзінде 26 қыркүйекте «Көкшетау» тауындағы өртті сөндіру бойынша ұлттық парктің үйлесімді және жедел жұмысын атап өтті. Сондай-ақ, ол қалған орман аумақтарын цифрландыру, өртке қарсы машиналар сатып алу бойынша тапсырмалар берді. Туристік бизнес-қоғамдастықтар арқылы туристермен түсіндіру жұмыстарын аудандарда да, жалпы облыста да жалғастыру қажет екенін атап өтті.

Жұмыс сапары асында өңір басшысы Бурабай кентінің кентішілік жолдарды жөндеу жұмыстарымен танысты. Аудан бойынша 14 шақырым жол төселмеген, алайда, аудан әкімінің орынбасары Ерлан Биданов бұл көрсеткіш күн сайын азайып келеді, өйткені, жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілуде және суық ауа райы басталғанға дейін асфальт төсеудің негізгі көлемі орындалатын болады деп сендірді. Ермек Боранбайұлы өз кезегінде технологияны бұзбай, барлық жұмыстарды мерзімінде орындаудың маңыздылығын атап өтті.

Сапар барысында өңір басшысы аудандағы басқа да әлеуметтік-экономикалық нысандарға ат басын бұрып, сала басшыларына нақты міндеттер жүктеді.

Тамара САЛИМОВА.

 Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар