Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар пәтерлі болды

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов су тасқыны салдарынан зардап шеккен  отбасыларға пәтер кілтін табыс етті. Әкімдіктің мәжіліс залында өткен салтанатты шарада облыс басшысы бірлескен және жедел күш-жігердің арқасында су тасқынының салдарын барынша азайтуға қол жеткізілгенін атап өтті.

Мемлекет басшысы «Ешкім назардан тыс қалмайды. Әрбір азамат, әрбір отбасы мемлекеттің тиісті қамқорлығымен қамтамасыз етіледі» деп атап өтті. Осы тапсырманы орындау аясында облыстық әкімдікте  аймақ басшысы  табиғи апаттан үйлері жарамсыз болып қалған және мүлкіне зиян келген тұрғындарға пәтер кілттерін тапсырды. Жаңа қоныстанушыларды облыс әкімі Марат Ахметжанов жеке құттықтап, жаңа үйлеріне жылулық, жайлылық және үлкен отбасылық бақыт тіледі.

– Біз бірге үлкен бақытсыздықтан аман қалдық, бірге жеңдік. Біз мүмкіндігінше тезірек қауіпсіз және ыңғайлы жерге көшуіңіз үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тырыстық. Отбасыларыңызда тыныштық орнап, қиыншылықтар артта қалсын, – деді аймақ басшысы жаңа баспана иелерін құттықтады.

Марат Ахметжанов атап өткеніндей, қазір облыста жағдай тұрақталып, келтірілген шығынды анықтау бойынша комиссиялар жұмыс істеп, тұрғындар өтемақы мен жаңа баспана алуда.

Жалпы, сегіз отбасы тұрғын үй алушылар қатарында болды. Бір қызығы, тұрғындар өз қажеттіліктері мен тілектеріне сәйкес келетін пәтерлерді өз бетінше таңдауға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, су тасқынынан зардап шеккен Вернадский көшесіндегі ескі тұрғын үйді бұзу жұмыстары басталды. Оның жұмысы жиналғандарға тікелей эфирде көрсетілді. Апатты үйлердің орнына жаңа заманауи көппәтерлі үйлердің құрылысы басталады.

– Бүгінгі күн біздің отбасымыз үшін ғана емес, су тасқынынан зардап шеккен барша ақмолалықтар үшін де маңызды. Себебі, жаңа пәтер кілтін алдық.  Мемлекеттің қамқорылығының арқасында олардың да баспаналы болатынына сенім мол. Осындай қиын кезде қолдау білдіріп, қамқорлық көрсеткен ел Президентіне шынайы алғысымызды білдіремін. Пәтеріміздің жайлы, отбасымыздың алаңсыз өмір сүруіне барлық жағдай жасалған, – деп  өзінің қуанышымен бөлістіқала тұрғыны Юлия Николаева.

Пәтер кілттерін тапсыру рәсімінен кейін Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді. Іс-шараға облыс басқармалары мен департаменттерінің басшылары да  қатысты. Аймақ басшысы өңірде су тасқыны кезеңі аяқталып қалғанын хабарлап, бүгінде елді мекендерді су басу қаупі жоқ екенін мәлімдеді.

– Қазіргі таңда Ақмола облысында су тасқыны жағдайы тұрақтанды. Су тасқыны қаупі бар өзендердегі су деңгейі біртіндеп төмендеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ақмола облысында зардап шеккендерге барлық қажетті қолдау көрсетіліп, азаматтардың мүлкін қалпына келтіру мақсатында барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр.  Осыған сәйкес,  1054 ақмолалық 100 айлық есептік көрсеткіш  мөлшерінде біржолғы төлем алды. Тұрғын үйлерге олардың апаттылығы және одан әрі тұруға жарамдылығы тұрғысынан тексеру жүргізіліп, материалдық залал есептелуде.  Облыстағы аудандарды айтатын болсақ,  Ақкөл, Аршалы, Ерейментау, Жақсы, Зеренді, Целиноград аудандарындағы 74 отбасына жөндеу жұмыстарына жұмсалған шығындар өтелген. Қабылданған шаралардың арқасында жаппай су тасқынының алдын алып, су тасқынының зардаптары барынша азайтылды. Қабылданған шаралар тікелей қауіпті аймақта тұрған 95 елді мекендегі 8 мың үйді су басуының алдын алуға мүмкіндік берді. Эвакуацияланған тұрғындардың екі жарым мыңға жуығы үйлеріне оралды. Су басқан аймақтардан 28 мың бас мал құтқарылып, барлығы иелеріне қайтарылды.Жалпы, жергілікті бюджет есебінен Көкшетау қаласында зардап шеккен 11 отбасына пәтер сатып алынды, –деп баяндады Марат Ахметжанов.

Сонымен бірге, аймқа басшысы облыс орталығындағы  балабақшаны жөндеу жұмыстарын жүргізу және  Атбасар қаласындағы №1 мектепті де қалпына келтіру басталғанын атап өтті.

–Қазіргі уақытта демонтаждау жұмыстары жүргізілуде. Қалған нысандар бойынша материалдық шығынды анықтау үшін техникалық зерттеу жүзеге асырылып жатыр. Алдағы уақыттаҚылшақты мен Жабай өзендері тереңдетілетін болады,–деп толықтырды әкім.

Брифинг барысында журналистер  облыс әкіміне су тасқынына қатысты сұрақтар қойып, тұшымды жауап алды.  Аймақ басшысына болашақта су тасқынының алдын-алу шаралары  мен  апаттан  кейін  өзекті мәселелерге қатысты сұрақ қойылды. Марат Ахметжанов  алдағы уақытта су тасқынының алдын алуға бағытталған жүйелі шаралар қабылданатынын атап өтті.

– Мұнда біз бұл мәселедегі олқылықтарды мойындауымыз керек. Болашақта бұған жол бермеу үшін қазірден бастап  дайындалу маңызды.Бүгінгі таңда жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілуде. Келер қыс мезгілінде  қарды уақытылы тазалау  бойынша жұмыстар  қадағаланады. Сондай-ақ, су тасқынын болдырмау мақсатында атқарылатын басқа да жұмыстар әкімдіктің қатаң бақылауында болады.Біз мұның бәрін талдайтын боламыз,–деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, журналистер өтемақы төлеу, залалды өтеу, Бұланды ауданындағы көпірді жөндеу және тағы басқа  мәселелерді көтерді.   Бұқаралық ақпарат құралдарының қойылған сұрақтарына облыс әкімі Марат Ахметжанов толық жауап берді.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар