Қазан айы – қарттар мен мүгедектерге қолдау көрсету айлығы болып табылады. Мейірімділік пен қайырымдылық бір-бірімен байланысты. Ондай қасиетке шынайы, таза, адал жүректі адам ие болады. Мейірімді, бауырмал, көмекке дайын тұратын абзал адамдар – кез келген қоғамның тірегі.
Ақмола облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері де аталған айлықтан тыс қалмай, мемлекеттік кірістер органдарының ардагерлерімен кездесіп, қарияларға зор денсаулық пен игі тілектерін білдірді.
Ақмола облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Дулат Нұрмолдин бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Теңбай Сәпиоллаұлы Ыбыраевты және салық органдары ардагерді Антонина Николаевна Антонованы 85 жасқа толу мерейтойларымен шын жүректен құттықтады.
Сондай-ақ, ардагерлерді ішкі істер органдары мен ұлттық «Ұлан» ардагерлері кеңесінің мүшесі Болат Темірбаев және Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев құттықтады.
Ардагерлердің жүздеріндегі қуанышты көргенде осындай кездесулердің маңыздылығын жақсы түсінуге болады. Өйткені, олардың кейбіреулері тіпті астанадан да келіпті. Іс-шара соңында салтанатты шараға қатысушылар естелік фотосуреттерге түсіп, риза көңілмен тарқасты.
Ақмола облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі.