Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көрікті Бурабай: жазғы маусым - АРҚА АЖАРЫ

Көрікті Бурабай: жазғы маусым

«Қазақстан Швейцариясы» атанған Бурабай курорттық аймағын уақыт талабына сай дамыту мәселелері ұдайы Үкімет назарында ұсталып келеді. Таяуда осында облыс әкімінің орынбасары Владимир Балахонцевтың төрағалығымен өткізілген жұмыс кеңесі де биылғы жазда курортты аймаққа еліміздің өзге өңірлері мен шетелдерден туристерді көптеп тарту мәселесіне арналып, осы орайдағы атқарылған жұмыс пен алда тұрған міндеттерді қарастырды.  

Кеңесте өңір басшысының орынбасары сөз сөйлеп, экономикалық дағдарыс жағдайында Елбасы экономиканың шикізаттық емес саласын дамытуға ерекше назар аударып отырғанын атап өтті. Бұған туризм де кіреді. Мемлекет басшысы Үкіметке әкімшілік кедергілерді қысқарту және кәсіпкерліктің субъектілері үшін қолайлы жағдай туғызу жөнінде нақты қадамдар жасауды тапсырғаны белгілі. Дегенмен, заңнаманы жетілдіруді талап ететін және нарықтық қатынасты реттейтін нормативтік базалар құру барысында мәселелер баршылық. Біз бірыңғай заң аясында жұмыс істеп, дұрыс бәсекелестік орта құруымыз қажет. Бұл бағытта елімізде кәсіпкерлікті қорғау үшін арнайы құрылған кәсіпкерлер палатасына басты рөл берілген. Палатаның қамқорлығы аясында туризмді дамытудың өзекті мәселелерін шешу үшін мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобын құру қажет. Заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныс енгізу керек. Оның ішіне туристік қызметті сертификаттау, жыл бойы жұмыс істейтін субъектілер үшін коммуналдық қызмет саласында сараланған тарифтік саясат жүргізу, гидтер және өзге мамандық иелерін  даярлау кіреді. Ауданда туризм индустриясы үшін педагогикалық колледж, туризм индустриясы мен сервис колледжі және «Арман» оқыту орталығы осындай мамандар даярлайды.
Кеңесте сөз сөйлеген облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Қазбек Ескендіров туристік бизнес субъектілері үшін қолайлы жағдай жасау және олардың мүддесін қорғау жөнінде айтты. Ауданда «Бурабай» туризм және демалыс қауымдастығы жұмыс істейді. Сондай-ақ, жиырмадан астам туристік фирма тіркелген. Бұл мекемелер туристердің саяхат кезіндегі қажеттілігін қанағаттандыру үшін барлық қызметтің түрін ұсынады.
–Аймақта жеті жүзге жуық дүкен, қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындары мен тұрмыстық қызмет көрсететін ұйымдар жұмыс істейді, – деген Бурабай аудандық туризм бөлімінің басшысы Рүстем Қасымов Щучинск-Бурабай курортты аймағының жазғы маусымға дайындығын айтып берді. Меймандар мен аудан тұрғындары үшін 24 саяхат жолы жасалған. Оның 17-сі жаяу жүргінші, қалғаны ат, велосипед, су және автокөлік бағыттары. Курорттық аймақта 2010 жылдан бері туризмнің дамуының негізгі көрсеткіштері тұрақты өсіп келеді. Мәселен, өткен жылдың басында нысандар саны 187-ні құрады. Бұл 2010 жылғы көрсеткіштен 49,6 пайызға көп. Туристердің келуі екі есеге, көрсетілген қызметтің көлемі бес есеге өсті. Биыл 216 нысан жұмыс істейді. Меймандарды қарсы алу үшін Щучинск қаласы мен Бурабай кентінде 32 сенбілік өткізіліп, елді мекендерді санитарлық тазалау, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Қордаланған қоқыс үйінділері жойылып, күл-қоқыс қала сыртына шығарылды.
    Қоғамдық және тұрғын үйлер, кеңсе мен дүкендердің сырты, жаяу жүргіншілер жолы жөнделген. Көшелер мен контейнер алаңдары абаттандырылыпты. Парктер, скверлер, бульвар мен бақтар тәртіпке келтірілді. Ағаш көшеттері отырғызылған. Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамыту жоспарының аясында биыл 1 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаржы Бурабай кентіндегі жол жүйесінің құрылысын жалғастыруға және аталмыш кенттегі бу қазандығы құрылысын аяқтауға бағытталды. Сондай-ақ, Щучинск қаласындағы көшелерге күрделі жөндеу жүргізілуде. Бурабай кентіндегі су тарату жүйесі қалпына келтіріледі.
  «Нұртау» тау-шаңғы базасының директоры, кәсіпкерлік палатасындағы туризм өкілі Айдар Боқанов өз сөзінде туристік жобаларды жүзеге асыру үшін инвесторлар тарту, ішкі және сыртқы инвестиция ағымын ынталандыруға бағытталған DMO туристік дестинациясын дамытудың жаңа құрылымын құру жөнінде пікір білдірді. Маркетингтік қызметті жаңа деңгейге көтеріп, Бурабайды қазіргі заманғы курортқа айналдыру үшін мұқият жұмыс істеу керек. «Бурабай даму» серіктестігі директорының міндетін атқарушы Жасқайрат Әбдірахманов   курорттық аймақтың туристік әлеуетін жетілдіру бағытындағы жұмыстар жөнінде айтып берді.
– «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі туризммен айналыспауы тиіс. Парк курорттық аймақтағы табиғи ресурстарды көбейтіп, сақтаулары керек. Туристер тарту үшін Ресейдің солтүстік өлкелерімен қырық шақты келісім-шартқа отырдық.  Сайт арқылы жұмыс істейміз. Осы арқылы туристер демалысының жаңа деңгейіне көшудеміз, – деді ол. Облыстық туризм басқармасының басшысы Шынарбек Батырханов Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі мен Қытай Халық Республикасы Туризм ісі жөніндегі мемлекеттік басқармасы арасындағы меморандумды жүзеге асыру барысына қатысты мәселелерді атап өтті. Қытайлық туристік топтар үш адамнан елу адамға дейін қабылданатын болды. Туристер тобын оларды шақырғандар немесе қонақ үй кешеніндегі туристік фирмалардың мамандары тіркейді. Меморандумға сәйкес Ақмола облысына қытайлық туристерді қабылдау, орналастыру және қызмет көрсету үшін тиісті дайындық жүргізілуде. Мәселен, «Круиз» туристік фирмасы ҚХР-дан туристік топты күтіп алып, қызмет көрсету үшін «KAZUNION» туроператорымен келісім-шартқа отырды. Туристерді орналастыру үшін Щучинск-Бурабай курорттық аймағындағы отельдермен келісімге қол жеткізілді. Аймақ бойынша қызықты саяхаттық бағдарламалар дайындалды. Қазақстанға ҚХР-дан туристердің алғашқы тобының Астана мен Алматы қалаларына келуі шілденің басында жоспарланған. Одан әрі олар Ақмола облысына, оның ішінде Бурабай курортты аймағына келеді деп күтілуде.
Кеңес қорытындысы бойынша облыстық кәсіпкерлер палатасында туристік бизнестің белсенді субъектілерінің және кәсіпкерлердің қарқынды жұмыс істеуі және осыған қажетті жағдай жасау үшін мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобын құру жөнінде шешім қабылданды.

 

Рамазан ТІЛЕУОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар