Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жолдама да, алтын да – «Оқжетпесте»! - АРҚА АЖАРЫ

Жолдама да, алтын да – «Оқжетпесте»!

Сонымен футболдан бірінші лигадағы Қазақстан чемпионатының ойындары аяқталды. Бұл доп додасына сонау сәуір айынан бері 14 команда қатысып, Премьер-Лигаға берілетін қос жолдаманы сарапқа салды.

Жаз бойғы тартысты ойындардың нәтижесінде Көкшетаудың «Оқжетпесі» күні  бұрын осы екі жолдаманың бірін иеленіп, келесі жылы жоғары топта өнер көрсететін болды. Жерлестеріміз 26 ойынның 19-ында жеңіске жетіп, үшеуінде тең ойнап, ал, үш ойында ұтылып, 80-22 доп айырмашылығымен барлығы 61 ұпай иеленді. Сөйтіп, екінші жолдамаға қол жеткізген Қызылорданың «Қайсарынан» бес ұпай асып түсіп,  жеке дара көш бастады. Бұл – «Оқжетпес» бірінші  лигадағы биылғы біріншіліктің жеңімпазы атанып, алтыннан алқа тақты деген сөз.

«Оқжетпестің» қатысуымен «Екібастұзға» қарсы өткен біріншіліктің 25-інші ойыны Көкшетауда қара суықта өткендігіне қарамастан, сүйікті клубтарына адал жанкүйерлерді қысқа салым мезгілдің қытымыр райы да ықтыра қойған жоқ. Доп тебетін алаңның өзі ақ қардан екі күн бойы тазартылып, кептіріліп, тек үшінші күні ғана ойынға дайын болған көрінеді. Алаңда футболшылардың суықтан жай тұрғаннан да, допқа ұмтылыстары басым болып, тіпті матчтың соңына қарай жаңа ойыншымен ауыстырылған команда капитаны, шабуылшы Жасұлан Молдақараев «әлі ойнағым келіп тұр» деп айтып қалып, жұртшылықты еріксіз езу тарттырғаны да жарасып тұрды. Бұл кезде таблодағы есеп 4:0, «Оқжетпестің» пайдасына еді.

Қызылордада, соңғы ойында да аспай-саспай, Премьер-Лигаға күткен жолдама, оған қоса, алтын медаль да қолда болған соң еркін қимылдаған оқжетпестіктер біріншіліктің көш соңындағы «Байқоңыр»  клубына тізгінді бере қоймады. Оңтүстік футболшылары есеп 2:2 болып тұрған тұста тең ойыннан дәмелі болғандарымен, жас шабуылшымыз Сәрсенов матч аяқталуға санаулы минуттар қалғанда үшінші голды соғып, «Оқжетпесті» әдеттегідей тағы да алға шығарды. Сөйтіп, «Оқжетпес» үшін биылғы чемпионат осындай жеңісті рәуіште әдемі аяқталды.

Ал, ендігі  сұрақ жоғары топқа өтіп, қуантып отырған жерлестеріміздің келесі маусымдағы жағдайлары қалай болмақ? Премьер-Лигаға бір өтіп, бір түсіп қалып, тағы да сан соқпауымыз үшін команда құрамын дұрыс жасақтау керек, әрине. Биылғы маусымда бір өзі қарсыластар қақпасына 24 гол соғып, бірінші топтың ең үздік сүр мергені атанған әрі «Оқжетпеспен» келісім-шартын бір жылға ұзартқан Руслан Болов келесі маусымда да мықты бәсекелестері арасында осындай шалт қимыл таныта ала ма? Міне, мәселе осында.  Қалай дегенде де біз, футбол жанкүйерлері «Оқжетпесті» осымен жоғары топқа екінші мәрте шығарып отырған бас бапкер Сергей Попковқа риза болуымыз керек.

Сөз соңында биыл жоғары топтан бірінші топқа  Түркістанның «Тұраны» мен Оралдың «Ақжайығы» түсіп қалғандығын айтқымыз келеді. Ендігі тілек, олардың орнын басатын «Оқжетпесіміз» жаңа қарсыластарына оңай шағылатын жаңғақ болмаса екен…

Қ.КӘКЕНОВ.   

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар