Әнге ғашық жүрекпен…

 Таяуда Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен дәстүрлі әнші Сәрсенбай Хасеновтың шығармашылығына арналған «Көкшетау – Сарыарқаның раушан гүлі» атты ән кеші болып өтті.

Салтанатты шарада Ақмола облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова сөз сөйлеп, ән кешіне арнайы келіп, кештің шырайын келтірген белгілі әнші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Сәрсенбай Хасеновтың ұстазы Айгүл Қосановаға алғысын білдірді. Әрі облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренованың Алғыс хатын тапсырды. Сонымен қатар, шығармашылық кеш барысында мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы-драматург, публицист Жабал Ерғалиев, әнші-сазгер  Иран сал Тасқара, ақын-жазушы Серік Жетпісқалиев, ақын Қуаныш Оспан  сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді.

Иә,  өлең-жырсыз, әнсіз өмір сүреңсіз екендігі анық! Шынымен де, көкірегі толған ән болса да, күні-түні ел арасынан ән іздеп жүретін әншілерді көргенде осы бір-ақ ауыз сөздің бекерден-бекер айтылмағанына еріксіз иланасың. Иә, ән іздеп жүретін, әннен рух, әннен қуат алатын, сол тау суындай қуаты мол рухани байлықты жүрекке дарытып, оны елге, өз тыңдаушысына әнмен дарытатын әнші бар болса, дәл Сәрсенбай Хасеновтей болсын!

Аға буынмен тілдесе қалсақ, көбіне жастар туралы наз айтады. Дұрыс-ақ! Бұл сөздердің бәрі де бекерден-бекер емес-ау! Бірақ, елдің ән мұрасын тірнектеп жинау мақсатында еңбек етіп, сол еңбегі үшін ақы сұрамайтын һәм ізденуден талмайтын, жақсылармен жүздескенде сол кездесуді ғұмырлық ғибратқа балайтын көкірегі ояу жас өнерпаздарды көргенде ерекше тәнті болатының рас.

Иә, біз жас өнерпаз деп атап өткен дәстүрлі әнші, өзіміздің жерлесіміз көкшелік Сәрсенбай Хасеновтың өнер өлкесінде өз өрнегімен танылғанына да он жылдың жүзі болыпты. Адам ғұмырымен өлшеп санамалап айтар болсақ, сондай көп уақыт та емес. Дегенмен, мәселе өткізген, өткен уақытта болмаса керек. Сіңірген еңбекте.   Ел-елді аралап «жоқ» іздеп, көнерген әуезді, ұмытылып бара жатқан әндерді жаңғыртып, ауызы дуалы ақсақалдардың есті әңгімесін жазып алып, ертеңгі ұрпаққа керек болады-ау деген ниетпен ғұмыр жолын ғибратпен  өрнектеп жүргені кім-кімге болмасын үлгі екендігі анық. Ол осы жылдар аралығында Көкшенің ақын-композиторларының өмірі мен шығармашылығын зерттеп, «Айтыс керуені», «Жігіттің падишасы», «Сұраған саған аманат» атты кітаптары жарық көрді.

Осындай өнегелі жанның өнердегі жолын неге насихаттамасқа?! Орынды-ақ! Осы орамды ойды, ізгі мақсатты алға тартқан облыстық мәдениет басқармасының осы бір ізгі мақсатын ерекше атап өткеніміз ләзім. Ал, осы бір өнер кешінің ажарын ашқан, кештің құрметті қонағы, елімізге танымал дәстүрлі жезтаңдай әнші Айгүл Қосанова болғандығын ерекше ілтипатпен атап өткіміз келеді.

Иә, бұл өнер кешінде Сәрсенбай салған әндер ғана емес, қазақтың ән өнері шалқыды десек артық айтқандық емес-ау! Үкілі тақиясы үлбіреп, бүрмелі көйлегі төгіліп, күн нұрындай шуақ шашып, әнсүйер қауымның жүрегін әнмен жылытқан  әнші Айгүл Қосанова сахнаға көтерілгенде өнерсүйер қауымның қуанышы еселей түсті.  Ол осы кешке әннен шашу шашып, өз шәкірті Сәрсенбай Хасенов туралы жүрек толқытар жылы лебізін де арнады.

Кеш барысында Сәрсенбай бауырымыз қазақ халық әндерінен басқа жергілікті ақын-композиторлардың да әндерін орындады. Концерт шымылдығы Беркімбай Нұрымұлының «Арман» әнімен ашылуы да Сәрсенбайдың ізденісте жүрген өнерпаз екендігін аңғартса керек. Себебі, бұл ән  ұмыт болып бара жатқан әндердің қатарынан.

Ән кешінің өн бойында әнші  Жаяу Мұсаның «Ақшашақ», Біржан салдың «Теміртас», Ақан серінің «Ақтоты», Төлеген Қажыбаевтың «Дала мұңы», Иран сал Тасқараның «Кербез Көкше» әндерін әуелете шырқап, ән сүйер қауымның көңілін бір серпілтіп тастады. Сәрсенбай Хасенов жергілікті ақын-композиторлармен де тығыз шығармашылық байланыста. Соның бір айғағы, өзінің ән кешінде жергілікті ақындардың сөзіне жазылған жаңа әндерді тыңдаушысына тарту етті. Сәрсенбайдың әннің әуезін өзі шығарып, өзі орындауы да оның сан қырлылығын айғақтаса керек. Ән кешінде Қорғанбек Аманжоловтың сөзіне жазылған «Зеренді қарағайлары», Ақселеу Сейдімбектің 80 жылдығына арналған республикалық байқауға арнайы  үкілеп қосқан, Ерболат Баятұлының сөзіне жазылған «Ақселеу ағам текті бір қазақ» әні және Серік Жетпісқалиевтің сөзіне жазылған «Жаңаарқам менің» әні, Қуаныш Оспанның сөзіне жазылған  «Мизамшуақ», Мерген Тоқсанбайдың сөзіне жазылған «Түнгі Көкшетау» атты әндерді шырқап, әнсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді.

Түнгі Көкшетау,

Самалың тарап кекілді,

Түнгі Көкшетау,

Салқының сүйсін бетімді.

Көшелеріңе жұлдыздар жауып түнімен,
Сөне алмай жатқан секілді.

Ән шарықтап, қалыптап бара жатты. Шарықтап кеткен сол көңіл аппақ сезімге байланып жүрекке рухани қуат сыйлап, толқытып жатқандай…

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар