Кербез Көкшенің ақын қызы

Марфуға Бектемірова жайлы кітап шықты

Қазақ әдебиетінде ерлі-зайыпты жандар сирек болса да кездеседі. Солардың қатарында жерлестеріміз Марфуға Бектемірова мен Есенгелді Сүйінов те бар. Екеуі де мектеп қабырғасында оқып жүргенде өлең жазып, көзге түскен. Алғашқы өлеңдері облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде жарық көрді. Екеуі де бұрынғы Көкшетау облысының Уәлиханов аудандық «Шалқар» газетінде еңбек жолын бастап, сонда танысып, бірін-бірі ұнатып, сүйіп, кейін шаңырақ көтерді.

Марфуға Бектемірова «Жанары жәудір дүние», «Айдыным менің»,  «Ғашық жүрек», «Еңлікгүл», «Менің Атлантидам», «Аққуым менің  қайдасың?»,  «Озеро души», «Тобылғы түн», «Нұрлы дүние» кітаптарының авторы. Сондай-ақ «Единная Россия» партиясы мен Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының қолдауымен  Мәскеуде  «Белый  парус  мечты»  атты кітабы жаппай таралымы 10 мың данамен шықты. Ақынның  аударуымен «Аударма» баспасынан «Жыр-жауһар» сериясымен Анна  Ахматованың өлеңдері кітап болып жарық көрді. Бір топ өлеңдері  суретімен қоса, «Жыр маржаны» 10-томдық Қазақ поэзиясы антологиясының 7-ші томында жарияланды.

Өкінішке орай Марфуға өмірден ерте кетті. Оның соңында әлі де жарияланбаған әңгіме, өлеңдері қалды. Марфуғаның сол бай мұрасына жұбайы, танымал жазушы Есенгелді Сүйінов сергек қарап, бәрін жинастырып, ел кәдесіне жаратуға, есімінің халық жадында сақталуына  ұйтқы болып жүр. Есенгелдінің дәнекерлік етуімен 2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы «DATA-TIMES» баспасынан  ақынның мемлекеттік тапсырыс бойынша таңдамалы шығармаларының екі томдығы оқырмандар қолына тиді. Жақында ғана Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония залында белгілі ақын, ҚР Мәдениет қайраткері Марфуға Бектемірованы еске алуға арналған  «Аққуым менің қайдасың?» атты шығармашылық кеш өтті.

Енді міне, жазушы Есенгелді Сүйіновтың «Қызғалдақ-ғұмыр» кітабы Нұр-Сұлтан қаласындағы «Big Dream» баспасынан шықты. Аталған кітапта өлең өлкесінде өзіндік үні, өзіндік қолтаңбасы бар көрнекті ақын Марфуға Бектемірованың өнегелі өмір жолы жайлы сыр шертіледі. Кітаптың көлемі 21 баспа табақ, таралымы 1000 дана. Оның сыртқы мұқабасында көгілдір тау етегінде, сансыз қызғалдақтар ортасында жайғасып отырған Марфуғаның сұлу бейнесі қойылған. Іші-сырты әсем безендірілген кітаптағы шығармалар мазмұнды, шебер тілмен жазылған.

«Марфуға 18 жаста болса да ізденгіш, алғыр, зерек еді. Екеуміз кітап дүкендеріне жиі барамыз. Ылғи танымал ақындардың кітаптарын сатып алады, аудандық кітапханаға үнемі бас сұғып, шетел классиктерінің туындыларын оқиды. Соның әсерінен бе, ерекше ұйқастағы, жаңа теңеулерге толы тартымды өлеңдер шығарды. Бірде күтпеген сәтте аудандық газеттің редакторы Айдархан Кәріпханов кабинетке кіріп келді. Жүзі қуанышты, даусы жадыраңқы.

–Марфуға, мынау «Аққуым менің қайдасың?» деген өлеңің тамаша, күшті өлең екен. Маған керемет ұнады. Осындай жақсы өлеңдер жаза бер, қарағым, – деп ағынан жарылып, игі тілегін білдірді. Келесі күні өлең газетте жарияланды.

Марфуғаның қуанышында шек жоқ. Бастығы үлкен басымен келіп, өлеңін мақтап, жоғары бағалап жатса қалай көңілі көтерілмесін? Мен де осы кезде сүйген қызымның жетістігіне төбем көкке екі елі жеткендей сүйсініп тұрдым.

«Аққуым менің қайдасың?» өлеңін Марфуға небары 14 жасында мектепте оқып жүргенде шығарыпты. Кейін осы өлеңге Алматыда тұратын танымал композитор Әнуарбек Бекжанов ән шығарды. Ән болғанда керемет, ғажайып ән! Тыңдасаң жан-дүниең толқиды, көзіңе жас келеді. Сөзі мен әні өзара үйлесім тауып, халқымызға ұнады. Ел аузында жүрген сол сүйікті әнге белгілі әнші Ералхан Әбішев әдемі бейнебаян түсіріп, нақышына келтіре орындап жүр».

Есенгелді өзінің сүйген жары Марфуға жайлы осылай еске алады, онымен бірге болған ыстық сәттерін көз алдыңа әкеледі. Мұны тебіреніп оқисың. Кітапта Марфуға Бектемірова жөніндегі естеліктерге, арнау өлеңдерге кеңінен орын берілген. Солардың арасында Зеренді аудандық «Коммунизм таңы» газетінде бірге жұмыс істеген, бүгінде облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы, қаламы жүйрік журналист, ақын Қайырбай Төреғожаның қызықты, тартымды естелігі бірден баурап алады.

«Ол кезде Марфуға құралайдың көзіндей жанары мөлдіреген жас ақындардың бірі болатын. Бірақ  әлі жиырма бестердің шамасында болса да, өлең өлкесінде әжептәуір танылып қалған, болашағынан мол үміт күттіретіндердің санатынан еді. Оған Көкшетау облысы Зеренді аудандық «Коммунизм таңы» газетінде еңбек етіп жүрген кезінде-ақ Алматыда өткен шығармашыл жастардың республикалық «Жігер» фестивалінен лауреат болып оралғаны дәлел. Сонда Марфуғаны жапа-тармағай құттықтап, бүкіл редакция болып төбеміз көкке жеткендей бір қуанып қалған едік. Арамыздағы Марфуға ақын сонда да «мен сондаймын» деп желпінбеді, газеттегі қызметін ел қатарлы атқарып, қарапайым, биязы қалпымен көптің бірі болып жүре берді. Кейін Көкшетау облысы атынан өзіміз де қатысу құрметіне ие болған сол «Жігер» фестивалінде, жас ақын-жазушылардың республикалық кеңесінде жас Марфуғаның ерте танылуы, тырнақалды жауқазын жырларымен көпшіліктің көзіне ерте түсуі жастайынан бойына ана сүтімен, табиғаттың өзімен дарыған талантының тегеуірінділігінен еді.

Қыз жаны қашанда нәзік қой. Сол үлбіреген нәзіктік, қызға тән сезімталдық Марфуғадан да молынан табылатын. Соны өлең жолы етіп өргенде, қыз жанының небір тылсым сырлары, құпия қалтарыстары ақ  қағазға ақ шуақтай құйылып, сәулелі әсем жырға айналатын. Жас ақынның сол өлеңдеріне сол тұста аудандық газет оқырмандарының да көздері әбден үйреніп, қазақтың қара өлеңіне Көкше жақтан да бір талантты ақын қыздың қосылғанын танып, біліп қалған кез. Ал, Марфуғамен бірге еңбек ететін біздер болсақ, оның өлеңдерін сол сексенінші жылдардың бас кезінің өзінде-ақ республикалық басылымдардан көрсек, таң қалмайтынбыз».

Қайырбайдың осы естелігін оқи отырып, Марфуғаның әдебиет әлеміндегі алғашқы қадамдарын, ақындыққа деген өршіл ұмтылысын байқайсың. Өткен кезеңге көз жүгіртіп, шығармашыл жандардың қаншалықты адал болғанын, солардың арасындағы өзара сыйластық пен ілтипатты аңғарасың.

Бұл кітапта сондай-ақ кезінде Ақмола облысы әкімінің орынбасары болған, кейін «AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған Ғалым Бекмағамбетовтың, филология ғылымдарының кандидаты Сәбит Жәмбектің, ұлағаты ұстаз Таңсық Жұрынқызының мақалалары, Серік Жетпісқалиев, Алмас Темірбай, Арман Бердалин секілді белгілі ақындардың лебізі мен арнау өлеңдері жарияланған.

Жақсылық ӘБИЕВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар