Бұл жарық дүниеде біреуді біреу тану үшін, біреуді біреу білу үшін өмірдің өзінен алынған сан түрлі қисын, тәмсілдердің де төрелікке жүрері жоқ емес, бар. Осындайда жиі ауызға түсетін «әуелі маған досыңды көрсет, сосын мен сенің кім екеніңді өзім айтайын» деген сөздің де біздің әрқайсымызға қатысы жоқ деп кім топшылар?!. Шүкір, ағайын-туыс, өскен, жүрген ортама бір кісідей беделім бар азаматпын. Қазақстанның сан қаласында, сан түкпірінде жанымды ақ көңіл, ізгі ілтипатымен тербейтін ақ адал достарым аз емес. Мен оларды, олар мені іздеп, іңкәр жүректің тілекшіл жолы, ниетшіл жөнімен шұрқыраса табысып, қауышып жатамыз. Мұндайда ақын болмасам да, ақынжандылығым бар. Жиренше шешен болмасам да, жүректен төгіп тастайтын, көңіл жұбатып, жан жылытатын бір төбе ықылас, пейілім бар.
Достың өзі ес біліп есейе келе табысқан, өмірдің сан тарау жолында жолығып, тонның ішкі бауындай араласып, ажырамастай болып кеткен әр қилы тіршілік соқпақтарымен бірнеше кезеңге бөлінетіндей. Соның ішінде іңгәлап өмірге келгеннен туған жердің жұпар ауасын бірге жұтып, оның жұмсақ топырағында бірге аунап-қунап, бір қиял, бір арман, бір үмітпен алда-
ғыңа қатар ұмтылған бала күнгі досыңа кім жетсін?!.
Сондай бір жан досым, бұл күнде көпке танымал ел ағасы, жұрт қадірлеген, ағайын-туыс ардақтаған, Көкшенің көркем де кемел бел баласы Мұрат қажы Ыдырысұлы үлкен бір мерейлі жасқа ат басын тірегелі отыр. Қолыма қалам алмай тұрып, осы жайында көп ойландым, көп толғандым. Өйткені, бұл азамат туралы жазбаған ақын-жазушы, журналист некен-саяқ десем артық болар, алайда, небір баспа беттерінде біраз дүние жарық көргені ақиқат. Оны досымның әр қадамына тілектес болып жүретін мен білемін, ақ пейіл ел біледі. Енді міне, бүгін сол жан досым жетпістің биігінен көрініп жатқанда, оған деген жүрекжарды жылы сөзімді, шын көңілімнен шыққан ақ тілегімді талайдың қолынан табылар облыстық газет арқылы өзім жеткізуді, өзім ортаға жайып салуды ұйғардым.
Осы орайда, әріден алып қарасам, Мұрат екеуіміздің арамыздағы көп жылғы достық, сыйластық сезімі кімге болсын үлгі-өнеге болатындай. Менің Мұратымның тегі де, әу бастағы негізі де мықты. Әкесі Ыдырыс, анасы Әмина өздері тіршілік етіп, өмірден өткен Сәуле өңіріне ғана емес, ол кезде о шеті мен бұ шеті ұшы-қиырсыз бүкіл Еңбекшілдер ауданына танымал жандар еді. 1971 жылы жаңадан ашылған Уәлиханов ауданы басқа емес, тап осы Еңбекшілдерден бөлініп шықса, ұшы-қиыры жоқ демей көріңіз.
Ыдырыс ағамыз қарапайым ғана жылқышы болғанымен, өте еңбекқор, ел-жұртқа қадірлі, ұстамы терең, төңірек тегіс танитын әрі құрметтеп, тыңдайтын, аузы дуалы танымал тұлға болды. Әттең, осындайда өмірінің қысқалығына қамығасың. Көзіміз көріп өстік, төрт түліктің төресі жылқы малын жан-тәнімен өте жақсы көруші еді. Ажалы да сол өзі жанына өзгеше көрген жылқыдан болады деп кім ойлаған?!. Жақсыға бұйырған ғұмыр, тағдыр деген кейде осылай қысқа қайырылатыны несі екен?!. Әрине, әке өмірден озғаннан кейін бұл үйдің тұрмысы, кешегі елді өзіне қаратқан еңселі тұрпаты бұрынғыдай бола қойған жоқ. Мұрат соның бәріне де төзіп, бәріне де көніп, алдағы арманына тек өз күш-жігерін желкен етіп, анасының зейнетақысымен ғана талабын ұштады. Жасынан білім қуды, спортпен шұғылданды, өнерді серік етті. Өзі құралпы талай жастың, құрбы-құрдастың ішінде етінің тірлігімен көзге түсті, өмірге құштарлығымен талай қатарласынан оқ бойы озық жүрді. Мектепте ғана оқу озаты болып қоймай, өзі шағын ғана ауылдан келіп түскен Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтында да үздік оқыды.
Сол институт қабырғасында оқып жүргенінде бағына көршілес ауылдың көркем қызы Үмітжан Кәрімқызы Асанованы кездестірді. Екеуі алғаш танысқаннан көңілдері жарасып, студент кездерінде-ақ бір-бірін сүйеу көріп, үй-күй болды. Содан оқу бітірген соң жолдамамен өзінің туған ауылы қасиетті Сәулесінен бастап, төрт бірдей мектепте ұстаздық етті. Яғни, қатарынан төрт білім ордасында жас жеткіншектердің жанына ізгілік нұрын құйды. Соның бәріне өз бетімен ауысып жүрген жоқ, басшылардың қалауымен сатылап өсіп отырды. Сөйтіп, 1979 жылы Невский орта мектебінің директоры болып жүрген жерінен аудандық партия комитетіне лауазымды қызметке жоғарылатылды.
Содан айналдырған оншақты жылдың ішінде өзінің іскерлігі, сеніп тапсырылған қай жұмысқа болсын жоғары жауапкершілігімен әуелгідегі аупартком нұсқаушысы қызметінен Көкшетау облыстық партия комитетінің басшы қызметкерлерінің біліктілігін жетілдіру курсының меңгерушілігіне бір-ақ көтерілді.
Бұдан соң Мұрат Ыдырысұлының қабілет-қарымы мен ұлтжандылығы, азаматтық ұстанымы таразы басына тартылған бір сындарлы тұс – сонау еліміз әлі өз тәуелсіздігін алмаған өліара шақта Көкшетауда қайта ашылған қазақ педагогикалық училищесінің директоры болып тағайындалуы дер едім. Әлі отыратын жөні түзу үйі де, соған сай күйі де жоқ, сол жоқтан басталған, жоқтан құралған бұл шаруаны ұршықтай иіріп әкету бір келсе, тек Мұраттай айбозымның ғана қолынан келер деп ойлағам сонда өз басым. Досымның ел тірлігін білетін сол сенім мені де, оған осы орынды ұйғарған облыс басшыларын да алдамапты. Оқу орны ашылған сәттен бастап тыным көрудің не екенін білмеген асыл азамат бар-жоғы үш жылда қазақ мектептеріне педагог мамандар даярлаудың нағыз ұстаханасына айналған бұл училищені тек облыс қана емес, бүкіл республикамызға танытып, өрлеу жолын айқындап берді. Қазір ол тәуелсіз қазақ елінің Жанайдар Мусин атындағы іргелі оқу орны. Төрт құбыласы сай, керек-жарағы нық. Осы күні әрбір жетістігіне қуанған сайын сонау бір алғашқы жылдары осында Мұрат Ыдырысұлы бастаған үлкен жұмыстар еріксіз көз алдыңда көлбеңдеп, көңіл күмбезінде жарқ етіп тұра қалады.
Одан әрі жастайынан өзі де өнерге жақын, әсіресе, ұлттық өнер дегенде жаны бір бөлек парасат иесі Көкшетау облыстық мәдениет басқармасының тізгінін ұстап, осы салаға ұлт мүддесі тұрғысынан қарауымен тағы қуантты. Қай жерде еңбек етсе де, өзінің жақсы ізін қалдыратын айшықты қолтаңбасы мұнда да көрінді. Мәдениет саласының материалдық-техникалық базасын нығайту, өнер мекемелерін білікті кадрлармен қамтамасыз ету жолында аянбай тер төкті. Менің досымның тұсында облыс тарихында тұңғыш рет оқушылардың облыстық ақындар айтысы өмірге келіп, ол үлкен бір өнер мерекесіне айналды. Осының арқасында сұлу Көкше елінің намысын республикалық деңгейде лайықты қорғай білген талантты айтыс ақындары шықты.
Мұрат досымның ұлтымыздың болашағы тұрғысынан да өз басым әркез жоғары бағалайтын бір қасиеті, жүрген жерінде өз өнегесімен туған халқымызды салауатты өмір салтына баули түсетіні. Өзі басшылық тізгінін ұстаған қай ортада болсын, жастардың арақ ішіп, темекі тартуына тыйым салып, алдымен өзі соған үлгі көрсетіп, жанашырлық танытуы әрине, тек қана «елім» деген азаматтардың қолынан келетін іс екені айқын. Жоғарыдағы қазақ педагогикалық училищесінде оқытушылар мен білім алып жатқан жастарды Отанын сүю, үлкенді сыйлау, тілін, ділі мен дінін қастерлеу сияқты патриоттылық, ұлтжандылық рухына жатпай-тұрмай жетелеген де осы басшы болатын. Кейін шүкір, бұл бағыттағы жұмыстарды осы оқу орнының келесі басшысы, менің жақсы көретін інім, ғалым-ұстаз Нұртас Ахат лайықты жалғастырып әкетті.
Бірде осы Мұрат досымның өзі жақсы көретін ұлы Оразға әзіл-шыны аралас «әй, Ораз, осы мен өмірімде бір жақсы шаруа тындырыппын» дегені бар емес пе. «Әке, ол қандай шаруа?» деп сұрайды ғой сонда Оразы. Бұған «Мен жақсы әйел алыппын» деп жауап беріпті досым. Расында, бұл сөздің ойын да болса, жаны бар. Жан жары Үмітжан Кәрімқызы қалай мақтасаң да, сол сөзге сиятын, жақсы ана, жақсы жар, жақсы әже, жақсы ұстаздың үлгісі. Осы арада Үмітжанның біздің үйдегі Күмісжанға нағашы апа болып келетінін де айта кеткеннің еш айыбы жоқ. Біздің Мұрат екеуіміздің ертеден қалыптасқан жақсы достығымыз бен сыйластығымыздың да бір дәнекері осы Үмітжан Кәрімқызы. Мен айтып жатқан осы орынды ой-пікірлердің бәрін Мұратпен қол ұстасып, қолтықтасып, екеуі отау құрғалы өнегелі мінез-құлқымен де, өрелі ісімен де дәлелдеп келе жатыр біздің Үмітжан. Бір кездегі ол отау әрине, бұл күнде тамырын тереңге жайған, ынтымақ-бірлігі жарасқан үлкен шаттықты шаңыраққа айналған. Бүгінгі таңда Ыдырысовтар отбасының жақсы аты тек қана сұлу Көкше аймағына емес, одан тысқары жерлерге де кеңінен мәлім. Атам қазақтың осындайда «тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады» деген бір сақтанар сөзі бар. Лайым, Алла тағала осындай құтты шаңырақты әрдайым тіл-көзден аман қылсын дейсің.
Соңғы бір он бес-жиырма жылдың бедері менің Мұрат досыма тағы қандай өмір қуанышын, игілігін сыйлады? Бұл орайда, абзал азаматтың зейнет демалысына шығар алдында Көкшетау қалалық спорт бөлімін басқарып, осы қызметтің тізгінін ұстаған тұста да толып жатқан көпшілік шаралармен бірге, ұлттық спорт ойындары мен түрлерін дамытып, насихаттауға да лайықты үлесін қосқанын айта кеткен жөн. Кейін Үмітжан Кәрімқызы екеуі сәждаға бірге бас қойып, дінімізге, ділімізге деген үлкен жүрекпен Меккеге қажылыққа да барып келді. Содан бері Мұрат қажы деген мерейлі сөз менің бала күннен бірге келе жатқан жан досымның ішкі рухани жан дүниесін де барынша нұрландырып, аша түскендей. Қазір ислам дінінің бір белсенді уағыздаушысы ретінде Мұрат қажы есімі айналасына мейірім шуағын шашып тұрады, үлкен-кішіні ізгілігімен баурайды.
Кір жуып, кіндік кескен туған ауылы – Сәуле десе жаны. Тағы да кәсіпкер ұлы Оразды алдына ұстап, сол ауылына жаңадан мешіт салды. Тарихы тоқсан тарау, ұзақ толғау ата мекені туралы жылдар көшімен бар дерегі, бар керегі ізсіз кетпесін деп «Сәуле – менің ауылым» атты құнды көркем кітап жазғызды. Соның бәріне не үшін алып-ұшады, не үшін жанталасады? Ұрпағымыз өткенін білсін, ата-бабалардың иманды жолымен жүрсін деп. Оған өзі шыққан сәулелі Сәулесі, әйгілі Біржан елі ғана емес, мұқым Көкшетаудың әр сүйем жері, қисайған тасына дейін қымбат. Көшедегі әшекей мүсіндердің өзінен қазақтың рухын, ұлттық нақышын іздеп, ол болмаса, жаны біртүрлі жүдеп қалады.
Бұл да Алланың бір бергені ғой, осы жасында Үмітжан Кәрімқызы екеуі үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Сол балапандарының бәрі ата-аналарының арқасында жоғары білім алды. Тұңғышы Қанат мемлекеттік қызметте, қалғандары – Ораз, Сағат, Толқын, Зәмзәгүлдің өз алдына айналысып жүрген бизнестері бар, яғни, осы саланың өкілдері. Бәрін тізіп жатпайын, немерелерінің үлкені Алмас, Жангелді де бұл күнде өз алдарына отау тігіп, үй болды. Алмасынан бақытты ата-әже шөбере сүйіп отыр. Бір айтарлығы, Мұрат досым мен қажы апай өз ұл-қыздарын былай қойғанда, солардан өрбіген немере-шөберелерінің де қазақы тәлім-тәрбие алуына қатты көңіл бөлумен келеді. Олардың жалғыз білімге емес, өнерге, спортқа, тіліміз бен дінімізге жетік болуына қоятын талаптары өте жоғары. Немерелерінің бәрі өнер қуған әнші, күйші, биші.
Ал, енді қажы апайдың қолынан бір рет дәм татқан адам ол кісінің асқа керемет бап екенін сірә да ұмыта алмайтын болар. Бап дегенде бәрін өз қолынан дәмдеп пісіретін таба нанын, жұмсақ тоқашын, өзі нәрін келтіретін сары май, қоспа, құрт, ірімшігін айтып жатырмын. Осының бәрі қосылғанда қазақтың нағыз ықылас-пейілі мол, кең дастарханына айналып шыға келеді. Бұл да білгенге шаңырақ берекесі, жаны ізгі адамдардың ниетіне біткен ұлтымыздың қонақжайлылығы мен жомарттығы.
Жетпіс деген жақсы жас, мәнді жас! Ол мендей дос-
ты да сөйлетеді, сол жетпістің жотасынан көрініп отырған Мұрат Ыдырысұлының өзін де тебірентіп-толғантып, тұғырындағы хас қырандай алды-артына тағы бір қырағы да жіті көз салғызады. Ал, бұл – асыл азаматтың еншісінде әлі де біз сүйсінетін игі істер, жаңа белестер сөз жоқ, болады деген сөз. Еліміз көркейіп, өз қолымыз өз аузымызға жеткен тұста, қарасын көрсетпей қоймайтын анау-мынау қиындық, кедергілерге әсте мойымай, жалғыз өзінің қарақан басын, үрім-бұтағын емес, тұтастай елдің елдігін, қазақтың қазақшылығын, тіліміздің, дініміз бен діліміздің бүгіні мен ертеңін ойлаумен келе жатқан жан досыма, қажы апайға, ұрпақтарына ұзақ ғұмыр, баянды бақыт тілеймін. Дос биігінің жемісті де жеңісті өркені осылай біздерді әрдайым қуанта берсін!..
Қайыргелді ӘКІМБЕКОВ
Астана.