Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында Астрахан ауданының әкімі Нұрлан Сейіловтің журналистермен өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне арналған брифингі болып өтті.
Соңғы үш жылда ауданда үш жарым мыңнан астам ауыл тұрғыны орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, Еңбек ауылындағы су құбыры желілерінің құрылысы жалғасып жатыр. Келесі жылы жергілікті билік 7 елді мекенге сумен жабдықтау желілерін салуға және қайта құруға ниетті. Нұрлан Сейіловтің айтуынша, аудан кәсіпорындары жыл басынан бері 5 миллиард теңгеден астам соманың өнеркәсіп өнімдерін өндірді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 35 пайызға артық. Бұл тауық етін өндіру көлемі және механикалық қырман, астық кептіру кешендерінің тұрақты және серпінді жұмысының арқасында мүмкін болды. Аудан экономикасының маңызды бағыты – шағын және орта бизнес. Кәсіпкерлерді қолдау үшін ауданда мемлекеттік бағдарламалар іске асырылып келеді.
–2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 35 миллион теңгеге 4 жоба қаржыландырылды. «Бизнестің жол картасы — 2025» бағдарламасы аясында «Вермикомпост органикалық тыңайтқыш өндірісі» жобасы мақұлданды және 5 миллион теңге несие берілді. Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға 17 кәсіпкерге 11,6 миллион теңгеге ақшалай гранттар берілді, – деді аудан әкімі.
Ауыл шаруашылығы саласында жыл басынан бері 58,5 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдер, оның ішінде 2,7 мың тонна ет, 17,9 мың тонна сүт, 6,4 дана тауық жұмыртқа өндірілді. Төрт ет фермасын құру бойынша жобалар жүзеге асырылды.
–Ауданның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері Астана базарлары мен сауда орындарына 2,5 мың тоннадан астам сүт және 1 564 тонна ет өнімдерін жеткізді. Жергілікті тұрғындарды ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету үшін азық-түлік жәрмеңкелері жиі өткізіледі. Ауданда елді мекендерді жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету жұмыстары да жалғасуда. Халықтың жайылымдық және шабындық жерлерге қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін ауылдық округтерге жалпы аумағы 11 мың гектардан астам жер телімдері берілді, – деп атап өтті Нұрлан Сейілов.
Бірақ, инфрақұрылымды дамытуда кейбір олқылықтар да жоқ емес. Биыл Жалтыр, Старый Колутон, Новочеркасск және Колутон ауылдарында көше-жол желісіне орташа жөндеу жұмыстары көзделген. Алайда, жөндеу жұмыстары Колутон ауылында аяқталмай қалды, ал, Петровка ауылында мүлде басталмаған. Бұл үшін аудан әкімі жосықсыз мердігерлерді кінәлі деп таныды. Аудан тұрғындары интернеттің үзілуіне шағымданды, бірақ, Нұрлан Сейілов астрахандықтарда дүниежүзілік желіге қол жеткізуде проблема жоқ деп сендірді.
Камила ӘБДЕЛМАНОВА.