Ауданда «Инабат» клубының бастамасымен ардақты аналар мен енелердің және жас келіндердің қатысуымен жарасымды кездесу болып өтті.
Оның басты мақсаты – отбасы құндылықтарын дамыту, татулық, сыйластық деген ұғымдарды, ене мен келіннің қарым-қатынасын өскелең ұрпаққа паш ету болатын. Бұл қазіргі таңда қоғамда қызу талқыланып жүрген тақырып болғандықтан, кездесуді осы тақырыптан бастауды жөн көрген ұйымдастырушылардың бірі Ұлболсын Асқарқызы:
– Жоспар бойынша алдағы уақытта көптеген мәселелерді көтеретін боламыз. Әке тәрбиесі, әкеден үлгі алу, әр отбасының қоғамдағы орны, психолог сұхбаты сынды көптеген іс-шаралар өткізуді ойластырудамыз. Себебі, үлкендердің өсиетімен тәжірибе жинақтау бүгінгі таңдааса қажет. Біріншіден, ене мен келін арасындағы сыйласудың өзі үлкен бір мектеп. Яғни, қатысушылар өмірде көріп-білгендерін, түйген ойларымен бөліссе екен деген мақсатты ұстанудамыз. Екіншіден, «Келіні көргенді үйдің – көңілі жайлау» деген дана халқымыз келін тәрбиесіне үлкен мән берген.Сондықтан, келіндерімізге жанашырлық білдіріп, қолдап, білмегенін үйретіп, үлкен нәтижеге жетсек, нұр үстіне нұр болар еді, – деп ой түйеді.
Кездесуге қатысқан отбасылар арасында Қайырова Зура апай келіні Гүлмирамен, Мыңбаева Шолпан апай келіні Тамарамен, Елкеева Гүлбану апай келіні Алтынаймен бірге қойылған сұрақтарға мағыналы жауаптар беріп, өнерлерін көрсетіп, бір-біріне деген жүрек жылуларын аңғартып, көпшіліктің көңілінен шығып, ыстық ықылас пен үлкен ризашылыққа бөленді.
Кездесу барысында аудан әкімі Жанболат Хамитовтың атынан Алғыс хат пен естелік сыйлықтар табыс етілді. Қазіргі таңда мұндай инабатты да өнегелі отбасылардың қатары жылдан-жылға көбейе түскені қуантады.
Өнегелі кездесудің соңы концерттік бағдарламаға ұласып, риза болған барша көрермен мен ақ жаулықты аналар баталарын беріп, әр ісіміз осылай сәтті өтсін, берекелі күндер көп болсын деп тарқасты.
Иә, келін үшін енеден артық ақылшы жоқ. Ол өз баласын бәрінен жақсы таниды, әулет адамдарының хал-ахуалынан хабардар. Бала күтімі мәселесінде де ене – ең жақсы ұстаз. Енемен барлық істе ақылдасып отыруды әдетке айналдырыңыз, тіпті, тамақ дайындау, киім, сыйлық сатып алу кезінде де пікірін сұрап тұрғанға не жетсін. Халқымыз бұл туралы «көп білгеннен емес, көп көргеннен сұра» демей ме. Ендеше, олардың тәжірибесі мол әрі баласының отбасы үшін жақсылықты қалайтын жандар екенінде дау жоқ.
Тағы бір айтарымыз, ауданда облыс көмегімен мұражай ашу да жоспарда бар. Оған осы бастан жәдігерлер де жинастырылуда. Олай болса, ертеңгі бір-бір үйдің иесі болар ұл-қыздарымыздың осындай өнегенің ұясына айналар ортадан жақсы тәрбие алып, ене мен ақылды келіннің көбейеріне сенім мол.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.
Жарқайың ауданы.