Осындай тақырыпта М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында облыстық әдебиет және өнер музейінің ұйымдастыруымен ақын, жазушы-драматург, журналист Төлеген Сыздықұлы Қажыбайдың туғанына 80 жыл толуына орай, ғылыми-теориялық конференция болып өтті. Іс-шараға өңіріміздің зиялы қауым өкілдері, жоғары оқу орнының оқытушылары мен студенттері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Биыл ақиық ақынның 80 жылдығына орай облыс көлемінде түрлі форматта 500-ден астам іс-шаралар жоспарланған. Ағымдағы жылдың 8 қарашасында бастау алған «Мен сенің өміріңнің жалғасымын» атты ақынның ұлы Аян Қажыбаевпен өткен кездесу кеші «Төлеген Қажыбайдың әдеби мұрасы: тарих пен тағлым» атты ғылыми-теориялық конференциясымен жалғасын тапты. Аталмыш конференцияның басты мақсаты ақын, жазушы-драматург, журналист Төлеген Қажыбайдың туғанына 80 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өту, қаламгердің рухани мұрасына ғылыми тұрғыда зерттеу жасау, талдау, шығармашылығы мен өмір жолын көпшілікке насихаттау болып табылады.
Сонымен қатар, жас ұрпаққа Төлеген тұлғасын тануға ықпал ету, оларды көркем әдебиетке ынталандыру, көпшілік қауымды мәдени ошақтарға тарта отырып, эстетикалық талғамдарын қалыптастыру, көркем сөзге деген қызығушылықтарын оятып, шығармашылыққа баулу да осы іс-шараның көздеген мақсаты. Конференцияны облыстық әдебиет және өнер музейінің ғылыми қызметкері Нұрболат Әлменов жүргізіп отырды. Жиынды Ақмола облыстық мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасының бас маманы Жанна Қалымқызы сөз сөйлеп ашып, жылы лебізін білдірді. Іс-шара барысында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Сәбит Жәмбек сөз сөйлеп, өз баяндамасында ақынның өлмес құндылығы сөз өнері, сан қырлы таланты туралы тарқатып айтып берді.
– Ақындар ғұмыры да пенделер ғұмыры сияқты өз заңдылығы, өз сүрлеу соқпағы, өз шығар биігі бар, өз қызығы, өз шыжығы бар ерекше ғұмыр. Осынау ақындар керуенінде, қазақ поэзиясында өз ақындық, стихиясымен, өзіндік сүрлеу-соқпағымен, өзіндік ерекшелік үнімен, өз дауысымен ерекше жарқырай көрінген сұңғат бітімді бір талант дүниеден озды. Ол талант, бүгінде арамызда жоқ, тірі болғанда биыл сексеннің асқаралы биігіне шығатын, көгілдір Көкшенің абызы атанған, елімізге белгілі көрнекті ақын, прозашы, драматург, көсемсөзші, жорналшы Төлеген Қажыбай, – деді ғалым. Шынында да, Төлеген Қажыбайдың шығармашылығын өлмес құндылыққа, мәңгілік бай мұраға баласақ әбден лайық. Оның санқырлы таланты, әмбебап шығармашылық жолы кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге екендігі даусыз.
Тағылымы мол, танымы зор жиын барысында Төлеген Сыздықұлымен мектепте бірге оқыған сыйлас, сырлас досы, филология ғылымдарының кандидаты, ардагер ұстаз Аманжол Есмағұлов сөз сөйлеп, жылы естеліктерімен бөлісті. Ал, өнер жолында рухтас, сыйлас інісі ретінде ізгі тілегімен, ыстық ықыласқа толы жылы лебізімен бөліскен филология ғылымдарының кандидаты, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары педагогикалық колледжінің директоры Нұртас Ахатұлының естеліктері ағаның ініге деген ізеті, інінің ағаға деген құрметінің көнермес үлгісіндей көңіл төрінен орын алды.
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқытушысы, PhD докторы, ақын Ерболат Баят болса, ақын шығармашылығына тоқтала отырып, тебіреніске толы толғамды ойларын ортаға салды. Ал, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, текті әулеттің тұяғы Аян Қажыбай болса, «Төлеген Қажыбайдың драматургиясындағы Хан Кененің образы» тақырыбында баяндама оқып, ғылыми-теориялық конференцияның мән-мағынасын аша түсті. Ш.Уәлиханова тындағы Көкшетау университетінің оқытушысы, PhD Гүлнәз Бөкен ақын өмірі, шығармашылығы жайлы баяндама жасады.
Жиын соңында М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры, ақын Қуаныш Оспан сөз алып, жиналғандарға жылы лебізін білдірді.
Конференцияға жиналған қауым танымды кештен тағылым алып тарқасты.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.