Ұстаз құрметіне математика пәнінен олимпиада өткізілді

Қызылсая ауылының жалпы орта білім беретін мектебінде ұлағатты ұстазымыз Аюбай Шегірұлы Шегіровтың құрметіне математика пәні бойынша бастауыш сыныптар арасында бірінші аймақтық олимпиада өтті. Ұзақ жылдар аралығында  Қызылсая орта мектебінде еңбек еткен ұлағатты ұстаз, білікті математик Аюбай Шегірұлын бүкіл ұжым болып әлі күнге мақтан етеміз.

Сол ұстазымыздың көп жылдық еңбегін елеп, болашақ ұрпаққа үлгі, өнеге болсын деген мақсатпен ұйымдастырылған олимпиадаға 11 мектептен 29 оқушы қатысты. Шара 2-4 сыныптар аралығында өтті. Алдымен, Қонысбай жалпы орта білім беретін мектебінен Шәріпхан Бақытнұр, Бірлестік жалпы орта білім беретін мектебінен Бибігүл Нұрмағамбетова, Қызылсая жалпы орта білім беретін мектебінен Гүлжанат Аққошқарова құрамына кірген арнайы комиссия тағайындалып, олимпиаданың салтанатты түрде ашылуы өтті. Қысқаша Аюбай Шегірұлының өмірбаяны таныстырылып, ұлы Жұлдыз Шегіровқа сөз берілді. Мектеп директоры Болат Рахымжанов құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Қатысушылар әр сыныпқа бөлек отырғызылып, олимпиада өтуіне бір сағат уақыт берілді. Комиссия мүшелері бір қолдан олимпиада жұмыстарын тексеріп қорытындысын шығарды.

Қорытындылай келе, бірінші орынға ие болған 2 сынып оқушылары Еркін Бейбарыс Сейфуллин жалпы орта білім беретін мектебі, Майра Қазали Қызылсая мектебі, Әмина  Серікбаева Бірлестік мектебінен болса, үшінші сынып  оқушылары арасында Симферополь жалпы орта білім беретін мектебінен Асылбек Мүсілім, Қонысбай мектебінен Айша Еркешқызы жеңіс тұғырына көтерілді. Сондай-ақ, төртінші сынып оқушылары арасында жеңіске жеткен Мәлика Ғалиева Қонысбай ауылының жалпы орта білім беретін мектебі,  Жанель Смайылова Бірлестік ауылының жалпы орта білім беретін мектебінен екенін де айта кеткен жөн. Екінші орынға ие болған оқушылар Әмір  Сәлім Гранитный кентінің негізгі орта мектебі, Эмир Қалел Васильковка ауылының негізгі орта мектебінің мерейін үстем етсе, үшінші сынып оқушылары Әмір Сұлтанбек Жолдыбай ауылының негізгі орта мектебі, Әсел Есенғазы Васильковка ауылының негізгі орта мектебі, Амандос  Әлібек  Қызылсая ауылының жалпы орта білім беретін мектебінің намысын осы жүлделі екінші орындарымен ойдағыдай қорғай білді.

4 сынып оқушылары арасында екінші жүлделі орыннан көрінген Мағауия Ұзақбайұлы Дөңгілағаш ауылының негізгі орта мектебі, Рахметжан Жұмажан Сейфуллин ауылының жалпы орта білім беретін мектебі, Әмина Дүйсен Қызылсая ауылының жалпы орта білім беретін мектебінің оқушылары. Үшінші орынға ие болған оқушылар Сырым Ақылбеков Симферополь, Елхан  Дәуренбек Жолдыбай, Жанель Ұлсайытова Дөңгілағаш, Шахрезада Сұлтанбек Бұлақ, Арлан Құдайбергенов Васильковка, Жансұлу Бақытбек Симферополь негізгі және жалпы орта білім беретін мектептерінің шәкірттері. Бұл оқушылардың бәрінің есімдерін айтып жатқанымыз, күні ертең араларынан белгілі математик ғалымдар шықпасына да кім кепіл?! Талаптың өрге жүзуі осындайдан басталмай ма?! Жеңімпаз және жүлдегер оқушыларға грамота мен сыйлықтар берілген олимпиада өте жоғары деңгейде өтті. Демеуші болған Аюбай атамыздың ұрпақтарына, олимпиада қатысушыларына, шараны музыкамен әрлеген Айсұлу Жауарқызына және шәкірттеріне, жалпы, Қызылсая мектебінің ұжымына алғысымызды білдіреміз. Аюбай атамыздың құрметіне арналған олимпиаданы жыл сайын ұйымдастыру жоспарлануда.

Асқар КӘДЕНОВ,
Қызылсая жалпы орта білім беретін мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі.

 Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар