Ән – Арманның өмірі еді

Мен Арман қайтыс болғанда қазасында бола алмап едім. Ұлым Ерланның үйінде Астанада тұрып жатқанмын. Оның үстіне коронавирус елді жайлап тұрған. Жер астында 11 жыл істеген еңбек өтіліме байланысты Васильковка алтын комбинатынан зейнет демалысына шығып, облыстық мәдениет басқармасының халық шығармашылығы бөлімінде ән лабораториясын ашқан кезім болатын. Мен сонда композитор Арман ініммен таныстым. Ол білімді музыкант, балалар шығармашылығымен айналысып, соларға ән жазып, концерттерге қатыстырып жүрді. Бірде Көкшетау облыстық мәдениет басқармасынан Нұргүл, Зәуре атты қыздар келіп: «Сара Назарбаеваның қолдауымен республика бойынша «Бөбек» қорының ән фестивалі жүріп жатыр, соған біздің Арман Ищанов ән шығарды, енді сөз мәтіні керек» деді. Ақылдасып, қолға алып, бір күннен кейін «Айналайын» деген ән мәтінін дайындап бердім. Бүкіл Қазақстанның облыстарын аралап келген комиссия: «Мына «Айналайын» әні бәрінен де үздік шыққан ән екен!» деген ұйғарымға келіп, Алматыда өтетін қорытынды фестивальдің гимні қылды, әннің өзі бірінші орынды жеңіп алды. Арман да сол фестивальға барды. Мен Арман үшін қуанып қала бердім. Артынан Нұргүл атты қызым айтып отыр: «Мен «Айналайынды» қайта-қайта айтуға қарсы шықтым, өйткені, сіздің ән мәтініңіз басқа біреуге, гурьевтік ақсақалға беріліп, оған авторлық гонорар төлеген» деп. Бірақ, артынан әндерімді өзім «Иран сал әндері» деген атпен кітап қылып, ноталарымен шығарып, Алматыдағы республикалық авторлық мекемеге тапсырдым. Сол кітаптағы 130 әннің ішінде менің сөздеріме шығарған Арманның сегіз әні бар.

«Айналайын» деген ән Арманның биік авторлық шыңы, жас ұрпақтың, тәуелсіз еркін елдің арманы, мәңгі шырқалатын әуен-жыр. Белгілі де ардақты тұлғамыз Кәкімбек Салықов марқұм айтып кеткеніндей: «Менің сегіз әніме сексен көлдей толқытып ән шығарған» Арман інім топырағың торқа, жатқан жерің жайлы болсын, есімің мәңгі ұмытылмайды ел алдында.

Арман шын мәнінде талантты композитор еді. Жалғыз балаларға ғана арналмаған оның әндері. Міне, сол «Иран сал әндері» атты кітабымдағы мен сөзін, музыкасын Арман жазған әндер: «Айналайын, «Балбөбек», «Ақмола-Көкше», «Бурабай-Көкше», «Кең дала», «Балақаны елімнің», «Ардагер», «Нағашы». «Айналайында»:

Екі ғасыр арасымын,

Екі көздің қарасымын.

Қазақстан болашағы,

Тәуелсіз ел баласымын!

 

Жаңа өмірдің арнасымын,

Елге арналар бар асылым,

Өнер-білім жолын қуған,

Ата-баба жалғасымын!

 

Би билейік, айналайын,

Күй күйлейік, айналайын.

Көркем сөздің көркін ашып,

Тамылжытып ән салайын.

Айналайын, айналайын, айналайын! – деп ән өрлей кете береді, ұрпақтың толқынымен, ұлттық нақыш тегеуірінімен, ата-баба бақытқа шақыратын ұранымен!

Арман інімнің басқа әндерін де насихаттау керек. Мысалы, «Ақмола-Көкше» деген әнінде мына өлең жолдары адамды тебірентпей  қоймайды:

Арқада Астанамыз нұрын шашты,

Ақмола Көкшетаумен құшақтасты.

Желбіреп тәуелсіздік нұрлы туым,

Елдігім болашаққа қадам басты.

 

Зеренді, Ерейментау, Оқжетпесім,

Тебіреніп қолдағандай өмір көшін.

Қорғалжын, Қоржынкөлім, сексен көлдер,

Толқындай толтырар ел несібесін…

 

Мына «Бурабай-Көкше» әнінде де:

Көңілдің мәңгі жазы,

Сал-сері сәнді сазы.

Көкшетау – тәңірім,

Жүректе ән-жырым.

Сұлулық таңғы назым.

Әрі қарай:

Қазақтың жаз жайлауы,

Елдіктің ақ жайлауы.

Нұрланған ажарым,

Тарқамас базарым.

Көкшетау – жер жұмағы.

Серігі Астананың,

Жүрегі Ақмоланың.

Қонағын қарсы алған,

Достыққа жар салған.

Көкшетау асқақ әнім!

«Кең дала» деген әнінде Арман тағы асқақтайды:

Тұлпар – заман мінгенім,

Сұңқар ұлмын Арқадан.

Болашақты еркіндік,

Игеруге жар салам.

Ауыздықпен алысып,

Шығам озық ортадан.

Жаңа ғасыр елдікті,

Жүйткіп желдей қарсы алам.

Ата-баба аруағы

Ұрпақтарын қолдаған!

Арманнан әннің тақырыбына тапсырыс алып, соны жазып әкелетінмін. Ол көріп арасына өз ойларын, үндерін де қосып қояды.

Мысалы, осы «Кең даланың» қайырмаларын:

Ее-ей!

Қарсы алам,

Жар салам

Сұңқар ұлмын Арқадан!

 

Ее-ей!

Мен балаң,

Бозбалаң,

Ата-баба қолдаған!

 

Ее-ей!

Кең далам,

Толғанам,

Асқақтасын салған ән! – деп екеулеп қырладық.

Арман ірі ел тұлғаларына да ән шығарды. Мысалы, нағашысы, Көкшенің асыл ардагері, Ұлы Отан соғысына қатысқан Бүркітбай ағаға «Ардагер», «Нағашы» деген әндерін атауға болады. Сөзімнің соңында айтарым, Арман өте дарынды жас еді. Тағдыр ерте әкетті бұл өмірден, берері көп еді. Артының қайырын берсін.

Айналайын, айналайын, Арман!

Жаралғандай ән нұрдан.

Қасиетін жалғап Көкшенің,

Айбынды ұрпақ топ құрған.

Сағынады сені елің,

Сағынады сені Иран!

«Айналайыныңды» ән қылып,

Айтып жүрер ұрпақ мәңгілік!

Арман әндері өзінің балалық балдәурен сенімді әуенімен, үнімен тәуелсіз елімнің мәңгілік бір мұрасы болып қала берері анық.

Иран ТАСҚАРА,
ақын, әнші-композитор, тау-кен инженері. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар