Футболдан әлем біріншілігі мәресіне жақын

Сонымен, Катарда өтіп жатқан әлем чемпионаты тарихта ең жақсы ұйымдасырылған чемпионаттардың бірі ретінде есте қалғалы тұр. Жан-жақтан осында ағылған он мыңдаған жанкүйерлердің пікірлеріне сүйенген дүние жүзінің бұқаралық ақпарат құралдары осылай жазуда. Бұл – чемпионат иелеріне ең қымбатқа түскен, сонымен бірге, біріншілік қонақтары үшін барлық жағдайлар ескерілген біріншілік болып отыр.

Ал, енді доп додасының тікелей өзіне келсек, ә дегенде жарысты бастаған 32 құраманың тең жартысы өз топтарынан 1/8  финалға, яғни, плей-оффқа шыққан болатын. Олар А тобында Нидерланды мен Сенегал, В  тобында Англия мен АҚШ, С тобында Аргентина мен Польша, Д тобында Франция мен Австралия, Е тобында Испания мен Жапония, F тобында Морокко мен Хорватия, G тобында Бразилия мен Швейцария және Н тобында Португалия мен Оңтүстік Корея.

Бұл құрамаларға өз топтарынан топ жару оңай болмады. Мәселен, Е тобында осы әлем чемпионатының басты қаһармандарының бірінен саналған Германия үш ойында бір-ақ  ұпаймен плей-оффтан тыс қалды. Бұған дейін әлемдік додалардың тарихында төрт мәрте жеңіс тұғырына көтеріліп, басқалардан бір мойын озық тұрған неміс футболшыларына қазір елінде айтылып жатқан сын қаһарын ешбір құраманың басына бермесін. Плей-оффқа өтуден Еуропа елдерімен бірге, Оңтүстік Америка, Африка мен Азия елдерінің құрамалары да сырт қалмады. Бұл нені көрсетеді? Мың сиқырға балайтын аяқ доптың соңғы жылдары бүкіл дүние жүзінде жақсы дамып келе жатқанын. Араға төрт жыл салып барып өтетін келесі әлем чемпионатының финалдық кезеңінде қазіргідей 32 құрама емес, 48 құрама күш сынасатын болады деген әңгіме де содан шығып отыр. Ол әлем біріншілігі бірден үш елде өтпекші.

Ал, енді тағы да осы біріншілікке оралсақ, әсіресе, Азия құрлығынан Жапония, Оңтүстік Корея құрамаларының, Африкадан Морокко сияқты елдерден өз жолында небір дүлдүлдерге жол бермей,  плей-оффтан бір-ақ шыққанын ерекше атап өтуге болады. Бұл сөзіміздің шындық екенін Жапонияның топтық кезеңде Испанияны 2:1 есебімен, ал, Оңтүстік Кореяның құрамында К.Роналду бар Португалияның өзін дәл осындай есеппен омақаса асырып барып, 1/8 финалға жолдама алулары айғақтай түседі. Чемпионат өз мәресіне жақындаған сайын елдің аузында бұл жолы әлем кубогын қай құрама иеленер екен деген бір ғана сауал жүргендей. Футбол сәуегейлері мен білгір мамандардың көбі аяқ доптың Отаны Англия мен Францияны, сондай-ақ, биылғы дайындықтарында мін жоқ сияқты көрінген Бразилияны атауда.

Обалы нешік, әзір бұл үздіктер де соған сай өнер көрсетуде. Айталық, басталып кеткен плей-офф ойындарында Франция 3:1 есебімен Польшадан басым түссе, Англия Сенегалды сенімді түрде жарыстан тыс қалдырды. Бұл матчтағы есеп 3:0. Ал, одан бұрынғы ойындарда Нидерланды АҚШ құрамасының қақпасына 3 доп соғып, өздеріне бір ғана гол жіберіп алды. Сондай-ақ, Аргентинамен теке-тіресте жасыл құрылықтан келген Австралияның да жолы болмай, 2:1 есебімен тізе бүгулеріне тура келді. Бірақ, соңғы құраманың талай «сен тұр, мен атайын» деген елдердің ішінен ақтық финалға шығуының өзі-ақ кез-келген футбол жанкүйерлерінің ризашылығын туғызғандай. Өйткені, құрамада көп ілгерілеу барын австралиялықтардың ойынын тамашалағандар айтқызбай-ақ сезген болар.

Осы күндері Катардағы футбол марафоны одан әрі қызғалы тұр. Алдымен, Жапония-Хорватия, одан соң Бразилия-Оңтүстік Корея кездеседі. 1/8 финалды Морокко-Испания, Португалия – Швейцария аяқтап, мойыны озық сегіз құраманың бәрі ширек финалға ойысады. Әзірге әлем чемпионатының үздік сұрмергені де белгілі. ол – бүгінге дейін қарсыластар қақпасына 4 доп соққан франциялық Килиян Мбаппе.

Сөзді соза беріп қайтеміз, одан да кеш демей, түн демей, көгілдір экраннан қалған ойындарды тамашалайық. Өйткені, дүбірлі доп додасы мәресіне жақын. Ғажап футболшылардың ғажайып ойындарын өткізіп алып, өкініп қалармыз.

Қ.КӘКЕНОВ.   

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар