Жарқын бейнесі мен есімі ескерткіш тақтада тұрады

Көкшетауда облыстық «Көкшетау правдасы» газеті редакторының орынбасары, КСРО Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі, қоғам қайраткері Хакімтай Қасымұлы Әміров тұрған үйдің қабырғасына мемориалдық тақта орнатылды.

Бұл игі іс Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жабал Ерғалиев бастаған жанашыр қауымның, отбасы мүшелерінің ұйытқы болуымен және қолға алуымен іске асты. Осыған орай өткен жиынға ағамыздың 1956 жылдан бергі өмірлік серігі, асыл жары Күләндаш Омарқызы мен балалары, туған-туыстары мен қаламдас әріптестері қатысты. Жиында ардагер журналист жайлы естеліктер айтылып, оның кәсіби біліктілігі мен адами қасиеттері тілге тиек етілді.

Хакімтай Әміров 1930 жылы 5 желтоқсанда Көкшетау облысының «Жамантұз» кеңшарында дүниеге келген. Ол атасы Жұманов Әмір мен әжесі Жұманова Асылдың қолында өсіп, тәрбиеленген. Әкесі Әміров Қасым ауқаттыларды тәркілеу кезінде, 1932 жылы жазықсыз жаланың салдарынан Ташкент қаласына жер аударылып, сонда жазасын еңбекпен өтейді. Ал, анасы Үндеш екі жасар баланы ата-енесінің қарауына қалдырып, төркініне кетуге мәжбүр болған. Тумысынан дарынды Хакімтай аға жеті жылдық мектептің бір жыл ішінде екі сыныбын  бітірген. 1948 жылы Көкшетау қазақ педагогикалық училищесін тәмамдап, бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек еткен.

1956 жылы Күләндаш Омарқызы Белгібаевамен отау құрып, шаңырақтарында Асқар, Алмажан, Алтай, Жұлдыз, Миуагүл, Бақыт, Қарагөз және Еркебұлан атты ұл-қыздары дүниеге келеді. Қазір Хакімтай ағаның көре алмай кеткен он тоғыз немересі мен он жеті шөбересі бар.

1958 жылы шілде айында Көкшетау аудандық партия комитетінің ұйғарымымен аудандық «Коммунизм үшін» газетіне жұмысқа жіберіледі. Мұнда ол секретариат қызметкері, бұдан кейін ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі болып істеді. Ал, 1961 жылдан бастап 1962 жылдың шілде айына дейін газеттің жауапты хатшысы қызметін атқарды. Осы кезеңде, журналист Хакімтай Әміров өз туған өлкесінің патриоты бола жүріп, ауданның түрлі кәсіпорындары жауапты қызметкерлерінің өз міндеттеріне салғырт қарауы мен іске қырсыздығы фактілерін әшкерелеп, бұл туралы газет беттерінде сыни мақалалар жариялап тұрды. Осындай өткір де көкейкесті материалдардың нәтижесінде аудандық партия комитеті мен атқару комитеті кінәлі адамдарға тиісті шаралар қолданып, халық шаруашылығы саласындағы көптеген кемшіліктерді жолға қойды.

1966 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тіл және әдебиет факультетін сырттай бітірді. Ал, 1969 жылғы тамыз айында осы ауданның Климовка мектебінің директоры болып тағайындалды. Одан әрі Щучье қазақ мектеп-интернатына директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне жіберілді.

1971 жылы баспасөз саласына қайтып оралып, сол жылғы желтоқсан айында облыстық «Көкшетау правдасы» газетінің Щучье және Еңбекшілдер аудандарындағы меншікті тілшісі болып тағайындалды. Үш жылдан кейін облыстық партия комитеті бюросының шешімімен және газет редакторы, жазушы Жанайдар Мусиннің қамқорлығымен облыстық газет редакторының орынбасары және редколлегия мүшесі болып тағайындалған ол бұл ұжымда өмірінің соңына дейін қызмет істеді.

Мемориалдық тақтаны салтанатты ашу рәсіміне қала басшылары, замандас әріптестері, туған-туыстары мен жерлестері қатысты. Шараны ардагер қаламгер, Қазақстанның құрметті журналисі Балталы Сәрсенбаев ашып, жүргізді.

«X.Әміров редакцияда істеген жылдары өзін тек жақсы жағынан көрсете білді. Оның өзіне де, өзгеге де жоғары талап қою білуі – басты қасиеті еді». Ол туралы жиынға қатысқан әріптес інісі, сатирик жазушы Сайлау Көшкенұлы да осындай жоғары баға берді.

Алматы қаласынан әріптес інісі Қорғанбек Аманжол мен шәкірті, Балжан Қабдинаның жылы лебіздері жеткізілді. Облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы Қайырбай Төреғожа да ол кісінің еңбектегі адалдығы мен талапшыл қасиеттеріне ерекше тоқталды. Жиынға қатысқан туған-туыстары ұйымдастырушылар тарапынан алғыстарын білдіріп, жүрек жарды тілектерін айтты.

Ғұмыр жолы қысқа болғанымен, Хакімтай Қасымұлы Әміров үлгі мен өнегеге толы жарқын өмір сүрді, елі мен халқына адал қызмет етіп, артына өшпес із қалдырды. Екі мәрте жүрек талмасына душар болып, денсаулығының әлсірегеніне қарамастан сыр бермей, өмірінің соңғы күніне дейін балалары мен немерелерінің бақыты үшін, туған өлкесінің ойдағыдай дамуына үлес қосу үшін еңбектен қол үзбеді. Оның Қанай бабасы салған ізбен өткен өмір жолы жастарға үлгі етуге, еліктеуге тұрарлық. Хакімтай ағадай асыл азаматтың бейнесі оны білгендердің жүрегінде мәңгі сақталатынын осы бір игілікті іс-шара тағы бір көрсетіп берді.

Камила ӘБДЕЛМАНОВА.

Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар