Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ел ерін ерін ардақтады - АРҚА АЖАРЫ

Ел ерін ерін ардақтады

Таяуда облыс орталығындағы «Достар» мәдениет сарайының алдында заманында КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Еңбек Қызыл ту орденінің иегері атанған көкшелік тұлға Төлеу Сүлейменовке ескерткіш орнатылды.

Төлеу Сүлейменов Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Айыртау ауданындағы жақсылар ұшқан жасыл тау – Сырымбеттің етегіндегі осы тау аттас елді мекенде дүниеге келген. Еңбекке ерте араласқан. Тұла бойындағы еңбекқорлық, адалдық, іскерлік қасиеттерімен ат жалын тартып мінісімен көзге түскен. Қамысақты машина-трактор паркіне басшылық етіп, мол тәжірибе жинақтап, ел игілігіне зор үлесін қосқан. Кейін Көкшетау облыстық астық өнімдері өндірістік басқармасының басшысы болып қызмет еткен кезінде астықты өңірдің осы саласының дамуына ықпал етті.

Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтын тәмамдағаннан кейін бар саналы ғұмырын ақық дән аялаған даланың тыныс-тіршілігіне арнаған тұлға. 1954 жылы 28 жасында КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Еліне сіңірген ерен еңбегі ескеріліп, 2002 жылы Төлеу Сүлейменовтың есімі элеватор аумағындағы бұрынғы Правда көшесіне берілді.

–Бүгін қасиетті Көкше өңірі үшін айрықша маңызды күн, – деді облыстық мәслихаттың хатшысы  Талғат Жүнісов, – еселі еңбегімен ел мерейін көтерген ерлердің есімдері ұмытылмауға тиісті. Бұл адамдар еліміздің жылнамасын өздерінің адал еңбектерімен жазған тұлғалар. Абыройлы ісі, өнегелі өмірі кейінгі ұрпаққа темірқазық нысана болуға тиісті.

Ескерткіштің ашылу салтанатында Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса, еңбек ардагерлері Владислав Косарев, Айдар Мурзин, Төлеу ағаның туған інісі, ел ағасы Болат Жанәділов сөз сөйледі. Аға буынның көкіректерінен шыққан көрікті сөз адал еңбектің бағасын білу, еңбек адамдарын құрметтеу аясында өрбіді.

Салтанатты рәсім соңында Төлеу ағамыздың тау тұлғасын туған елімен табыстырған ескерткіштің бауырына гүл шоқтары қойылып, ерлік дастанын жазған ердің ұлық бейнесіне тағзым етілді.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар