Күні кеше «Астана-Бурабай» бағытында мерекелік вагондар тіркелген электр пойызы жолға шықты. Арнайы брендтелген екі вагон күн сайын Астана-Көкшетау электр пойызымен қатынайтын болады. Вагондардың интерьерін қазақстандық қолөнершілер безендірді. Сәндік паннолар мен киізден жасалған көпшіктерден жаңа жыл мерекесінің лебі сезіледі. Жалпы,Бурабайда туристерді қандай қызық күтіп тұр? Енді соған келейік.
Қыс маусымына орай Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасына қарасты «Бурабай даму» мекемесі туристік операторлармен бірлесіп, ертегі пойыз кестесіне ыңғайлап отбасылық демалыс үшін арнайы бір күндік турларды ұйымдастырып отыр. Атап айтқанда, тур бағдарламасы аясында Аяз атаның «BurabayLand» ойын-сауық саябағындағы резиденциясына бару, бұғы жеккен шанамен, итшанамен, атшанамен, квадроциклмен серуендеу, сноуборд тебу және карусельмен тербелу қарастырылған. Сондай-ақ, мұз қалашық пен Бақсының ауылы, лазертаг, қарда жүретін көлік, «бананмен» сырғанау және басқа да қызықтар бар. «BurabayLand» отбасылық паркі күн сайын сағат 11:00-ден 20:00-ге дейін үзіліссіз және демалыс күндерінсіз жұмыс істейді.
Ал, жаңа жылдық электр пойызы қаңтар бойы жүреді. Экспресс күн сайын таңғы сағат 06:03-те «Нұрлы жол» вокзалынан шығып, 09:57-де Бурабай курорты станциясына жетеді. Кері қайтатын рейске туристік пойыз сол күні сағат 19:15-те аттанып, Астана-1 станциясына сағат 22:18-де, «Нұрлы жол» вокзалына сағат 23:00-де келеді. Бұл – Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасына қарасты «Бурабай Даму» серіктестігі, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы және «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы бірлесіп қолға алған жоба.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Бурабай ауданы.